«Мемлекетке ең қауіпті адам – велосипед тебетін адам. Себебі ол көлік салығын төлемейді, көлік алу үшін несие алмайды. Велосипед тебу – спорт түрі болғандық­тан, ешқашан ауырмайды, яғни дәрі-дәрмек те алмайды» деген шындығы аралас әзіл бар.
Велоөмір: саулық сәнге айналсын
286
оқылды

22 қыркүйекте әлем халқы Дүниежүзілік біркүндік автокөліктен бас тарту күнін атап өтті. Алғаш рет Францияда пайда болған бұл атаулы күні табиғат жанашырлары халықты темір тұлпарын велосипедке ауыстыруға шақырады. Осылайша, жұртшылық жаяу жүру мен велосипед тебу арқылы ең болмағанда жылына бір рет экологияға үлес қосып, денсаулығына да көңіл бөле алады.

2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі статис­ти­ка бойынша Қазақстандағы көлік саны 4 млн 378  мыңға жетсе, өткен жылы 5 ми­л­лионнан асып, бұл көрсеткіш былтырғы 1 тамыздағы жағдаймен салыстырғанда 15%-ға өскен екен. 2023 жылғы шілдеде 169,3 мың автокөлік құралы есепке қой­ыл­ды, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 1,8 есе артып, оның ішінде жеңіл автомобильдер 1,8 есеге, автобустар  2,2 есеге және жүк авто­мобильдері 1,8 есе артыпты. Көліктің көбеюі демография мен  қалаға келіп жат­қан халық санының артқанының да белгісі болса керек. Әсіресе, Астана, Ал­маты және Шымкент сияқты ірі қалаларда көлік кептелістері халықты түрлі әбігерге салуда. Көліктің мұнша өсуі экологияға да өз әсерін тигізбей қоймайды. Мұның бір шешімі ретінде әлем халқы бүгінде велосипед санын көбейтіп, оны қолдану­шылар үшін барынша жағдай жасауды алға қойып отыр. Осынау адамзат ойының жетістігі болған шайтан арба қашан, қа­лай пайда болған еді? Әңгімемізді содан бастайық.

Велосипед қашан пайда болды?

 1817 жылы неміс профессоры, барон Карл фон Дрез «жүгіретін машинаның» үлгісін жасаған екен. Бірақ ғажайып көлікті ойлап табушылар ішінде көптеген өзге де адам бар. Олардың ішіндегі ең таны­малы – италиялық Ренессанс сурет­шісі Леонардо да Винчи еді. Бірақ кейбір деректер велосипедтің тарихы екі ғасырдан астам уақытты қамтиды деуге негіз жоқ екен­ін жазады. Мәселен, зерттеушілердің көпшілігі авторы Леонардо да Винчиге немесе оның шәкірті Джакомо Капротти деп саналатын рөлі мен шынжыр жетегі бар екі доңғалақты велосипедтің сызбасын жалған деп санайды. Ал Карл Дрез Lau­fma­schine атты көлігіне ресми түрде алғаш болып патент алған. Бұл модельде педаль­дар болмады: қозғалу үшін аяқтарыңызбен итеру керек болды. Заманауи велосипед­тердің алғашқы үлгілері – екі доңғалақты ағаш скутерлер. Олардың қашан пайда болғаны белгісіз. Бірақ оларды ескі сурет­тер­­ден көре аламыз. 1761 жылы атпен жүру­ге және жерден аяғымен итеруге мүм­кіндік беретін көлік құралының өн­дір­і­сі туралы алғашқы деректер бар. Ағаш скутерді неміс вагон шебері М.Касслер жасаған. Ал нағыз велосипедтің тарихы терең. Кейбір деректерге қарағанда, 1863 жылы Парижде 20 жастағы франциялық өнертапқыш Пьер Лалман қазіргі велоси­пед­ке ұқсайтын алғашқы көлікті жасап шы­ғарған көрінеді. Тағы бір жылдан кейін франциялық инженер Пьер Мишо бұл көлікке «велосипед» деген атау берген екен. 1866 жылдың қараша айында Пьер Лалман Америкаға барып, өзі жасап шы­ғарған велосипедке патент алады. Осы­лайша, велосипед жылдар бойы техникалық жағынан жетіліп, бүгінге дейін адамзат кәдесіне жарап келеді. Бір қызығы, XX ғасыр­да велосипедке деген қызығушылық біресе артып, біресе төмендеп отырған. 1905 жылдан бастап АҚШ пен Германия сияқ­ты дамыған елдерде автокөлік индус­триясының дамуына байланысты велосипед сән болудан қалды. Тіпті, жол полициясы вело­сипедшілерді автокөлік қозғалысына кедергі туындататындар деп санайтын. Алайда 1960 жылдың аяғына таман эколо­гиялық мәселелерге алаңдаумен қатар, саламатты өмір салтын насихаттайтын дамыған елдерде велосипедке деген қызығушылық қайтадан артты.

Қазақстандағы тарихы

ХХ ғасырдың басында елімізге велосипедтер келе бастады. Онымен бірге велоспорт түрі де пайда болды. Велосипед халық арасында кеңінен насихатталды.  Қазақстанда велоспорттың дүниеге келген күні ретінде 1914 жылы 6 шілдеде Ақтөбе қаласында жол велосипедінен өткен жарысты санауға болады. 1918 жылы Петропавл, Орал, Қызылорда және басқа қалаларда үйірмелер құрыла бастады. Сол уақыттан бері велосипед қалың ең­бек­шілер қауымының меншігіне айналды. Жалпыға бірдей білім беру органдары құрылғаннан кейін велосипед жастардың дене шынықтыруына қолданыла бастады және бірте-бірте халық өміріне енді.                                         

Бүгінде велосипед саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, былтыр маусым айында шетелден 31,3 мыңға жуық велосипед әкелінген. Бұл ретте импорттың жалпы құны – 1,4 млн (біреуіне – орташа есеп­пен 46 доллар). Еліміз сондай-ақ экс­портқа да шығарып отырғанын біреу білсе, біреу білмес. Мәселен, 2023 жылдың маусым айында экспортқа 24 454 велосипед кеткен. Data Hub несиелік бюросының мәліметінше, оның барлығы дерлік (23,5 мың бірлік) Тәжікстанға апарылған. Тағы 889 дана Ресейге, Қырғызстанға (14), Хорватияға (5) және тіпті Нидерландқа (1) сатылған. Маусым айында Тәжікстанға экспорт 44,7 мың долларды құраған (сатылған бір велосипедтің орташа бағасы екі доллардан аз болды). Ресейге велоси­пед­тер орта есеппен 107 доллардан сат­ыл­ды.

Мемлекет велоинфрақұрылымға да айтарлықтай жақсы көңіл бөліп келеді. Мәселен, былтыр республика өңірлерінің жер­гілікті атқарушы органы жүргізген аудит нәтижесінде велоинфрақұрылыммен жақсы жабдықталған өңірлер белгілі болды. Түркістан облысы елді мекендерінде веложолақтардың жалпы ұзындығы 105 шақырымды құраса, Астанада 80,4, Ал­матыда 70, Атырау облысында 24,2 ша­қыр­ым веложолақ бар екен. 

Сарапшылар пікірінше, Қазақстандағы тұтынушылар арасында экологиялық және электрлік велосипедтерге сұраныс артып отырған көрінеді. Бұл өзгеріс елдің көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға және экологиялық таза көлік нұ­с­қаларын ілгерілетуге бағытталған күш­­­-жігеріне байланысты екен. Үкіметтің бастамаларының күшеюіне және тұ­тыну­шылардың денсаулық туралы хабар­дар­лығының артуына орай нарық алдағы жыл­дары оның өсу қарқынына оң әсер етеді деп күтіліп отыр.  Сонымен қатар урбанизация мен кептелістің артуы вело­си­пед­тердің ыңғайлы және қолжетімді көлік түрі ретінде танымал болуына ықпал етуде. Қазақстандағы велосипедтер нары­ғына жаһандық экономикалық үрдістер, ұлттық экономиканың жай-күйі, салық-бюджет саясаты және қаржылық көрсет­кіштер сияқты макроэкономикалық фак­тор­лар да әсер етіп отырғанын айта кеткеніміз жөн. 

Қытай – велосипедшілер елі

Статистика көрсеткендей, барлық велосипед өнімінің шамамен 80%-ы Қы­тайда өндіріледі. Әрине, бәрі ішкі нарыққа бармайды, оның көп бөлігі басқа нарықтарға экспортталады. 2022 жылы Қытайдағы велосипед қолданушыларының көпшілігі 27 мен 39 жас аралығындағы топ болды, бұл елдегі велосипед тұтыну­шыларының бүкіл демографиялық көр­сеткішінің 62,2%-ын құрады. Сол жылы велосипедтер метродан, автобустардан, таксилерден және автомобильдерден оз­ып, Қытайда жұмыс істеуге арналған көлік нұсқаларының 44,3%-ын құрады. 2023 жылы Қытайдағы велосипед нарығы 31,08 миллиард АҚШ долларына жетті. Қытай әлемдегі ең ірі велосипед өндіру және экспорттау орталығына айналды, бұл әлемдік велосипед саудасының 60%-ын құрайды. 2023 жылы Қытайда жасалған велосипедтер саны 48,83 миллионды құ­рап, оның 39,65 миллионға жуығы экс­портқа шығарылған екен. Велосипед соңғы жылдары сән, спорт және озық тех­нология сияқты факторларға байланыс­ты қытайлықтардың күнделікті өміріне қайта кірді. Бұрын «велосипед патшалығы» атанған Қытай бүгінгі күні сол атаққа қайта ие болып отыр. 2024 жылдың бірінші тоқсанында Қытайда велосипед экспорты өсті. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабар­лады. Қытай велосипед ассоциациясының дерегінше, қаңтар-наурыз айларында (был­тырғы жылдың ұқсас кезеңімен сал­ыс­тырғанда) велосипед экспорты 13,7 пайызға артып, 11 миллионға жуық данаға жеткен. Оның ішінде ең көбі АҚШ-қа шамамен 2,3 миллион велосипед экспорт­тады, бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 47,2 пайызға артық. Ал Ресейге велосипед экспорты 52,1 пайызға артып, 930 мың бірлікті құраған. Ал вело­сипед бөлшектері мен аксессуарларының экспорты 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 746 миллион долларға жет­іп, 10,8 пайызға өскен. Велосипедті ең сәнді спорт түрлерінің бірі деп санайтын Қытай азаматтарының саны артып келеді. Қытайдың 2021 жылғы велоспорт есебіне сәйкес, елде велосипедпен жүруді баста­ғандардың 29,8 пайызы бір велосипедке, 56,91 пайызы 2-3 велосипедке ие. 

Естігенімізді емес, көргенімізді айтар болсақ, қазір Қытайдың көптеген қала­сындағы көшелерде QR кодын сканерлеу арқылы кез келген жердегі велотұрақтағы вело­сипедті еркін пайдалана аласыз. Ал велотұрақтарды  қоғамдық орындарда, атап айтар болсақ, порттарда, метро стан­са­ларында, вокзалдарда көптеп кездестіресіз. Қытайлықтардың велосипед­ке деген үлкен сүйіспеншілігін үлкен және кіші қалалардың инфрақұры­лы­мынан бай­қауға болады. Мәселен, вело­сипед жол­дары, тұрақтары, велосипед базары көп. Тіпті, велосипед бағдар­шамдары мен веложолдарда емін-еркін қозғалу үшін жол үстіндегі көпірлер мен жерасты жолдары да қарастырылған. Үкіметтің мұндай қадамға баруының тағы бір себебі, Қытайдағы экологиялық ластану мәселе­сінің өткірлігіне де бай­лан­ысты болса ке­рек. Себебі  тұрғын­дарының тығыздығы, зауыт пен көліктің көптігі үшін велосипед –  тұңғиықтан шығар жол іспеттес.

 

ТҮЙІН:

 

Жер шарында миллиардтан астам велосипед бар екен.  Экологиялық таза және саламатты өмір салтының кепілі болған  велосипедсіз бүгінгі күнді елестету мүмкін емес. Халық санына шаққанда тіркелген велосипедтер саны бойынша әлемде Нидерланд көш бастайды. Одан кейінгі орындарға Дания, Германия, Швеция жайғасса, үздік бестікті Норвегия қорытындылайды. Бұл көрсеткіш бойынша Жапония жетінші орында тұр. Неге Нидерланд көш бастайды десеңіз, жер көлемі шағын ғана Еуропаның батысында орналасқан мемлекетте 35 мың шақырымнан асатын веложолақ төселген. Ал 17,6 млн халық тұратын елде 22,1 млн велосипед тіркелген. Халықтың 99 пайызында велосипед бар. Оны халықтың 50 пайызы тұрақты қолданады екен. Велосипедтің Еуропадағы жоғары танымалдылығы үкіметтер жүргізетін саясатқа байланысты, өйткені велосипедтің маңыздылығын арттыру қала орталықтарын көліктерден босатуға, қоршаған ортаны жақсартуға, сондай-ақ адамдардың денсаулығын жақсартуға көмектеседі. Осы қатарға енді Франция да қосылуды көксеп келеді. Себебі Данияда халықтың 15 пайызы велосипедпен қатынайтын болса, бұл көрсеткіш Францияда 3 пайыздан аспаған. Осы үшін ел үкіметі велосипедшілер санын 9 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Тіпті, билік велосипедке отырғандарды қаржылай ынталандырады. Билік ауаны ластайтын көліктен бас тартып, велосипедке отырған француздарға 4 мың еуро көлемінде өтемақы береді. Қазіргі курспен 1,9 млн теңге болатын төлемді табысы төмен отбасылар алады. Осы санатқа кіретін француздар бұл қаржыға велосипед сатып алуы керек. Ал велосипеді бар болса, онда субсидия ретінде мемлекет берген қаржыны басқа мақсатқа жұмсауға рұқсат беріледі. 

Тұрақты велосипедпен жүрудің денсаулыққа пайдасын мамандар жиі айтуда. Әсіресе, ұйқы мен зат алмасу жақсарады, демек ас қорыту, төзімділік пен бұлшықет тонусы артады, стресс деңгейі төмендейді. Сондай-ақ жүрек ауруы, инсульт, артрит, депрессия және қант диабеті қаупін азайтуға көмектеседі. Осылайша, қазіргі әлемде велосипедтің маңызы артып жатыр. Ендеше қоршаған ортаға пайдасын тигізетін және өз саулығымыздың кепілі болған осынау ғажайып көлікке деген көзқарасымыз қашанда оң болғаны жөн.

Наурызбек САРША