300 шақырым жолды артқа тастап Ақмола облысы Астрахан ауданының Жалтыр ауылы маңындағы көмбеге келген командалардың қатары сиреген.
"Ұлы дала жорығы" халықаралық ат бәйгесі марафонының 3-күні өз мәресіне жетті
1,183
оқылды

300 шақырым жолды артқа тастап Ақмола облысы Астрахан ауданының Жалтыр ауылы маңындағы көмбеге келген командалардың қатары сиреген.

Демек құрамадағы барлығы бес аттың кейбірінде 3 жүйрік қалса, қайсы біреулерінде 4 ат шауып келді. Қатары сиреп 3 сәйгүлік келген командалардың жағдайы қыл үстінде деп айтуға болады. Себебі оқыстан қатардағы кез келген тұлпар тұяқтан сүрінсе, марафон жарысына қатыса алмайды.

Бүгінгі 300-шақырымның мәре сызығын Қырғыз командасы бірінші болып кесті.  Демек жалпы есеп бойынша да қырғыз ағайындар оқ бойы озық келді. Ендігі жол бұлы команда үшін де сын уақыт болмақ. Себебі жарыс жолында айыр қалпақты ағайындардың тек 3 тұлпары қалған. 

Жалпы қорытынды бойынша Қырғыз командасы 1-ші болса, Алматы – 2, Маңғыстау 3-орынды бағындырып отыр.  

Енді алда 200 шақырым жол қалды. Бәйге басталған шақта барлығы 17 команда жарысқа шықты деп айттық. Қазір 15 команда 300 шақырымды еңсеріп отыр. Жарыс жолынан Түркия мен Татарстан командалары шығып қалды. Жарысқа жарамай қалған аттардың дені аяқтарына тас батып жатқан көрінеді. Бұған жер мен топырақтың әртүрлілігі себеп болып жатыр екен.

"Жаңбыр салдарынан жер бауыры жұмсарып кетті. Топырақ кейде қатты, кейде тым жұмсақ. Салдарынан ат тұяғы кетіліп шабысқа жарамай қалуда. Әрине ауырсынуды басуға болады, бірақ бұл уақытша ғана болады. Бұл ұзақ жол болған соң емдеп жазуға уақыт жетпейді. Сол себепті тұлпарларды жарыстан шығаруға тура келеді", – дейді төреші әрі ветеринар сынықшы Еркебұлан Қосаев. 

Сырттай қарағанда жүйріктердің жағдайы жаман емес. Бірақ әзірге келесі жорыққа қанша команда шығары белгісіз. Төрешілер таң асыра аттардың денсаулығын бақылау барысында бәрі белгілі болады деп отыр.

Бердібек Хабай

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.