Іс-шараға 50-ден астам партия белсендісі атсалысты.
«Таза бейсенбі»: «AMANAT» партиясының атсалысуымен 6 мың тоннадан астам қоқыс жиналды
754
оқылды

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы қолға алған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасын табуда. Акция аясында су қоймаларын, ауылдар мен қалалардың аумағын тазалау, қоқыс жинау және сұрыптау жұмысын жүргізу ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның тарихи, мәдени, табиғи және тарихи ескерткіштерінің жағдайына қоғам назарын аудару да көзделіп отыр.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы өткізіліп тұратын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанын жариялаған болатын. Президент атап өткендей, Қазақстан әрқашан таза әрі көз сүйсіндіретін ел болуы керек және бұл өмір салтына айналуға тиіс. Осылайша, 6 маусымнан бері «AMANAT» партиясының мыңдаған белсендісі мен мүшесі «Таза бейсенбі» акциясы аясында әр бейсенбі сайын әр аумақты қоқыстан тазартып келеді.

Мәселен, осы апта Ақмола облысы Қосшы қаласы Тайтөбе ауылында Нияз Би кесенесін, оның айналасын тазалау жұмысы жүргізілді. Іс-шараға 50-ден астам партия белсендісі атсалысты. Олардың арасында партия мүшелері, депутаттар, жастар қауымы және тұрғындар болды. 

«Әр азамат өз ауласының тазалығына, тұрғылықты жеріне жанашырлықпен қарауға тиіс. Осындай шағым қадамдар қоғамды үлкен жетістіктерге жетелейді. Еліміздің гүлденуі – өз қолымызда. Қоршаған ортаны қорғау, туған өлкеміздің тазалығын сақтау – баршамызға ортақ азаматтық парыз. Еліміз – бір, жеріміз – бір! Игі амалды өзімізден бастайық», – деді «AMANAT» партиясы Қосшы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Рахымжан Сейдахметов.

Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі «Қазақ қорымы» аумағында кезекті тазалық жұмысы ұйымдастырылды. Тазалық акциясына аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері, бастауыш партия ұйымдар мен жас волонтерлер қатысты. Тұрғындар да тазалық жұмысынан тыс қалмай, өз үлесін қосты. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акцияға 50-ге жуық адам қатысты. Сондай-ақ, 1 техника тартылып, нәтижесінде 2 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

«Бүгінде дүниежүзіндегі өзекті әрі маңызды мәселенің бірі – қоқыс. Ол жүздеген жылдар бойы топырақ пен суды ластап, экологияға орасан зиян келтіреді. Қала тұрғындарымен бірге әр апта сайын осы акцияға қатысуға тырысамыз. Себебі, бұл – менің туған қалам. Мен оның таза болғанын қалаймын», – деді волонтер Сұлтан Ахметұлы.

Айта кетейік, акция басталғалы бері науқанға 46 мыңға жуық азамат қатысып, 6 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.

Ұқсас іс-шаралар еліміздің өзге өңірлерінде де өтті. Партия мүшелері осындай тазалық жұмыстарын әр бейсенбі сайын жүргізеді. Әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер мен бастауыш партия ұйымдарының басшылары бекітілген. Олар өз жауапкершілігіне алған учаскелерде тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен тротуарларды жөндеу сияқты инфрақұрылымды жақсарту мен дамыту мәселелерін шешеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.