Көлік министрлігі биыл 11 жол учас­кесі ақылы болатынын және бұл жолдарда ақы алу жүйесі қашаннан бастап енгізілетінін мәлім етті.
11 жол ақылы болады
738
оқылды

«Қазір ел аумағында жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырым болатын 17 ақылы автожол учаскесі бар. Бұл учаскелер 2013-2023 жылдар аралығында кезең-кезеңімен пайдалануға берілді. Олардың ішінде «Астана-Щучинск» (211 шақырым), «Астана-Теміртау» (134 шақырым), «Ал­ма­ты-Қонаев» (42 шақырым), «Алматы-Қорғас» (295 шақырым), «Астана-Павлодар» (375 шақырым), «Қонаев-Талдықорған» (186 шақырым), «Тараз-Қайнар» (238 шақырым), «Шымкент-Қызылорда» (447 шақырым), «Шымкент-Тараз» (90 шақырым), «Шымкент-Ташкент» (84 шақырым), «Щучинск-Көкшетау» (61 шақырым), «Павлодар-Қалбатау» (453 шақырым), «Бейнеу-Ақжігіт» (85 шақырым), «Орал-Самара» (56 шақырым), «Павлодар-Омбы» (198 шақырым), «Көкшетау-Петропавл» (169 шақырым) және «Орал-Саратов» (99 шақырым) сияқты маңызды магистралдар қамтылды. Атап айтқанда, биыл жол-жөндеу жұмыстарының аяқталуына қарай жалпы ұзындығы 2,2 мың шақырым болатын автожолдың 11 қосымша учаскесінде ақылы жүйені енгізу жоспарланған», – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Осы учаскелердің ішінде мына жолдар қамтылған: «Қызылорда-Арал» (455 шақырым), «Ақтөбе-Мәртөк» (92 шақырым), «Қостанай-Троицк» (163 шақырым), «Ақтау-Бейнеу» (454 шақырым), «Қостанай-Денисовка» (169 шақырым), «Шу-Бурылбайтал» (184 шақырым), «Үшарал-Достық» (180 шақырым), «Балқаш-Бурылбайтал» (91 шақырым), «Қандыағаш-Мақат» (332 шақырым), Тараз қаласын айналып өту (57 шақырым) және Қарағанды қаласын айналып өту (48 шақырым) жолы.

«Бұл жолдарда ақылы жүйені енгізу олардың жағдайы мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қазір жалпы ұзындығы 710 шақырым, яғни «Қызылорда-Арал» (455 шақырым), «Ақтөбе-Мәртөк» (92 шақырым) және «Қостанай-Троицк» (163 шақырым) автожол­дардың үш учаскесінде ақы алу жүйесін (ААЖ) енгізу бойынша нормативтік-құқықтық актілердің (НҚА) жобалары әзірленді. Осы учаскелерде ААЖ енгізу биылдың 1 қазанынан басталады деп жоспарланған», – делінген министрлік ақпаратында.