Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысындағы «Барбастау – Ақжайық – Индер» тасжолын қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Мәжіліс депутаттары жол сапасын тексерді
913
оқылды

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысындағы «Барбастау – Ақжайық – Индер» тас жолын қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.

Батыс Қазақстан облысында бүгінде республикалық маңызы бар жолдардың қалыпты жағдайдағы үлесі 73 пайыз, ал жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 52 пайыз. Мәселені шешу үшін ағымдағы жылы жалпы сомасы шамамен 85 миллиард теңгеге 576 шақырымнан астам барлық көлемдегі жолды жөндеу жоспарланған. Атап айтқанда, «Барбастау – Ақжайық – Индер» тас жолын қайта жаңғыртуға 8,3 млрд теңге қарастырылған. Мердігерлер жыл соңына дейін жолды пайдалануға беруі қажет. Осы орайда депутат Снежанна Имашева жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын тексерді.

«Жергілікті тұрғындар әкімдік пен партияның облыстық филиалына жол сапасына қатысты негізді шағымдарымен бірнеше рет жүгінген. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жолдың беті біркелкі емес, шұңқырлары бар. Сондай-ақ жол жамылғысының зақымдануына су тасқыны да әсер етті. Сайлау науқаны кезінде партия жолдарды салу мен жаңғыртуға уәде берді. Өңірлерге іссапарлары барысында депутаттар сайлауалды бағдарламаның орындалуын қадағалайды. Біз мердігерлердің жобаны уақытында тапсыруын бақылауға алатын боламыз. Жалпы сайлауалды бағдарламамыз аясында облыста 2027 жылға қарай 700 шақырым жол жөнделеді, – деді С.Имашева.

«Барбастау – Ақжайық – Индер» бағыты Орал қаласын сегіз елді мекенмен ғана емес, Атырау облысымен де тікелей байланыстырады деп жоспарланып отыр. Жобаға түзетулер енгізілгеннен кейін жұмыс қайта басталды және жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Жаңа жолды асыға күткен жергілікті тұрғындар құрылысшыларға сын-пікірлерін де білдірді.

– Жолда екі көлік қарсы келе жатқанда, шаң көтеріліп, бағаналар көрінбей қалады. Салдарынан арттағы көліктер апатқа ұшырауы мүмкін. Сондықтан су сеуіп отыру керек. Ал егер жауын жауса, мұнда көліктер тұрып қалады. Тым болмаса қазір осы жерге қиыршық тас төгіп берсін, – дейді Шағатай ауылының тұрғыны Бауыржан Айбеков.

Нысанның бас мердігері – «Uniserv» компаниясы. Оның директоры Дінмұхаммед Сәтбаев қиындықтарға қарамастан жол биыл жыл соңына дейін аяқталады деп сендірді.

Бұған дейін облыста 2019-2023 жылдар аралығында мың шақырымнан астам жол жөнделді. Нәтижесінде нормативтік деңгей 28-ден 52 пайызға дейін көтерілді. Сондай-ақ 900 шақырымға жуық аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдар жөнделді.