«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жыл соңына дейін елімізде 302 мектеп пайдалануға беріледі – «AMANAT»
742
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында еліміздегі білім сапасын жақсарту және партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы шеңберінде жаңа оқушы орындарын құру сынды маңызды мәселелер талқыланды.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері және бейнеконференц-байланыс арқылы өңірлік кеңес мүшелері мен білім басқармаларының қызметкерлері қатысты.

Сөз басында Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова Президент пен партияның сайлауалды бағдарламаларын жүйелі жүзеге асырудың мәні мен маңызына тоқталды.

«Сапалы білім еліміздің әрбір тұрғыны үшін қолжетімді болуға тиіс. Бұл бағытта «AMANAT» партиясы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ауқымды жұмыс атқарып келеді. Басты мақсат – инфрақұрылым мен білім беру мазмұнына қатысты мәселерді шешу. Үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім ошақтарына қатысты проблемаларға да жіті мән беріледі. Білім беру сапасын жақсарту шаралары да басты назарда. Ең бастысы, алға қойған жоспарлар сапалы әрі уақытылы орындалуы қажет», – деді ол.

Өз кезегінде, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан білім беру саласына қатысты ел аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

«Бүгінде ел аумағында 7859 мектеп бар. Оның 2906-сы бір ауысымда, ал 4847 мектеп – екі ауысымда, 106 мектеп – үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Осы үш ауысымды мектеп, яғни орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 2023 жылы ел аумағында 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасуда. 2024 жылы 536 мың оқушыға арналған 302 мектепті пайдалануға беру көзделіп отыр», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының және жеке инвесторлардың есебінен 75 мың оқушыға арналған 85 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде 10 мектеп қолданысқа берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған 217 мектеп құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделуде. Биыл 1 қыркүйекке дейін 118 мың оқушыға арналған 61 жаңа мектеп ашылады. Жалпы, 2023-2025 жылдар аралығында 1 млн жаңа оқушы орнын енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, үш ауысымда білім беру мәселесі толық шешіледі деп күтілуде.

«Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде білім беру сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Биыл 1 қыркүйектен бастап еліміздегі 7,9 мың білім беру ұйымдарында 3,9 млн бала білім алады. Онда 360 мың бала 1-сыныпқа қабылданады. Сондай-ақ, өңірлерде оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету деңгейі 90%-ды құрап отыр. 26 тамызға дейін барлық аймаққа оқулықтар толық жеткізіледі. Бұған қоса, білім алушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етуге қажет қаражат әкімдіктер тарапынан бөлінді. Биыл 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақтанады», – деді вице-министр.

Сонымен қатар, Еділ Оспан әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларда тәрбиеленетін 510 мың баланың мектепке дайындалуына көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Осы мақсатта жергілікті бюджеттерден 22,6 млрд теңге қаражат қарастырылды. Бұған қоса, орта білім беру пәндерінің оқулықтары 100% электрондық форматқа өтті.

«Сондай-ақ, биыл 1383 робот техникасы, химия, биология, физика, STEM пәндері кабинеттерін сатып алу көзделуде. Өздеріңіз білетіндей, Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында жыл сайын 1 мың кабинетті жабдықтау жоспарланған болатын. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы артығымен орындалып келеді. Бұл жұмысты жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен бөлек, кәсіпкерлер қауымы да атсалысуда», – деді ол.

Сондай-ақ, шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда кітапханаларды, асханаларды, жиһаздарды жаңарту, күрделі жөндеу жүргізу және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бағытында 1 мың мектепті жаңғырту жұмысы қолға алынуда.

«Биыл көктемгі су тасқыны кезінде еліміздегі 6 өңірде 40 білім беру нысанына зақым келді. Оның ішінде – 11 балабақша, 22 мектеп және 7 қосымша білім беру нысаны бар. Жергілікті атқарушы органдар білім беру инфрақұрылымдарын қалпына келтіру жұмысын жүйелі жүргізуде. Мәселен, Ақтөбе облысында су астында қалған 13 нысанның 8-інде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал 5 ғимарат қалпына келтіруге келмейді. Бұл нысандарды қайта салу үшін Үкімет резервінен 6,2 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Аталған білім беру ұйымдары 2025 жылы пайдалануға беріледі», – деді Еділ Оспан.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар су тасқыны орын алған өңірлердегі білім беру нысандарының жай-күйін, апатқа байланысты сабақтан қалып қойған оқушылардың білім сапасын жақсарту, әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларда тәрбиеленетін балаларды мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтамасыз ету мәселелерін назарға алды.

Айта кетейік, жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясының «Баланы мектепке даярлайық!» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы бастау алды. Партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында қолға алынған дәстүрлі іс-шара 12-30 тамыз аралығында өтеді. Мұндағы басты мақсат – көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларды жаңа оқу жылына дайындауға көмектесу.

Акцияға партияның Орталық аппараты мен аймақтық, аумақтық филиалдарының қызметкерлері, партия депутаттары мен белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері қатысады. Оның барысында балаларға мектеп формасы, жаңа оқу жылына қажет оқулықтар мен кеңсе тауарлары салынған рюкзактар ұсынылады. Биыл 15-ші мәрте ұйымдастырылғалы отырған акция аясында 45 мыңнан астам баланы жаңа оқу жылына даярлау жоспарлануда.