Жақында Шымкентте халықаралық стандарттарға сай, заманауи жаңа стадионның іргетасы қаланды.
Шымкентте ең үлкен стадион салынады
732
оқылды

Тұран-2 шағынаудан аймағында бой көтеретін стадионның ал­ғашқы тасын қалау салтанатына қала әкімі Ғабит Сыз­дықбеков, футбол жұлдыздары, танымал блогерлер және спорт жанкүйерлері қатысты.

Жаңа аренаның аумағы – 21 гектар. Бұл ерекше халықаралық талаптарға сай салынатын спорт аренасы еліміздегі ең үлкен стадиондардың бірі болмақ. Халықаралық стандарттарға сай заманауи стадион пайдалануға берілгенде   әлемдік додаларды өткізуге, сонымен бірге қала туризмнің дамуына ерекше серпін береді.

Айта кету керек, қала әкімі Мемлекет басшысына қаланың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беру барысында мегаполиске заманауи стандартқа сай стадион қажеттілігін баяндаған болатын. Сол кезде Президент биыл жаңа стадионның құрылысын бастау туралы нақты тапсырма берді. Осыған орай биыл 35 мың орынға есептелген стадион құрылысын бастап, 2026 жылдың ортасына дейін аяқтау жоспарланған. 

Ал қазір Шымкентте тек Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы бір ғана Орта­­­лық стадион бар. Ол стадион 1969 жылы салынған. Сыйымдылығы – 18 000 орын. Кеңес кезінде «Октябрьдің 50 жылдығы» деп аталды. КСРО чемпионаттарында Шымкенттің «Металлург», «Мелиоратор», «Синтез» және «Достық» клубтары өз алаңындағы матчтарын өткізіп жүрді. Кейін 2003 жылдан бері «Ордабасы» клубының негізгі аренасы болды. Қала басшысының  айтуынша, бұл стадионды да реконструкциядан өткізіп, команданың қосалқы алаңына және жеңіл атлетикадан ұлттық команда жаттығатын орынға айналатын болады.

Өздеріңізге белгілі, Ордабасы – қазақстандық кәсіби футбол клубы, Шымкент қаласынан. 1998 жылы пайда болған, Қазақстан Премьер лигасында ойнай­ды. Қазақстан кубогінің және Суперкубогінің жеңімпазы. Сондай-ақ 2023 жылы Қазақстан Премьер лигасының жеңім­пазы атанып, чемпиондар лигасының іріктеу ойындарына жолдама алған. 

 

Шымкент қаласы,

Назгүл НАЗАРБЕК