Барлық өңір бойынша «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары өз жұмыстарын жалғастыруда.
Қоғамдық қабылдау алаңы баршаға ашық
930
оқылды

Азаматтар партияға әртүрлі сұрақ пен мәселе бойынша келеді. Атап айтқанда, өткен аптада әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу, көпбалалы отбасыларға арналған жоғары оқу орындарына түсу квоталары, су құрылыстарының күрделі жөндеу мә­селелері көтерілді. Мәселен, Ғы­лым және жоғары білім вице-ми­нистрі Динара Щегловаға «Атырау. Кішкентай ел» қо­ғамдық бірлестік төрағасы Ерлан Кү­місқалиев жүгінді. Ол өз орталығын мем­лекеттік тап­сырыс аясында әртүрлі оңал­ту бағ­дарламаларын әзірлеуге қатыс­тыруды сұрады. 

«Атырау облысының аумағында Қазақ­стандағы алғашқы әлеуметтік ауыл­ды сал­дық. Біздің басты міндетіміз – жұ­лынның терең және кең зақымдануы бар балаларды оңал­ту. Әлеуметтік ауыл ау­мағында әртүрлі ауруларды емдеу үшін иппотерапия курс­тарын әзірлейміз», – деді ол.

Вице-министр иппотерапияның Қазақ­станда да, әлемде де белгілі бір сұранысқа ие екеніне тоқталып, осы ба­ғыт үшін бағдарламалық-нысаналы қар­жылан­дыруды бөлу мәселесін Ден­саулық сақтау министрлігінің немесе Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің өкілдері қарауы қажет екенін атап өтті. Со­нымен қатар алдыңғы аптада Су ре­сурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Иб­райханов қо­ғамдық қабылдау өткізді. Азамат­тарды қабылдау барысында Көк­шетау қала­сының тұрғыны Прохоров-Колоколов бөгетін қайта жөндеуді, сондай-ақ Бұ­ланды ауданының «Иванковская» бө­гетіне күрделі жөндеу жүргізуді же­делдетуді өтінді. Ал Целиноград ауданы Тастақ стан­сасының бір топ тұрғыны вице-ми­нистрден су құбырын салуға жәр­дем­десуді сұрады. Өз кезегінде Семей қала­сының тұрғыны Абай об­лысында «Қаз­сушар» РМК филиа­лын ашуды ұсынды. Ерболат Ибрай­ханов бар­лық айтылған мәселені жеке ба­қы­лауға ала­тынын айтты. Өткен аптада «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау ала­ңдарында бүкіл ел бо­йынша 1 мыңға жуық азамат қабыл­данып, 2 мыңдай өтініш түсті.

 

Дайындаған Берік БЕК