Атырау облысы Сарайшық ауылында 14 мамыр, сағат түнгі 01.20 шамасында бұрынғы жерасты құбыры болған орын жарылып, салдарынан бөгеттен су кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Археологиялық қазба орнына жақын жердегі бөгет астынан бұрынғы жерасты құбыры болған орын жарылған.
Бөгет бойында түнгі кезекшілікте жүрген азаматтар ауылға төнген қауіп жөнінде дабыл қақты. Оқиға орнына ауыл тұрғындарымен қатар аудан, Махамбет ауданы әкімі Қайрат Нұрлыбаев жетті.
Шұғыл түрде 11 техника мен жергілікті азаматтар жұмылдырылып, бөгет жанына құм төгіліп, ағын суға тосқауыл қойылды.
Шұғыл шаралар нәтижесінде ауылға су кіру оқиғасы болған жоқ. Қазіргі уақытта қосымша бөгет соғылуда.
Айта кетейік, Сарайшық ауылдық округіндегі бөгеттің ұзындығы 13,6 шақырым. Оның ішінде бөгеттің 5,4 шақырымы қайта жаңғыртылған қолданыстағы ескі дамбы. 8,2 шақырым бөгет жаңадан соғылды.
Махамбет ауданына қарасты Сарайшық ауылында 506 үй, 2 972 тұрғын бар.
Баян Жанұзақова, Атырау облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.