Жаңа коммуникациялық өркениеттің адамға беретін пайдасымен бірге үлкен зияны бар екенін ғалымдар жиі айтуда. Сондай бір өмірлік тәжірибеден алынған қысқаша оқиғаны оқып шығуды ұсынамыз. Оқу 7 минут уақытыңызды алады.
Смартфонға тәуелділік психикалық ауытқуға душар етеді
Селдей аққан ақпарат адамның психологиялық денсаулығына үлкен зиян келтіреді. Фото delfi.lt сайтынан алынды, Авторлығы: Shutterstock
2,727
оқылды

Британдық беделді Financial Times басылымы жаңа технологиялық ортаның адамға теріс әсері туралы кезекті эссе жариялады. Ағылшындық журналистің жазбасындағы смартфонға байланған өмірдің психологиялық салдарын осы материалдың негізінде  Aikyn.kz талдайды.

«Осы жылдың басында менің жүйкем сыр бере бастады. Мен ұдайы шаршайтын болдым, зейінімді жинақтай алмадым. Мен әлеуметтік желі ұсынатын коммуникация көлемінен «жанып кеттім». Фото shkolazhizni.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Depositphotos

Ағылшын журналисті Рейчел Конноли өзінің тәжірибесінде селдей аққан ақпарат адамның психологиялық денсаулығына үлкен зиян келтіретінін мойындап, онымен күресу әдісімен бөліседі. Төменде журналист жазбасының қысқаша үзіндісі берілген.

«Осы жылдың басында менің жүйкем жұқарып, сыр бере бастады. Мен ұдайы шаршайтын болдым, зейінімді жинақтай алмадым. Мен әлеуметтік желі ұсынатын коммуникация көлемінен «жанып кеттім».

Менің жасым 31-де және мен де өз жасымдағы көптеген адамдар сияқты WhatsApp желісіндегі бірнеше топтық чатта тіркелгенмін және мені жаңасына жиі қосып жатады. Мен Instagram-ды жұмыс және селфи жариялауға, DM функциясы арқылы адамдармен байланысу үшін пайдаланамын. X-ті (Twitter) қолданамын, TikTok үшін тым ересекпін.

Маған бұның біразы ұнайды. Мен достарыммен бос әңгіме айтқанды ұнатамын. Бірақ мен мұның қаншалықты қажетті екеніне күмән келтіре бастадым. Мен оқып жатқан кітаптың суретін жариялап отырып: «Оны оқитын аудитория маған не үшін керек?» деп ойлайтынмын. Мен өз өмірімізді әлеуметтік желілерде көрсету «шынайы» болып көрінбей ме деп ойлана бастадым.

Rachel Connolly: Маған үзіліс қажет болды, өз өмірімді қайта жүктегім келді. Демалыс күндерін телефонсыз тыныш өткізуге болатын демалыс орнын таптым. Фото interviewmagazine.com сайтынан алынды. Авторы: Rachel Connolly

Өткен жылы мен бірінші романымды (Жалқау қала, Lazy City) жарияладым, содан бері романдарды желіде талқылаудың әдісін түсіне бастадым. Әлеуметтік желіде назар аударудың ең оңай жолы – басқалар айтып жатқан тренд туралы айту немесе сіз айтып отырған нәрсені сол трендтердің біріне сәйкес келтіру. Олардың бәрі тегістелген, үстіртін көрсетеді, жеңілдетілген. Осындай трендке бойлау мені де солай ойлауға алып келе ме деп қорықтым.

Жақында бір құрбым үйден шыққанда Nokia 3210 телефонын қолдана бастады. Ол смартфонын стационарлық телефон сияқты үйде қалдырады. Оның айтуынша, бұл оны бақытты еткен.

Маған да үзіліс қажет болды, бірақ мені ешқандай байланыссыз біраз уақыт өткізу идеясы қызықтырды. Өз өмірімді қайта жүктегім келді. Мен демалыс күндерін телефонсыз тыныш өткізуге болатын демалыс орнын таптым және сол жерге жазылдым. Әлеуметтік медиа біздің өмірімізде тұрақты бола бастағаны соншалық, оның бізді қаншалықты жаулап алғанын ұмыта бастадық. Көпшілік үшін мүлдем ескірген Facebook-тің құрылғанына небәрі 20 жыл. Instagram-ға енді 15 жыл болады.

Зерттеушілер телефондар мен ноутбуктерден бас тартуды алғаш рет «цифрлық детокс» терминімен белгілеуді 2012 жылы бастады. 

Цифрлық детоксикация біраз уақыттан бері ерекше болып қалды. 2015 жылы Instagram желісіндегі 612 000 жазылушысы бар австралиялық инфлюенсер Эссена О'Нилдің платформадан кету туралы мәлімдемесі таң қаларлық жаңалық болды. Бүгінде атақты адамдардың мұндай әрекеттері ешкімді таң қалдырмайды. Билли Айлиш телефонындағы барлық әлеуметтік желі қолданбаларын жойды. Актриса Тави Гевинсон Instagram-ды жүргізу үшін көмекші керектігін жазды. Осы жылдар ішінде Стивен Фрай бірнеше рет Twitter-ді тастап, қайта қосылып жүрді.

Бұндай драмалық кетулер күлкілі болып көрінуі мүмкін, бірақ көбінесе олар әлеуметтік медианың қаншалықты өзіне тартатын күшке ие екенін көрсетеді.

Цифрлық коммуникацияның шамадан тыс жүктемесінен адамның шаршауы біртіндеп жинала береді. Адамдармен байланыстан шаршағанымызды көп жағдайда ойланбаймыз. Фото samsung.com сайтынан алынды

Менің әлеуметтік желіден саналы түрде қол үзуім арнайы ұйымдастырылған Девон ауылындағы демалыс күндеріне келді. Мен бұнда жұма күні келдім, ауылдағы үлкен үйде мен сияқты тағы 50-ге жуық адам болды.

Таңғы сағат 6.30-да бізді қоңырау оятты. Екі сағат медитация жасадық, содан кейін таңғы ас іштік. Содан кейін үзіліс, содан кейін тағы екі сағат медитация және түскі ас. Менің жұмысым тамақ ішіп болған соң ыдыс жуу болатын. Содан кейін көбірек медитация, кешкі ас, тағы бір үзіліс, медитация, ұйықтау. Демалыс күндері нұсқаушы бізге цифрлық коммуникацияның шамадан тыс жүктемесінен адамның шаршауы біртіндеп жинала беретінін айтты. Біз бәріміз адамдармен байланыстан шаршағанымызды көп жағдайда ойланбаймыз.

Бірінші таңғы астан кейін мен сыртқа шықтым. Ауыл керемет жарық болып көрінді. Қараторғайлар мен бұрын көрген барлық қарапайым нәрселер әдемі болып көрінді. Медитация кезінде мен құстар қонған ағашты көрдім, сол құстарды бақылап, олардың әлемде жүріп өткен жолдарын елестеттім.

Түнде мен сыртта отырып, жұлдыздарға қарадым. Қараңғыда көрінбейтін бұлттар жылжып, бір жұлдызды, сосын екіншісін ашып, аспанның өзі ісіп, кішірейіп бара жатқандай әсер қалдырды. Жасөспірім кезімде жұлдыздарға қарағаным есіме түсті.

«Мен смартфонмен жасалатын қажетті істерімнен ажырап қалған жоқпын. Бұрынғы смартфонға тәуелді болған кездерімді сағынбаймын». Фото Rachel Connoll-дің Х (Twitter) әлеуметтік желісіндегі аккаунтынан алынды. Авторлығы: x.com/RachelConnoll

Дүйсенбі күні таңғы ас бізге топтағы адамдармен сөйлесуге рұқсат етілді. Кейбір қатысушылар демалыс күндерінің, үнсіз тамақ ішудің, бір-бірімен сөйлеспеудің қиын болғанын айтты. Бір адам үнемі жылап отырды. Мен түскі асты да үндемей жалғыз жедім. Мен үйреніп қалдым.

Осы «үнсіз» демалыс күндерінен бастап телефонымды пайдалану тәсілін өзгерттім. Мен оны қалай қолданғым келетінін ешқашан ойламағанымды түсіндім. Мен оны оятқыш ретінде пайдалану үшін төсегімнің жанында ұстайтынмын. Бірақ мен арзан оятқыш сатып алдым, қазір түске дейін телефонымды қоспаймын. Сондай-ақ, телефонымды денемнің қосымшасы сияқты өзіммен бірге ұдайы алып жүрмейтін болдым.

Бұрын бірнеше рет барған жерлеріме Google Maps керек еместігін түсіндім. Қазір менің күнделікті экранды пайдалану уақытым 1,5 сағатты құрайды. (Ұлыбританияда адамдар телефонды орташа көрсеткіш 3-4 сағат қолданады).

Бір қызығы, мен смартфонмен жасалатын қажетті істерімнен ажырап қалған жоқпын. Мен әлі де достарыма жазамын. Біз әлі күнге дейін өсекпен дауыстық жазбаларды алмастырамыз. Мен жазбаларымды Instagram және X арқылы жариялаймын. Қалай болғанда да бұрынғы смартфонға тәуелді болған кездерімді сағынбаймын.

Девонда өткен демалыс күні әлі күнге дейін есімде қалған бір оқиға болды. Мен егістік алқаптарды аралап, өзімді бірнеше ай бойы мазалаған жұмыс мәселесі, мені ашуландыратын жағдай туралы ойладым. Жүріп бара жатып, ойыма келген кездегі сезімге назар аудардым. Ашу деп белгілеген эмоция көбірек қайғыға жалғасып бара жатқанын сездім. Мен мұңайып, дала мен аспанның шексіз жасыл-көгілдіріне қарай жүрдім. Біраз уақыттан кейін мұң басылды. Бәрі ашылғандай болды. Мен эйфорияны сезіндім».

Цифрлық құрсау бізді де өзінің құшағына алып, тұншықтырып барады. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: gremlin

Міне, Рейчел Коннолидің «цифрлық құлдықтан» құтылу оқиғасының қысқаша нұсқасы осындай. Батыс елдеріндегі тығыз коммуникациялық байланыс Қазақ еліндегі жағдайға әлі де ұқсамайды.

7-10 млн тұрғыны бар әлемдік мегаполистермен салыстырғанда Алматы да, Астана да тыныш ауылға ұқсайды. Дегенмен цифрлық құрсау бізді де өзінің құшағына алып, тұншықтырып бара жатқанын күнделікті өмірде байқап келеміз.

Көшеде өзін қоршаған шынайы өмірге, айналасына емес, тек смартфон экранынан көз алмайтын адамдарға қарап, батыспен салыстырғанда бізге «смартфон құлдығынан» құтылу идеясы 7-8 жылға кешігіп келер деген ойлар келеді. Сіз қалай ойлайсыз? Өзіңіздің, жақындарыңыздың, балалардың психологиялық денсаулығы ойландыра ма? Мүмкін демалыс күндері смартфонды үйде қалдырып, табиғат аясына шығып, цифрлық детоксты байқап көресіз бе?

Мына әзіл видеодағы отбасының оқиғасы сізге таныс болар: 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.