Эндокринолог қандай жағдайда шикі етті жумауға болатынын айтты.
Шикі етті жуу керек пе? – Эндокринолог кеңесі
633
оқылды

Тазалық сақтауды әдетке айналдырған дұрыс екенін бәріміз білеміз. Әдетте кір жуу, душқа түсу, үй жинау, жемістер мен көкөністерді жууда артық сұрақ туындамайды. Ал тамақ пісірер алдында шикі етті жууға келгенде пікірталас жиі кездеседі. Шикі етті жуу керек пе? Етті қалай пісіріп жеген пайдалы? Бұл сұрақтарға эндокринолог Махаббат Ибрагим жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап. 

Әлеуметтік желілерде асүй ханшайымдары мен мамандар тамақ пісірер алдында шикі етті жуу керек пе, жоқ па деген сұраққа екі түрлі жауап береді. Бірі – етті міндетті түрде жуу керегін айтса, басқалары оны жуған кезде еттегі бактериялар асүйге шашырайтынын және ол басқа заттар арқылы адам ағзасына жұғатынын айтады. Сондай-ақ олар етті қуырғанда ол термиялық өңдеуден өтетінін де негізге алады. Бұл сұрақтың дұрыс жауабын білу үшін маман көмегіне жүгіндік.

Қандай жағдайда етті жумауға болады?

Махаббат Ибрагим қандай жағдайда шикі етті жумауға болатынын айтты.

"Егер өзіңіз мал сойып немесе сенімді жерден сатып алсаңыз, бүкіл антисептикалық шаралар сақталған болса онда етті жумаса да болады. Бірақ ет қайнатып жатқанда бірінші қайнаған сорпасын төгіп тастайсыз", – дейді маман.

Қандай жағдайда етті жуу керек?

Алайда эндокринолог ⁠етті жуу керек жағдайлар да бар екенін ескертті.

"Базар, маркет немесе т.б. жерден алсаңыз, етті жуған дұрыс, өйткені ет бірнеше қолдан әрі өңдеуден өтеді, етті ағып тұрған суық суға жуасыз. Етті қағаз майлық арқылы артық суын кептіріп, әрі қарай тамаққа қолдана бересіз", – дейді ол.

Эндокринолог ет жуылған ыдысты немесе шараны ыдыс жуатын құралмен жуып, артынан ыстық сумен шайып, құрғату керегін және қолданған майлықты, сорғышты қоқысқа тастау керегін айтты.

Етті қалай пісіріп жеген пайдалы?

"Етті пайдалы дайындау тәсілі – оны қайнату. Ал еттегі көбікпен бірге шыққан қалдықтарды сүзіп алып тастаңыз және етті жай отта бұқтырып дайындаңыз. Сол кезде еттегі зиянды бактерияларды көбікпен бірге аламыз, ал қалғаны ыстық отта ұзақ пісу кезінде жойылады. Етті дайындау уақыты – 40 минуттан 2 сағатқа дейін созылады (уақыт еттің түрі мен дайындау тәсіліне қарай әртүрлі болады)", – дейді Махаббат Ибрагим.

Маман ет – ақуыз көзі, онсыз ағза көптеген тапшылыққа тап болып, түрлі ауруға шалдығуы мүмкін екенін атап өтті.