Жиырмасыншы ғасырдың үшінші он жылдығы қазақтың жадында ешқашан ұмытылмастай қалды.
«Сендер жаусыңдар!». Репрессия жылдары атылып кеткен күйшілер
2,359
оқылды

Ел бастағандар қуғын көріп, көбі атылды. Атылмай қалғаны итжеккенге айдалды. Ол жақтан азы ғана оралды. Қуғындалғанның ішінде қазақ өнерінің майталмандары да болған еді.

Репрессия көрген әнші мен күйші туралы сөз қозғалса тоқтамай ұзақ айтуға болады. Өйткені қазақтың дәстүрлі музыкасына жаңа бағыт әкеліп, өз жолын қалыптастырғандардың ішінде 30-жылдардың салқынын сезгендері бар. Ал солардың соңынан еріп, рухани байлықты насихаттағандардың саны тіпті көп. Сондықтан осы мақаланы жазу алдында өнерпазды таңдау қиынға соқты. Десе де күйшіліктің қос қанатындай болған шертпе мен төкпе күйдің екі шеберіне ғана тоқтайық деп шештік. Әрқайсының бергені аз емес еді, бірақ берері тіпті көп болатын.

«Көкейімде күй қалып бара жатыр…»

Арқа даласына отызыншы жылдар қайғы-қасіретімен келді. Басқасын айтпағанда, алақандай бір ауданның өзі астан-кестен болып кетті. Бұл қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданы еді. Бүгінгі таңда ғалымдар бұл жайлы «Шет қасіреті (трагедиясы)» деп зерттеу еңбектерін жазып жүр. Осы аласапыранды көргендердің ішінде күйші Әбди Рысбекұлы да бар.

Әбди күйші 1868 дүниеге келген екен. Қыздарбек күйшінің шәкірті, Ақмолда, Сембек, Мақаш, Ахметжан, Кәрібек сынды өнерпаздарды біріне іні, біріне дос болып күйші ретінде қалыптасады. Арқа даласына әйгілі Тәттімбет, Тоқа күй мектебінің мұрагері болып танылады.

 

Жазушы, этнограф Кәмел Жүністегінің (1939-2023) қолында Әбди күйшінің домбырасы. «Таңшолпан» бағдарламасынан (2018 ж.) скриншот.

Әбдидің алғашқы сотталғаны 1929 жыл екен. Себеп – ескіліктің көзі деп есептелген шертпе күйді шертіп жүргені. Бұл жайлы күйші Дәулетбек Садуақасұлы (1938-2009) «Қазақтың 100 күйі» бағдарламасында айтқан. (Бағдарлама 2005 жылдары жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілген).

1929 жыл Шет ауданы алғаш құрылып жатқан уақыт. Сол кезде ауданда Қызылөспе деген жер болыпты. Әбдиді сол жердің түрмесіне апарып қамайды. Ол уақытта сол жердің милиция бастығы Дәулетбек Садуақасұлының атасы екен. Ол түн ішінде Әбдиді үйге алдырып, күй шерткізіп, таң ата қайта апарып жауып қояды. Бір күні әлгі бастық ебін тауып, Әбдиді қашырып жіберіпті. 

Бір жылдан кейін Әбдиді қайта ұстап, бүгінгі Ақсу-Аюлы деген жерге апарып жабады. Ол уақытта қамалғандар босқа жатпасын деп, отын шаптырады екен. Сондай бір күні Әбдидің туған қарындасы атпен шауып барып, ағасын алып кетеді. Осы жолы да аман қалады. Бірақ келесі жылы бір жерде қонақ болып отырғанда, қаруланған әскер кіріп, Әбдиді қайта алып кетеді. Осыдан кейін түрмеден шықпапты.

Әбди жайлы Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» еңбегінде былай дейді: «Әбди өз жанынан көптеген сазды күйлер шығарған. Алайда бүгінгі күнге оның «Қарғыс», «Зар қосбасар» атты екі-ақ күйі жеткен». Ел арасында «Зар қосбасар» күйінің шығуы жайлы келесідей аңыз бар.

1931 жыл. Үкіметті жақтағандар Әбдиді ұстап алып, сол ауылдағы түрмеге жабады. Ол кезде темір тор қайдан болсын?! Түрме дегені – бір бос тұрған киіз үй. Есік алдында тұрған күзетшілері де араласып жүрген адамдар. Соның біріне: «Осы ауылда Әбікен деген жігіт бар еді. Шақырып жіберіңдерші. Көкейімде күй кетіп барады, үйретіп кетейін» деген екен.

Әбікен келгенде домбырасын алып, бір жаңа күй шерте бастайды. Күй аяқталғанда «ұқтың ба?» дегендей қарағанда Әбікен «Ақке-ай, тағы бір рет шертіп беріңізші» десе керек. Домбыра қайта күңіреніп кетеді.

 

Несіп Әбдірахманова күйші Әбікен Хасенұлына арналған жинағында келесідей жазады: «... Сол күні кешке шер көкірек Әбди атылады. Күй Әбікеннің көкірегінде кетеді. Осы күйді Әбікен Хасенұлы отыз жылдай жасырып тартып келіп, өмірден қайтарында ғана Әбдидің аманатын «Әбдидің қосбасары» деген атпен күй табаққа жаздырып кетеді».

Затаевич риза болған күйші

Ахмет Жұбанов алғаш оркестр ұйымдастырмақшы болғанда жан-жақтан мықты өнерпаздарды жинай бастайды. Туған жеріне емес, қолындағы өнеріне қарай іріктелген әнші-күйшілер қазақтың дәстүрлі музыкасындағы алғашқы кәсіби музыканттар атанды. Осылардың ішінде Махамбет Бөкейханов есімді күйші де бар еді.

Махамбет Бөкейханов төре тұқымы, Бөкей ханның тікелей ұрпағы болатын. Немере ағасы атақты күйші Дәулеткерей Шығайұлы. Күйшілік өнерді Дәулеткерейдің баласы Салауаткерей мен сол елдің атақтысы Мақар Жапаровтан үйренеді екен. Дәулеткерейдің күйлерін насихаттағанда Махамбетпен қатар, оның аға-інілері Науша, Ғабдолхәкім Бөкейхановтардың есімі қатар айтылады. Бүгінгі Құрманғазы атындағы қазақ оркестрінің негізін салушылардың бірі, алғашқы мүшесі.

Бізге Махамбет күйші жайлы жеткен мәлімет көп емес. Wikipedia-да 1890 жылы Бөкей Ордасы Орал ауданы Шоңай көлі деген жерде туған деп жазылған. БҚО ҰҚК департаменті жария еткен мәліметке сәйкес, Махамбет Бөкейханов 1928 жылы 24 қыркүйекте ұсталып, Кеңес Одағы заңының 58-бап 10-тармағы (контрреволюциялық жұмыстар) бойынша сотталып, үш жылға жер аударылған. Жаза өтелген соң, Алматыға барады. Ол жақта 1933-1937 жылдары Музыкалық драма техникумының (қазіргі Алматы музыкалық училищесі) жанындағы қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жетілдіру шеберханасында қызмет етеді.

 

А. Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағында Дәулеткерейдің «Қос ішек» күйін жеткізген Махамбет Бөкейханов деп жазылып тұр.

Жалпы Махамбет күйші жайлы Ахмет Жұбановтың бірді-екілі шағын жазбасы демесеңіз, А. Затаевичтің пікірінен басқа ештеңе жоқ. Ол өзінің «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағындағы түсініктемесінде келесідей жазады: 

«Махамбет Бөкейханов (бізге мәлімет берген) Ғабдол мен Хабир Бөкейхановтардың ағасы, көрнекті домбырашы, 1922 жылы қайтыс болған Мақар Жапаровтың шәкірті.

Салмақты, көп сөйлемейтін орта жастағы адам қолына домбырасын алғанда ашыла түседі. Мен Бөкейхановтардың жайлауы «Қарағайда» екі апта жатып, одан 28 күй жазып алдым. Басында қиын болғанымен, уақыт өте бір-бірімізді жақсы түсініп, аз уақытта мол дүние жазып шықтық». 

Дәулеткерейдің күйі «Қос ішек». Тартушы – Шәміл Әбілтай.

 

Махамбет Бөкейханов 1937 жылы Алматыда музыка техникумында жұмыс істеп жүрген кезінде қайта ұсталып, сол жылдың 1 желтоқсанында үкім шығып атылады. Сүйегі Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы бауырластар зиратында жатыр. 1957 жылы ақталды.

Бұған дейін  Елін қорғаған батырларға арналған күйлер туралы жазған болатынбыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.