Әлемнің цифрлық бейнесін көрсететін жаңа көзілдірік шығарылды. Марк Цукерберг Orion көзілдірігін «өте қызықты болатын болашаққа көзқарас» деп таныстырды.
Бұл көзілдірікпен шынайы әлем мен виртуалды кеңістікті шатастырып алмаңыз
Orion көзілдірігі цифрлық графиканы нақты әлемге қоса алады. Фото 9to5mac.com сайтынан алынды
961
оқылды

Пайдаланушыны виртуалды әлеммен байланыстыратын жаңа құрылғымен кеше CNBC телеарнасы таныстырды. Aikyn.kz сол материалға сүйеніп шынайы әлем мен цифрлық графиканы біріктіре алатын көзілдіріктің басты ерекшеліктерін талдайды.

Meta Connect конференциясында Orion кеңейтілген шынайылық көзілдірігі таныстырылды. 2024 жылдың 25 қыркүйегі, Менло Парк (Калифорния, АҚШ). Фото CNBC сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Manuel Orbegozo

Meta компаниясының бас директоры Марк Цукерберг сәрсенбіде (25 қыркүйек) Orion көзілдірігімен таныстырды. Компанияның Meta Orion көзілдірігі кеңейтілген шынайылық құралдарының ішінде өлшемі мен қолдануға ыңғайлылық жағынан ең сәтті девайс деп бағалауға болады. Жыл сайынғы Meta Connect конференциясында Orion көзілдірігін пайдаланған қатысушылар бұрынғы Meta Quest және Apple Vision Pro виртуалды шынайылық гарнитураларымен салыстырғанда бұл прототиптің ықшам пішіні көбірек ұнағанын айтуда.

«Мені таңқалдырғаны оның керемет жеңілдігі», – дейді CNBC телеарнасының тілшісі Джулия Бурстин.

Марк Цукерберг Orion көзілдірігін таныстырғанда оны «өте қызықты болатын болашаққа көзқарас» деп атады. Көзілдіріктің қалың қара жақтаулары бар және цифрлық шахмат немесе үстел теннисі голографиялық ойыны сияқты қолданбаларды құрылғыда іске қосуға мүмкіндік беретін сымсыз «шайба» бар.

Көзілдіріктің өз білезігі және сымсыз есептеу блогы бар. Осы үштік Orion жүйесін құрайды. Фото cnet.com сайтынан алынды. Авторлығы: Meta

Эксперименттік көзілдірік – Цукербергтің Метаверс деп аталатын дербес компьютерлердің келесі буынын жасауға арналған миллиардтаған долларлық жоспарларының бір бөлігі. Бұл термин виртуалды 3D кеңістікте адамдар бір-бірімен онлайн әрекеттесе алатын құралдарды сипаттау үшін қолданылды.

Orion көзілдірігі пайдаланушыларды толығымен виртуалды әлемдерге орналастыруға қабілетті болмаса да, көзілдірік цифрлық графиканы нақты әлемге қоса алады. Ұзақ уақыт киіп жүруге жарамайтын виртуалды шындық гарнитураларымен салыстырғанда Orion көзілдірігі тағып жүруге әлдеқайда ыңғайлы. 

«Форма факторы кәдімгі үлкен көзілдіріктен айтарлықтай ерекшеленбейді, киюге өте ыңғайлы болды», – дейді Джулия Бурстин.

Meta өкілдері де, сарапшылар да технология жетілген сайын Orion-ның келесі нұсқалары бұдан да жеңіл, ықшам болатынына сенеді.

Білезік саусақтарыңыз бен қолдарыңыздың қозғалысын жақсы таниды. Оның көмегімен қолданбаларды ашып, жауып және айналдыра аласыз. Фото cnet.com сайтынан алынды. Авторлығы: Meta

Orion әлдеқайда қымбат әдісті қолдана отырып, цифрлық кескіндерді нақты әлемге қабаттастыруға қабілетті. Оның линзалары дәстүрлі шыныдан немесе пластиктен емес, кремний карбиді деп аталатын материалдан жасалған. Көзілдіріктің имек тұтқасына (дужка) орнатылған миниатюралық Orion проекторлары кремний карбиді линзаларына жарық түсіргенде, пайдаланушылар өздерінің көру аймағындағы «голограммаларды» көре алады. Бұл кескіндер өте табиғи көріністер береді, оларды сезінуге көмектеседі.

Голограммалар өшірілгенде, сіз кәдімгі көзілдірік немесе күннен қорғайтын көзілдірік киіп жүргендей сезінесіз және ол көзге әсер етпейді, басыңызды айналдырып, жүректі айнытпайды.

Білезіктердің көмегімен қолданбаларды ашып, жауып және айналдыра аласыз. Білезік саусақтарыңыз бен қолдарыңыздың қозғалысын жақсы таниды. Пайдаланушыларды таң қалдырған көзілдіріктің тағы бір мүмкіндігі – сіз көрші бөлмеден қоңырау шалған адамның бейнесінің цифрлық көрінісін көре аласыз. Сіз ол адаммен шынайы өмірде қасыңызда тұрып сөйлесіп жатқандай әсерде боласыз. Осылайша кеңейтілген шынайылық құралдарының бірі Orion көзілдірігі пайдаланушыны таң қалдыруға да, қорқытуға да қабілетті. 

Біздің өмірімізді цифрлық әлеммен қосып көрсететін әрбір технология адамның өмірін жеңілдетуге, жақсартуға ғана арналған. Бірақ оны қолданатын адамдардың мақсаттары мен ниеттері әртүрлі болуы мүмкін екенін естен шығармайық. Жеке тұлғаның ақпараттық қауіпсіздігі осыны түсінуден басталады.  

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.