Түрлі апат пен оқыс оқиғалар жөніндегі жаманат хабарлар арасында автожолдардағы жол-көлік оқиғалары салдарынан адамдардың ажал құшып, түрлі деңгейдегі жарақат алып жатқаны жөніндегі жайсыз ақпарат тым жиілеп кетті.
Автожолдарда апат көбейген
556
оқылды

Жолдар жақсарған сайын жол-көлік оқиғалары азаятын шығар деп ойлайтынбыз. Бірақ қазіргі жағдай бұған керісінше сипат алып тұрғандай. 

Басқаны айтпағанда, Алматы – Талдықорған,  Алматы – Қорғас, Алматы – Тараз арасын жалғастырып жатқан жаңа автобанның бойында күн сайын жол апаты тіркеліп жатады. Үлкен жолдардағы көрініс осылай болғанда, ауылдардың арасын жалғайтындардың да жағдайы оңып тұр деп айту қиын-ақ. Алматы облысының Алматы қаласы маңындағы ауылдарында тұратындардың елді мекендер ортасынан немесе жанынан өтетін жолдардың аса қауіптілігін айтып, жиі-жиі наразылыққа шығуы да бекер емес-ау деп ойлайсың осындайда... 

Жалпы жолды күтіп-ұстау, тиісті тұстарға жол белгілерін орнату, жүргізушілер мен жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Осыған байланысты соңғы кездері қоғамдық пікрлерге өзек бола бастаған жол-көлік оқиғаларының тым жиілеп кетуінің себебін анықтауды мақсат еткен полиция қызметкерлері Алматы облысы аумағындағы  жолдардың жағдайын мұқият тексеруді жалғастыруда. Жыл басынан бері жүргізіліп келе жатқан тексерулер барысында талай-талай кемшіліктің беті ашылып, оларды тез арада жоюға қатысты жауапты жол  ұйымдарына 923 ұйғарым жолданыпты. 

«Әкімшілік полиция басқармасындағы жол-техникалық инспекциясының инспекторлары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және адамдардың қаза табуы  мен жарақаттануын болдырмау мен алдын алу, санын азайту мақсатында жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын, оның ішінде мемлекеттік және жергілікті маңызы бар жолдарды жүйелі түрде тексеріп отырады. Осындай тексерулер барысында жолдағы апаттардың туындау себептерін білуге баса назар аударамыз. Анықталған кемшіліктерді жою туралы ұйғарымдар шығарамыз. Олар орындалмаса, тағы да басқа тиісті шаралар қолданамыз, – дейді Алматы облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркебұлан Ахметов.

Алматы облысы аумағындағы жалпы пайдаланымдағы автожолдардың ұзындығы 12 мың шақырымнан асады, оның ішіндегі 1 740 шақырымы республикалық және халықаралық маңызы бар жолдар, 3 370 шақырымы облыстық және 6 890 шақырымы  жергілікті маңызы бар автожолдар санатында. 

Алматы облыстық әкімшілік полиция басқармасы басшысының айтуынша, жалпыға ортақ пайдаланымдағы автожолдар жиі тексеріліп тұрады. Автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 222 лауазымды тұлғаға жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам айыппұл санкциялары салу арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сонымен қатар көше-жол желісіндегі кемшіліктер үшін бірқатар аудан әкімдері мен ТКШ басшылары жазаланған.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы