Абыз хакімнің қайтыс болғанына 120 жыл толуымен орайласқан көпжылдық тынымсыз еңбектің мәуелі һәм игілікті жемісіндей, қазақ топырағындағы қайран қалдырған қапысыз өнер жаңалығы – осынау моноопераның өмірге келуі, оның түрлену, кемелдену баспалдақтары хақында өміршең де өзекті шығарманың авторы әрі орындаушысы Шахимардан Әбілов әңгімелеп берді.
Абайға деген жан-жүректің тереңінен шыққан ұлы құрмет – Шахимардан Әбілов
893
оқылды

Шын хакім, сөзің асыл  баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанның

Әлемнің құлағынан әні кетпес!

(Мағжан Жұмабаев)

Ән өнеріндегі шығармашылық жолының тұтас бір тарауын 40 жыл бойы Абайдың ән байтағына арнап келе жатқан, бас ақынымыздың поэзиядағы парасатына, абыз хакімнің имани даналығына сахна төрінде өзгеше мәнер-машықпен бойлай білген Қазақстанның халық әртісі, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, танымал опера әншісі, профессор Шахимардан Әбілов соңғы үш-төрт жыл бедерінде абайтанудың жаңа парақтарын ашып, жаңа белеске көтерілді. Атап айтқанда, өзі де әлемдік ән кеңістігінде қырандай самғап, еркін әуелеген, ілім-білімі биік қайраткер әнші көкірек көзі ашық әнсүйер қауымға "Абай. Толық адам. Ой-толғау" атты моноопера, монореквием ұсынып жатыр. Бұл жаңа қойылымды осы қазан айының басында опера театрының залында Алматы жұртшылығы аса жылы қабылдап, алғаш тамашалады. Енді ол астанаға жол тартты. Абыз хакімнің қайтыс болғанына 120 жыл толуымен орайласқан көпжылдық тынымсыз еңбектің мәуелі һәм игілікті жемісіндей, қазақ топырағындағы қайран қалдырған қапысыз өнер жаңалығы  осынау моноопераның өмірге келуі, оның түрлену, кемелдену баспалдақтары хақында өміршең де өзекті шығарманың авторы әрі орындаушысы Шахимардан Әбілов әңгімелеп берді.

Әріден бастасақ, хакім хақындағы бұл моноопераның тууының өзі бүтін бір тарих. 1981 жыл. Консерваторияда жас ұстазбын. Ол кезде жас әншілердің кафедраға арнап жылына екі рет концерт беретін дәстүрі бар-тын. Концертті консерватория ұстаздары түгел тамашалап, тыңдап, сосын жақсысын жақсы деп, қандай кемшіліктері барын да нұсқап көрсетіп, ұстанған мақсатын, ден қойған ерекшелігін жан-жақты сипаттап талдайды.

Әрине, консерватория болғаннан кейін бірінші әлемдік классикаға көңіл бөлінеді. Орыс, неміс, итальян, француз шығармаларын алдыңғы кезекке қоямыз да, өзіміздің қазақ классикасының жауһарларын тасада қалдырып, екінші кезекке  ысыратынбыз. Намысқа тиетін осы тәуелділік жағдайға әбден көнбістеніп, иіміз қанып икемделгеніміз сонша, бір-екі төл шығармамыз қосылғанға мәз болатынбыз. Сол кездердегі үкіметтік концерттерде Ермек, Бибігүл сияқты дүлдүл, бұлбұлдарымыздың өзі екі әнді орысша, біреуін ғана қазақша айтатын. Әлбетте, қорланатын, еңсені басатын назалы һәм өкінішті жағдай.

Бұл жағдаят маған үлкен ой салды. Бірінші концертіме дайындық барысында ішімнен алаңдап жанып-күюім бір бөлек, оның үстіне ұстаз ретінде, әнші ретінде көп ойланып, толғанып, қазақтың айтылмай жүрген халық әндерін іздей бастадым. Одан соң Біржан сал мен Ақан сері, Мұхит, Естай, т.б. Бұл дегеніңіз  жатқан бір тұңғиық терең теңіз. Біз әлі де болса әлемге осы жайқын да жауһар классиканы кеңінен ашып, жарқыратып көрсете алмай, ән өнеріндегі төл табиғатымызды таныта алмай жатырмыз-ау деген қамкөңіл ой келді маған. Енді мен осыған Абайды қостым. Айтылмаған белгісіз әндерін іздедім.

Осылайша, тырнақалды тұңғыш концертім қазақтың халық әндерімен, сал-серілеріміздің әндерімен һәм Абай туындыларымен айшықталып алқаланды. Ойымды, жан-жүрегімді осы шақта бір ерекше сезім, бөлекше ғажайып толқын тербетіп тұрып алды. Ол Абай әлемі. Біз жер-жаһанға әнімізді, өлеңімізді, өнерімізді, ақыл-парасатымызды Абай арқылы ғана таныта аламыз деген ішкі түйсікке табан тіреп бекіндім. Сондағы өзімше ашқан бір жаңалығым сол, әр шығарманың орындалуын, диапазонын аңдатпамен көмкеріп, мазмұн-мағынасын түсіндірмемен, әнге қатысты тарихпен толықтырып отырдым. Себебі, ойсыз тыңдалған ән мәнсіз, нәрсіз. Осыны дәл аңдаған ән-хор факультетінің деканы, ән кафедрасының профессоры Нәдия Абдрахманқызы Шәріпова: "Мұндағы бірінші жаңалығың  аңдатпа. Студенттерге, жалпы тыңдарманға ғылыми-танымдық тұрғыдан осылай түсінік беріп, ән рақатын сыйлаумен бірге ой көкжиегін кеңейту өте маңызды" деп қанаттандырды.

Тағы бір жаңалық сол, осы концертімді дайындау үстінде Абайдың "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" деген мәшһүр өлеңіне Еркеғали Рахмадиевтің студент кезінде жазған романсын тауып алып, репертуарыма енгіздім. Романс жазылған, сол күйінде қалған, ешкім орындамаған, ұмытылған.  Диапазоны кең, дыбысталуы биік, дауыс өте жоғары октаваларда кең тыныспен күңірене шарықтайды. Қазақтың қасіреті мен мұңы. Міне, осыдан бастап мені дәйім бір ой мазалады: " Осы мен Қазақстан композиторларының Абай өлеңдеріне жазылған романс-әндеріне неге кіріспеймін? Осы орайдағы Сыдық Мұхамеджанов, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев шығармаларын  жеке концерттік бағдарламама неге кіргізбеймін?" деп толғандым. Толғандым да сол игілікті істі қолға алдым.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі шерлі, шеменді күндер. Жыл соңына таман Композиторлар одағының ертеден  жоспарланып қойылған кезекті пленумы болды. Қанды қырғыннан бері көп болса он-ақ күн өткен, санамыз сансыраған, жанымыз қансыраған қиын заман. Мені пленумда ән айтуға шақырды. Ішім күйіп, көкірегім алаулап жүргем. Алаңда болғам, бәрін көргем. Көзім толған жас. Содан ішкі бір буырқанған арпалыспен Абайдан "Қалың елім, қазағым, қайран жұртымды" таңдап айттым. 81-жылы айтылғанда тыңдаушылар мән бермеген, сірә, өзім де бұл жолғыдай толқымағам. Ал осы жолы қарасам, залдағы жұрт жылап отыр. Романстың авторы Рахмадиев өзі жоқ, іссапармен Чехословакияда жүрген көрінеді. Мұнда әнді тыңдаған әріптестері бұл романсты Желтоқсан қасіретіне іштей қарсылық ретінде осы таяу күндерде жазылған екен деп ойлап қалыпты. Жұрт жапатармағай мені де жаңа романсты айтуыммен құттықтап жатыр. Еркеғали ағамыздың орынбасары, яғни консерватория проректоры, Абай әндері бойынша зерделі зерттеу кітап жазған белгілі музыкатанушы профессор Ғафура Нұрғалиқызы Бейсенова қатты әсерленіп, қамығып, залда еңіреп жылап отырғаны күні бүгінгідей көз алдымда. Содан ол кісі Рахмадиев Чехословакиядан келгесін: "Ереке, ойпырмай, сізге рақмет! Мына қасіретті күндерде қазағын қайғырып, мұңдаған Абайдың ғаламат сөзіне мынадай керемет романс жазған екенсіз. Біз соны Шахимарданның орындауында тыңдап, шерімізді тарқаттық" деп құттықтап, жаңалық хабарды сүйіншілеп жеткізеді.

Сөйтсе, Еркеғали аға жас кезінде осындай романс жазғанын ұмытып та қалған. Жөппелдемеде бірден есіне түсіре алмай: "Ондай романсым бар ма еді?" деп, кабинетіне мені шақырып алды. Мен мән-жайды түсіндіріп, бұлтартпас айғақ ретінде баяғыда өз қолымен таңбаланған нотасын көрсеттім. Ерекең қатты таңырқады, әжептәуір толқыды.

Ойпырмай, Шахимардан, айналайын! Мен ұмытып қалыппын. Сен өшкенді жандырдың, ұмытылғанды тірілттің. Абайдың ұлы өлеңіне дем үрлеп, жан бітірдің, деп, ғажаптанып қуанды.

Осы күтпеген жағдайдан жан дүниесі нұрланып, шалқар шабыт бесігінде әлдиленген сазгер Рахмадиев ендігі жерде ой-толғаныстарын тау бұлағындай ағындатып, алғашқысына қосымша, тағы 6 романс жазып тастады. Бұл 7 романс  қазақтың классикалық романс өнеріндегі жеті шығармадан тұратын тұңғыш вокалдық цикл, баламасы жоқ ғажап топтама. Менің пайымдауымда, хакім Абайға деген жан-жүректің тереңінен шыққан ұлы құрмет, ұлтын ұлықтап сүйген ұлы композиторлардың ғана қолынан келетін ғибрат. Үш-төрт романс жазғандар бар, ал ағыл-тегіл күйленіп, тоқтамастан, қасиетті сан  жетеуге жеткізген осы алғаш рет, ұлы ұстазым Рахмадиев.

Бұл ғажайыптың өзіме арналғаны мені бір жағынан мерейлендірсе, екіншіден, таудай жауапкершілік арқалатты. Сөйтіп, дереу іске кірісіп, осы романстарды көпшіліктің алдында, сырбаз сахнада шырайын келтіріп шырқауға дайындай бастадым. Неге десеңіз, бұл топтама циклдағы фортепьянолық фактура өте күрделі, қиын алынатынын аңғардым. Абай жұмбағымен, Абай күңіренісімен, Абайдың ән әлеміндегі асқар шыңымен үйлескен, өзгеше жазылған ерекше дүние.

Енді бір қызығы сол, Ерекең: "Шәке, мұны біз Жазушылар одағында талғамы мен толғамы жоғары, ұлтымыздың қаймағы, зиялы қаламгер қауымға көрсетіп, тыңдатып, сынатуымыз керек" деп міндет қойды. Еркеғали ағаның көңіл қалауын түсініп тұрмын. Көне асылды жаңғырта отырып, заманауи мәнерде жазылған жаңашыл дүниесін ең талғампаз тыңдарманға ұсынып, қатаң да болса әділ бағасын алғысы келеді. Бұл романстардың ішінде шатырлаған найзағайларды, жарылып жатқан бомбаларды әуелі ұлттың ұйтқысындай ақын-жазушылар өз жүрегінен өткізіп, жанымен ұғынып тыңдасын, санасына сіңірсін дейді.

Сонымен, ойға алған концерт Одақта сәтімен өтті. Бүкіл жазушы қауымының қатаң сыни сүзгісі ақырында ықылас-ілтипатымен аялады. "Қалың елім, қазағым...", "Жаздыгүні шілде болғанда", "Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да", "Қара қатын", "Сіз  қырғауыл жез қанат", тағы басқа романстар мен әндер жүректерге жетті. Бұл концертім өзіме деген сенімімді нығайтып, бекіте түскен басты репетиция, міншіл емес, тілектес әрі сыншыл сынақтың алтын көпірі болды.

Содан Абай өлеңдеріне жазылған романс-әндердің кең көлемді концертін беруге ендігі жерде мүдделі мақсатпен, тіптен тыңғылықты дайындала бастадым. Осы ретте Қазақстан композиторларының ұлы ақынның рухымен тыныстаған 30-ға жуық романсын тауып, игердім.  Бір ғажабы, бұл орайда үлкен-кішілі қазақ сазгерлері тарапынан ықыласты қолдауға кенде болмадым. Мысалы, 1987 жылы Төлеген Мұхамеджанов менің айтуыма лайықтап, Абай сөздеріне әлемдік деңгейдегі 4 романс жазды. Олар да пленумда орындалып, Төлеген үлкен абыройға бөленді. Одан соң Мансұр Сағатовтың "Домбыраға қол соқпа", Мыңжасар Маңғытаевтың "Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?" өлеңдеріне жазылған романстары да менің орындауыма арналды. Ал тамаша сазгер Бақтияр Аманжолов Абайдың "Қарашада өмір тұр" әнін фортепьянода сүйемелдеу үшін менің даусыма ыңғайлап нотаға түсірді. Міне, осылайша Абай тақырыбындағы концерттік бағдарламаның репертуары жинақтала берді, көкжиегі кеңи берді.

Бір күні көшеде эстрадалық студияда бірге оқыған, аспандағы аққуға үнін қосқан дәстүрлі айбоз әнші Жәнібек Кәрменов досым кездесіп, маған өзімсініп жабыса кетті. Сондағы айтқаны: "Шәке, сенің өткендегі концертіңді тыңдаған соң маған мынадай ой келді. Мен де Абай әндерінің орындаушысымын, өзің білесің, әрі өзімнің атам. Әйтсе де классикалық үлкен масштабта Абайды сенен басқа ешкім мұншалықты парасатты деңгейде, бүкіл әншілік ішкі-сыртқы мәдениетін сақтай отырып, бар нақыш-бояуын жеткізе, келістіріп айта алмайды. Ол үшін сенің дауысыңдай дауыс, зор биіктік керек, сенің әншілік шеберлігің керек. Айтайын дегенім, келесі концертте мен сенің жүргізушің болайын, Абайдың концертін екеуміз бірлесіп қойып, екі дос айды аспанға бір шығарайықшы".

Осылай дегенде Жәнібектің жүзі бал-бұл жанды. Мұндай тосын ұсыныс менің де көңілімнен шықты. Содан көп ұзатпай Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиевке бардық. Жәнібек айтып жатыр:

Аға, Абайдың қорын ашайық. Концертін жаңа үлгіде қоямыз. Шахимардан әнін айтады, мен жүргіземін. Осыған сіздің көмегіңіз керек.

"Ой-жоспарларың дұрыс екен, қолдаймын" деп сол арада министр батасын, рұқсатын берді. Өнер-мәдениетке шын жаны ашып, шынайы қамқорлық жасайтын Еркеғали ағамыз осындай еді. 1991 жыл. Кеңес үкіметі құлауға бет алған кез. Мәскеуде КСРО Композиторлар одағының кезекті пленумы болды. Мен осы күндерде Мәскеу консерваториясының залында Рахмадиевтің жоғарыда аталып өткен 7 романсын орындадым. Мәскеудің музыкалық бағыттағы газеттері: "Благодаря видному певцу Шахимардану Абилову прозвучал 7 романсов цикла Абай Рахмадиева впервые в истории" деп жарыса жазып жатты. Үш күннен кейін мені Мәскеу телерадиосы сол романстарды таспаға жазып алу үшін қайта шақырды. 10 романс жаздырдым. Лазерлік таспаларға. Алғаш рет. Мәскеулік комиссия жоғары бағалап, қабылдады. Еркеғали аға өмірінің соңғы жылдарында ресейлік Алтын қордағы сол таспаларды алуға әрекет жасаған екен, бермепті, ақысына 50 мың доллар сұраған. Бұл  бір өкініш.

Ал енді Жәнібек Кәрменов досым екеуміздің хикаямызға оралайын. Әні бір бөлек аяулы Жәнібек дәулескер жазушы, қара тілдің де сұңғыла шешені еді ғой. Екеуміз ізін суытпай, 91-92-де, алғашқысын Жамбыл атындағы филармонияның залында "Әнді сүйсең, менше сүй" және екіншісін "Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа" деп атап, екі бірдей лекция-концертті бірінен соң бірін беріп тастадық. Екінші концертте атақты композитор Сыдық Мұхамеджановтың Абай өлеңдеріне жазған 15 ән-романсын орындадық. Жұрт сілтідей тынып, зейін қоя тыңдап отырды. Жәнібектің әңгімесі мен менің әнім домбыраның қос ішегіндей үйлесім тапты. Абайдың ұлы жүрегінің махаббатын, күрсініс-күңіренісін, мұң-шерін, ой-толғанысын, даналық иірімдерін әнмен, әңгімемен екі жақтап жеткізуге тырысып бақтық. Концертте Мәкен Тұрағұлқызы бастаған Абай ұрпақтары да болып, ризашылықтарын білдіріп отырушы еді. Осылайша, Абай даналығын сахнада ән-әңгімемен көмкере жеткізу үрдісі біртіндеп қалыптаса берді.

Жәнібектің бір арманы менімен бірлесіп сахнаға Шәкәрім әндерін шығару болатын. Басқа да көп жоспарларымыз бар-тын. Әттең, 1992 жылдың маусым айында Жәнібек досымнан қапыда көз жазып қалдық. Қазақ өнерінің көгінен құйрықты жұлдыздай жарқырап ағып өткен дос қайғысымен бір жылдай ән айта алмай жүрдім. Содан соң шамырқанып, Абай атамыз бен Жәнібек достың рухына арнап "Өлең  сөздің патшасы, сөз сарасы" атты концертімді іштей мұңая жүріп, тереңнен тебіреніп, жалғыз беріп едім.

Ұлы ақынның 150 жылдығы қарсаңында тағдыр мені Абай мұрасының талмас мирасқор һәм мұзбалақ насихатшысы, қазірде дүниенің төрт тарабына түгел мәшһүр әлемнің алтын жазушысы Роллан Сейсенбаевпен тоғыстырып, жақынырақ табыстырды. Әуелі Роллан Шәкенұлы екеуміз  Семей мен Кереку, Көкшетау мен Қызылжардан бастап, бүкіл байтақ Қазақстанның облыстары мен қалаларында, аудандары мен ауылдарында Абай әндерін әуелеткен, Абай даналығын мәуелеткен 50-ден астам концерт қойдық. Қарағанды, Талдықорған, Алматы, Шымкент, т.б.  соның бәрінде сауапты ән сапарымызды Рөкең өзі басқарып, аса іскер ұйтқы ұйымдастырушысы болып жүрді. Сол шапағатты шақтың шарапатымен ғұлама абайтанушы Зәки Ахметовпен кездесіп, әңгімелесіп, ақыл-кеңесін тыңдауым, ақ батасын алуым, хакімнің даналық сырларын көкірегіме күміс қасықпен сәулелендіре себездеп құйғандай әсер етті. Сонымен қатар қазақ руханиятының алып тұлғалары, классик жазушылар Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, әлем таныған ғарыш ақыны Олжас Сүлейменовтердің разылыққа толы лепестері жанымды жадыратты, әнімді одан әрі асқақтатты. Қайым аға Мұхаметханов "Абайым!" деп құшағына алса, жақсылығымды айтып жанымды сүйіндірген философ ғалым, "Хакім Абай", "Абайдың дүниетанымы мен философиясы" кітаптарының авторы Ғарифолла Есім "Енді сен Абай сөздерін түгел жатқа білуің керек. Өлеңдерін де, ғақлияларын да. Сонда концерттеріңнің жүргізушісі де өзің боласың" деді. Міне, осы сөз маған үлкен ой салды. Абайға барған сайын тереңірек үңіліп, әрбір сөзін үтір-нүктесіне дейін зердем мен жадыма мықтап тоқитын болдым.

Баршаға белгілі, 1995 жыл ЮНЕСКО-ның шешімімен дүниежүзілік Абай жылы болып жарияланды. Міне, дәл осы тұста халқымыздың атағы алысқа кеткен аймаңдай қаламгері, үлкен жүректі ұлтжанды азамат Роллан Сейсенбаев Лондонда Халықаралық Абай үйін ашты. Ұлыбритания корольдігінің ханзадасы Чарльз оркестрінің қатысуымен атақты Барбикан орталығында өткен осы салтанатты шараға қазақ елінің даңқын асырған жұлдыздары, күміс көмей әншілері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова және мәшһүр скрипкашы Марат Бисенғалиевтармен бірге мен де қатысып, қоян-қолтық өнер көрсеттік. Мен онда Чайковский романсы мен Абай ариясын шырқадым.  Би-Би-Си "Бұл керемет оқиға болды" деп бағалады. Шын мәнінде, маған арқауы Абай болатын моноопера туралы ой алғаш рет осы Лондон сапары кезінде келген еді. Тынымсыз ізденістегі неше сан жылдар өткенде сол арман ақиқатқа айналды, Абайға деген жүрекжарды сүйіспеншілік, хакімге деген құрмет халқым алғаусыз қабыл алған моноопераға ұласты.

Иә, кеудеме ақ ниетті қарлығаштай ұя салған моноопераның содан кейінгі толғағы ұзақтан ұзақ 25 жыл,  ширек ғасырға созылды. Өмір бойғы, бүкіл шығармашылық жолымдағы алға жетелеген Абай рухын айтпағанда. Енді Абайға арналған концерттерім ай аралатып, жыл жағалатып жиілеп жалғаса берген. Қай концертті болсын Абаймен бастап, Абай ғибратымен тұздықтап, Абаймен аяқтап отырдым. Өз елімізден бөлек, мың сан тыңдарман жиналған Мәскеу, Киев, Токио, Хиросима, Нагасаки, Түркия, Финляндия, Швеция, Португалия, Германиядағы табысты гастрольдер Абай рухымен тыныстады. Соның бәрінде әлем жұртшылығы Абай әндерін тыңдап, мойындады. Олай болса, бар жан-жүрегімді салып, кемінде жарты ғасырлық шығармашылық ғұмырымды сарп еткен өнерімнің ең биік шыңы Абай концерттері, Абай әндері мен романстары деп айта аламын.

Эксперимент, тәжірибелік үлгі түріндегі бірінші монооперамның дүниеге келген уақыты 2020 жыл деп белгіледім. Осынау алғашқы ән-әңгіме концертіме Абайдың 3-4 романсы, Рахмадиевтен екі ән, Төлеген Мұхамеджановтан төрт ән алынды. Сөйтіп, таза өзіндік өрнекпен шағын моноопераны түзіп шықтым. Әуелі Мәшһүр Жүсіп бабамыздың басына барып Құран оқыдым, сосын Уақат қазірет атамның мазарына зиярат етіп, "Абай жолы" деп атаған алғашқы монооперамды Екібастұздан бастадым. Осы нұсқаны Павлодар мен Астанада қойдым.

Көрермен қауым қанша жылы қабылдағанмен, бұған өз көңілім онша толмады. Түсіндірмелеріме бірқыдыру өзгерістер енгізіп, тағы бес ән үстемеледім. Бұл  моноопераның екінші нұсқасы болатын. Ал  үшінші нұсқасын абайтанудың негізін салған ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов эпопеясын бағдарға ала отырып, "Абай жолы  Хақ жолы" деп атадым. Бұл шығарма 2022 жылы Алматының Абай атындағы опера және балет театрының кіші залында көрермен қауымға ұсынылды.

Содан жылжып 2023 жыл келді. Тынымсыз ізденістермен моноопера толық адам биігіне ұмтыла берді. Өмір мен өнерді, қалың елімізді Абайша сүюге, Абай даналығын ән тілімен ашып түсіндіруге талпындым.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

Міне, бұл Абай хакімнің бізге, бүкіл әлемге, жалпы адамзатқа айтқан өсиеті деп білдім. Сол өсиеттің қасиетін тануға жаңа қырынан кірісіп, жаңа нұсқадағы моноопера, монореквиемді алғаш рет "Толық адам. Ой толғау. Хакім Абай" деп атадым. 3  қарашада осы концертімді Алматы қаласы Алатау ауданының мектеп оқушыларына арналған инновациялық шығармашылық орталығында мұғалімдер мен оқушылар алдында жарыққа шығардым. Абайдың 11 әнін орындадым. Қазақта романс мәдениеті Абайдан басталған ғой. Мұны хакім "әннің де естісі бар..." деп таңбалаған. Демек, Абай әндері әуен ғана емес, ол  ой, даналық, философия. Абайдың ән философиясының ғажабын "Алыстан сермеп, Жүректен тербеп" басталатын "Сегіз аяқтан" сезінеміз. "Қараңғы түнде тау қалғып"-тағы бір арнада тоғысқан үш ғұлама, үш гармония  Гёте, Лермонтов, Абай. Немісше түпнұсқадағы Гёте өлеңіне біраз әндер жазылған екен, бірақ орындала бермейді. Мұражайында "Қараңғы түнде тау қалғып" сұранысқа ие, жиі орындалады. Мұны да Абайдың бір тылсымы деп білуіміз керек. Біз әлеуметке осы жайттарды ұғындыруға ұмтылдық.

Толыққанды моноопера жасау орайындағы аса маңызды тағы бір жайтты айтпай кетуім әсте мүмкін емес. Абай тақырыбындағы концерттерімнің фортепьяно партиясындағы бірден-бір сүйемелдеушісі ғажап, тума дарын Әлияр Өтетілеу. Моноопераның мақсат-мүддесін жан-тәнімен терең түсініп, сергек сезінеді. Екі сағат бойы шағаладай шарқ ұрған шабытты күйінен әсте жаңылмайды. Ән-романстардың гармониясын сұлу реңмен шебер үйлестіріп, толқындата жеткізіп, ән-әңгіме араларын әдемі жалғап, кей-кейде өз жанынан импровизация да жасап жібереді. Қиын сәттерде тосылмайды. Әлиярдың саусағынан, жан-жүрегінен әуелеген әуезді әуен мені де толқыта шабыттандырып,  тыңдарманды ән самаласына сілтідей тындырып, сиқыр саздың шаттығына бөлейді. Ана тілімізге де жүйрік. Абай шығармаларын жақсы біледі. Бұл кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Алла қаласа, алда моноопераны екеулеп оркестрге салып, Абайдың 180 жылдығына арнап үлкен қойылым ұсынуды жоспарлап отырмыз.

Дегенмен  осы орайдағы ізденісімді бір сәтке де тоқтатпадым. Соның арқасында, хакім аруағының қолдауымен биыл, яғни 2024 жылы әуелі Павлодарда, одан соң осы жақында ғана Алматы опера және балет театрының үлкен залында табысты қойылған "Абай. Толық адам. Ой-толғау" монооперасы өзінің жаңа биік белесін бағындырып, руханиятымыз бен мәдениетіміздің киелі кеңістігіне жол тартты.

Ал енді осы менің толық адамым неден шықты? Әлбетте, Абайдың толық адам ілімін көзіқарақты қазақтың бәрі қайткенде де, әр деңгейде болса да білетіні сөзсіз. Ұлы ақынымыздың 175 жылдығы кезінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сапармен Семейге барды, Абай, Ақылбай, Мағауияның ескерткішін ашып, халқымызға тағы бір қуаныш сыйлады. Мемлекет басшысы Абайды үнемі айтып жүреді, әрқашан Абай ұлағатына жүгінеді, сөзін Абайдан бастайды. Бір сөзі мынадай: "Абайтану  адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы. Ғылымға, өнерге, білімге басымдық беруі кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз   осы". Қасым-Жомарт Кемелұлының осы сөздері моноопераны көркейтіп, жақсартып, кемелдендіре түсу орайында маған үлкен ой салды, ойыма ой қосып, көмектесті.

Менің пайымдауымша, кемел адам, кемеңгер ойшыл дегеніміз ең алдымен ақыл-парасатты білдіреді. Қазақ топырағында ол Абай мектебі, хакімнің даналығы, толық адам философиясы. Ойдың терең қайнардан шығып, жоғарыға өрлеуі. Ойдың биік шыңы, аласармас асқары. Абайша толғағанда, "Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті  Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек". Ал "...ғылым сол үшеуінің жөнін білмек". Бұдан асырып қалай айтарсың? Біз Абай өлеңдерін, әндерін, ойы мен сезімін, күйініші мен қуанышын, қазағы мен заманы жайлы күңіренген толғаныстарын пайдалана отырып, толық адамның сахналық бейнесін жасауды мұрат тұттық.

Иә, ақыл-парасат дегеніміз, әл-Фарабидің айтуынша, адамның ойлануына, пайымдануына, ғылым мен өнердің қыр-сырына қанығуына мұрсат беретін, жақсы мен жаманды ажыратуға септесетін қуат, күш. Әл-Фараби елді ғылыммен бақытты қылғысы келді. Абай өз заманында осы ізгі мұратты жалғастырып дамытты. Өлеңінде де, қара сөзінде де. Қазағын сынай отырып жоғары көтеруге ұмтылды. Зар күйін төкті. Жүректе сөз қуатымен жарыққа шығара алмайтын бір қасиет бар. Сол күйініш пен сүйініш сырларын "көңіл құсын шартарапқа құйқылжытып", әуен-саз, "әсем ән мен тәтті күй" арқылы жарыққа шығарды. Абай өлеңдерінің лейтмотиві, гармониясы ерекше. Тақырыбы сан алуан. Көңіл күйі, махаббат пен ғадауат, табиғат, әлеуметтік, азаматтық лирикалары тұнып тұрған өмір. Әр өлеңі  бір-бір философия, бір-бір даналық. Қара сөздерін былай қойғанда, әрбір өлеңі адамның рухын имандылыққа, тазалыққа, ілімге, рас сөздің қасиетін білуге шақырып, хаққа жетеледі. Рас сөз дегеніміз не? Бұл сұраққа ең керемет, ең данышпан жауапты да Абайдан таптық: "Алланың өзі де рас, сөзі де рас". Бұл жолдарды Құран сөзіндей қабылдамайтын қазақ жоқ. Өйткені, Абайдың аузына Алла сөз салған. Ал  "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп"  Абайдың әлемдік, жалпыадамзаттық аласармас асқары. Қырық бесінші сөзіндегі: "Адамшылықтың алды  махаббат, ғаделет, сезім" дегені адамгершіліктің ережесі, адам болудың шарты, толық адамдыққа жетелейтін ғибрат емес пе! Міне, толық адамның осындай кескін-кейпі, тұжырымдамасы мені осылайша әсерлендіріп, ғажайып сезімдерге бөлеп, шабытымды шалқытқан, ойымды шарықтатқан қанат бітірді. Осының бәрі хакім Абай хақындағы монооперамыздан өз өрнегін тапты деп, жүректерде бір-бір шырақ жақты деп, халқыма, қазағыма мен де бір өнер олжасын салдым деп үміттенемін. Ол Абайтанудағы ән асқары болсын деп тілеймін. Дәйім солай болғай!

 Әмин! Айтқаныңыз келсін! Осылай болуына біз де тілектеспіз.

 

Сұхбаттасқан Қорғанбек АМАНЖОЛ,

ардагер журналист, халықаралық

"Алаш" әдеби сыйлығының иегері,

Алматы қаласы