Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы «Жанкент Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қуаты жылына 5 000 тонна күріш өңдейтін бірегей зауытты іске қосты.
Қазалыда жылына 5 000 тонна күріш өңдейтін зауыт іске қосылды
1,251
оқылды

Аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі бірегей жобаның жалпы құны 501 млн теңгені құрайды. Оның 155,2 млн теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан алынса, қалған 345,8 млн теңгені  серіктестік өз есебінен қаржыландырған. Өндіріс орнында  10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.  Қазіргі таңда ақталғаш күріш елімізден бөлек Ресей, Украина, Өзбекстан елдеріне экспортталуда.

 

Серіктестік директоры Әнуар Абыхановтың айтуынша, негізінен «Жанкент Агро» серіктестігі 2021 жылы құрылған. Шаруашылық  күріш, жоңышқа дақылдарын егумен айналысады.  Биылдың өзінде 292 гектар жерге күріш дақылын егіп, суға бастырыпты. Шаруашылықта 35 адам еңбек етеді. 

Жалпы, биылғы жылға Қазалы ауданы бойынша барлығы 17 377 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Соның ішінде дәнді дақылдар 6 637 гектар, майлы дақылдар 65, картоп, көкөніс, бақша 2384, мал азықтық дақылдар 8 291 гектар болса, сыр салысы 6 200 гектарды алып жатыр.

 

Көктемгі егіс сызбасын даярлау барысында әртараптандыру бағытындағы жұмыстарға да ерекше мән беріліп отыр. Бұл тұрғыда өткен жылмен салыстырғанда жаздық бидай – 81, жаңа жоңышқа – 126, ескі жоңышқа 112 гектарға артық егілген. Ал негізгі дақыл  – күріштің көлемі 250 гектарға азайған.

Сонымен қатар  азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында картоп, көкөніс, бақша дақылдарын қосымша егу үшін 146 гектар жерге барлығы 281 адам бірігіп, дән себу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 15 гектар картоп, 35 гектар көкөніс, 46 гектар бақша дақылдары егілді.

Өз кезегінде Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет зауыт жұмысына оң баға беріп, алдағы жоспарларына  қолдау білдіріп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы