Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтіру) айыпталған С.-ға қатысты қылмыстық іс ашық сот отырысында қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
С. 2024 жылғы 5 қыркүйек күні кешкі уақытта Шымкент қаласы Таскен шағын ауданында орналасқан үйінде азаматтық некедегі жолдасы – жәбірленуші Р.-мен спирттік ішімдік ішіп отырғанда араларында жеке бас араздықтың салдарынан жанжал туындаған. Содан сотталушы асхана пышағымен жәбірленушінің кеуде тұсынан бір рет соққы берген. Нәтижесінде жәбірленуші алған ауыр дене жарақатынан оқиға орнында қайтыс болған.
Өзінің мойындап берген және жәбірленушінің, куәлердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, сот сараптамаларының тұжырымдарымен кінәсі дәлелденеді.
Прокурор С.-ға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарабы прокурормен келісті.
Сотталушы өзіне жеңілдеу жаза тағайындауды сұрады.
С.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде, кінәсін толық мойындағанын, шын көңілден өкінгенін, ал ауырлататын мән-жайлар ретінде оның қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттерді алкогольден масаң күйде жасағандығын назарға алды.
Сот С.-ны ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енбеген.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.