Астанадағы ÓzgeEpic креатив хабында ауылдағы білім ошақтарының тыныс-тіршілігіне арналған «Ауыл мектебі» фотокөрмесі ашылды. Бұл көрме шалғай ауылда орналасқан бір мектептің өмірін, ондағы өзгерістерді сипаттайды.
ÓzgeEpic-те – өзгеше көрме
543
оқылды

Көрменің басты идеясы – ауыл мектептеріндегі жаңа­­шыл бастамаларды көрсету. Фото­көр­ме өңірлердегі білім ошақ­­та­ры­ның жаңа тех­но­ло­гия­лар­ды иге­руін, бәсекеге ұм­ты­лы­сын, ел­­­­­діме­кен­нің дамуына ти­гіз­ген әсерін, жер­гілікті тұр­­­ғын­­­­дардың болмысы мен күн­де­лік­ті тіршілігін айшық­тайды. Фотокөрмені ÓzgeEpic креатив хабы ұйымдастырды, Бі­лім беру саласын тұрақты да­мыту қоры (furo.kz) қолдады. Көр­меге қойылған суреттердің ав­торлары – танымал фото­сурет­ші­лер Әйгерім Бегімбет және Сә­бина Әбдімәлік. 

Жоба кураторы Тоғжан Құ­рманжанқызының ай­туын­ша, фотокөрме арқылы ауыл­дарда да түрлі құрал-жаб­дық­тармен қамтылған заманауи мек­тептер жасақтау мүмкін еке­нін көрсету мақсаты болған. 

«Ауыл мектебі» фото­көр­ме­сі­нің басты идеясы – ауыл мек­теп­теріндегі жаңашыл бастамаларды көр­сету, оқушылардың білімге ұм­тылысын, жаңа техно­ло­гия­лар­ды игеру жолындағы жетістік­терін көрнекі түрде көрсету. Фо­то­көрме өңірлердегі білім ошақ­­­тарының тыныс-тіршілігі мен елді ме­кен­дердің дамуына тигізер ықпалын айқын бейнелейтінін ерекше атап өткім келеді. Ауыл үшін бұл мек­­тептер білім беру мекемесі ға­на емес, өркениеттің ұясына ай­­налып отыр. Жоба барысында біз мектеп ұжымымен, мектеп ди­­ректорымен, мектеп оқу­шы­лары­­мен тығыз жұмыс істедік. Осы кезде ауылдағы білім берудің жаңа дәуірі басталғанын сезіндік. Қаланың озық мектептерінен қа­лыспайтын, кей жерінде оза­тын мектептер ауылда да бар еке­нін көрдік. Сондықтан да біз бұл ізгі өзгерістердің өнер туын­ды­сына айналғанын, таралғанын қа­ладық. Өнер ол тарихтың, қо­ғамдық өзгерістердің шежіресін жа­саушы. Біз қарапайым ауыл мек­тебі туралы оқиғаның ше­жіре­сін жасадық деп ойлаймын. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылының мысалы арқылы біз шалғай ауыл­дардың әлеуетіне сендік. Мек­тептің барлығы осы көрмедегідей оң өзгерістерге бағыт алатынына се­неміз», – дейді Тоғжан Құр­ман­жан­қызы. 

Фотокөрмені ұйым­дас­ты­ру­­шы ÓzgeEpic креа­тив хабы 2019 жылы құрылған, қазіргі таңда еліміздің үш қаласында – Аста­на, Алматы және Түркістан тұ­рақты жұмыс істеп келеді. Креа­тив хабтың мақсаты – бәсе­ке­ге қабілетті заманауи қазақ өне­рін дамыту және қоғамның мәдени санасын арттыру, соны­мен қатар, дарынды, зияткер жас­тарға қолдау әрі тәлімгерлік көрсету. 

«Біздің мақсатымыз – әлеу­меттік-мәдени құндылықтарды жалпы көпшілікке, жастарға жет­кізу. Қала және ауыл жастарына мә­дени-рухани құндылықтарды тең қолжетімді ету. Осы себептен де бізге Білім саласын тұрақты дамыту қорының ауыл мектеп­терін дамыту жобасы өте қатты ұна­ды. Өзіміз жобамыздың кон­цеп­циясын ұсынып, қолдау ал­дық. Осылайша қазақстандағы ауыл мектептері туралы алғашқы көрмені өткізіп отырмыз», – дей­ді ÓzgeEpic директоры Тоғжан Құр­манжанқызы.

«Ауыл мектебі» фото­көр­­­ме­сіне Білім беру саласын тұрақты да­мыту қоры қолдау көрсеткен. Аталмыш қор елімізде ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасы теңсіздігін азайтуға бағытталған жобаларды іске асырады.

«Біз қала мен ауыл ара­сын­да­ғы білім беру сапасындағы ал­шақтықты азайтуға бағытталған ком­мерциялық емес жобаларды іске асырамыз, оған екі бағыт кіре­ді: мұғалімдердің біліктілігін арттыру және ауыл мектептерінің материалдық базасын жаңарту. Қор серіктестер мен демеушілер­дің қолдауымен осы мақсаттағы әр­түрлі жобаларды жүзеге асы­ра­ды. 2022 жылғы 14 шілдеде «Қа­зақ­стан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қо­ры және Назарбаев Зияткерлік мек­тептері меморандумға қол қой­ды. Меморандум аясында се­рік­­­тестер «Ауылдық жерлерде ті­рек мектептердің әлеуетін да­мы­ту» жобасын іске асырып ке­ле­ді. Біздің мақсат – 2026 жылға дейін еліміздің барлық 169 ауда­ны мен 27 моноқаласын қамту. Сол себептен стратегиялық се­рік­тестер және демеушілермен ын­тымақтастыққа ашықпыз», – де­ді Білім беру саласын дамыту қо­рының директоры Данияр Тоқ­тарбаев.

Фотосуретшілер ретінде ÓzgeEpic креатив хабы­ның түлектері, кәсіби авторлар Әй­герім Бегімбет пен Сәбина Әб­дімәлік шақырылған. Шығар­ма­шылық топ «Ауыл мектебі» жо­басын үш ай зерттеп, зерделеп, жа­рыққа шығарып отыр. 

«Бүгінде фотосурет өнеріне бой­лайтын адамдар, әсіресе кә­сі­би мамандар көп емес. Ал әлеу­мет­тік мәселені, соның ішінде шал­ғай аймақтардағы ауыл ішін ара­лап, ондағы тыныс-тіршілікті объек­тивіне сыйдыратын фото­су­рет­шілер тіптен аз. Бұл жобаға сон­дай бірегей фотографтар Әй­герім Бегімбет пен Сәбина Әб­ді­мәлікті арнайы шақырған болатынбыз. Әйгерім Бегімбет – жур­налист әрі фотосуретші. «100 жаңа есім» жобасының жеңім­па­зы. «Үркер» ұлттық сыйлығының лауреаты. «Тіршілік», «Түркістан әйел­дері» фотокөрмелерінің ав­торы. Ал суретші-фотограф Сә­би­на Әбдімәліктің жұмыстары Алматы, Атырау, Астана қа­ла­ла­рында қойылған. «Түсте» ат­ты же­ке фотокөрмесі өткен. Фо­тоөнермен қатар, деректі фильм­дер түсірумен айналысатын кәсіби жан», – деп атап өтті Тоғ­жан Құрманжанқызы.

Бұл көрмеге Жамбыл облы­сы Жуалы ауданы Бауыр­жан Момышұлы ауылының Әли­хан Бөкейханов атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде тү­сіріл­ген фотосуреттер қойылған. Екі ауысымда 603 бала оқитын білім оша­ғы былтыр тірек мектептер же­лісіне қосылыпты, соның ая­сын­да материалдық-техникалық ба­засы толық жаңарған. Сәй­ке­сін­ше түрлі үйірмелер ашылыпты, қазіргі таңда телестудия, робот техникасы, қолөнер шебері, дра­ма өнері, домбыра, шахмат, арт-с­тудия жұмыс істеп тұр. Көрменің фотографы Әйгерім Бегімбеттің айтуынша, «Ауыл мектебі» – шал­­­ғайдағы білім беру меке­ме­ле­рі­нің зияткерлік әлеуетін көпші­лік­­ке танытуға бағытталған шы­­­­ғармашылық жоба. 

«Жобаға бізді шақырған кез­де, әрине, қуандым. Бір апта бойы оқушы сияқты таңғы 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін мектепке қа­тынап, сабаққа қатысып, асха­на­сынан тамақ ішіп, суретке тү­сірдік. Заманауи үлгіде жаб­дық­талған мектепте нешетүрлі үйірме бар. Тіпті телестудия бар. Оқу­шы­лар ауылдың жаңалығын жа­зып, камераға түсіреді, мон­таж­дап, дайын дүниені мектепке қойыл­ған теледидар экранынан көрсетеді. Қызыға да қызғана қа­райсың. Біздің бала күнімізде мұн­дай игіліктер болған жоқ. Тү­сірілім барысында көптеген шы­найы кейіпкермен таныстық. Мек­тептің тыныс-тіршілігін, он­да­ғы кейіпкерлердің әдемі ар­ман­дарын боямасыз көрсетуге тырыстық», – дейді фотожур­на­лист.

Көрме барысында фото­су­рет­шілер шығармашы­лық ойларын ортаға салып, көрменің бірнеше кейіпкерін – Әлихан Бөкейханов атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің ұс­таз­дары мен оқушыларын таныс­тырды. 

Сондай кейіпкердің бірі – 6-сы­нып оқушысы Ақмаржан Оң­дасын өзінің «Ақылды экожы­лы­жай» жобасын таныстырған. Ол жетекші ұстазы Кененбаева Гүл­шатпен бірге қызғалдақ өсіру үшін жылыжай құрылысын салу жә­не оны өсіру жолдарын зерт­теген. «Ең бірінші экожылы­жай­дың қаңқасын құрып, полиэтилен пакетпен қаптадым. Суды және жарықты үнемдеу мақсатында там­­шылатып суару техноло­гия­сын пайдаланып, жасанды жа­рық­шамдар орнаттым. Ауаны мик­роағзалардан тазарту мақ­са­тында ауа ылғалдандыратын қон­дырғы және температура, жарық, ылғалдылық пен топырақтың ор­тасын зерттейтін датчиктер ор­наластырдым. Қызғалдақты ар­найы ыдыстарға егіп, жылы­жайды жылыту үшін биогазды пай­даланамын» дейді Ақмаржан. Осы жобасымен ол «Дарын» рес­публикалық ғылыми-практи­ка­лық орталығы ұйымдастырған об­лыстық байқауда 1 орын, рес­публикалық кезеңде 2 орын ал­ған. Ақмаржан мектеп ауласында ғы­лыми зерттеулер жүргізу үшін шағын жылыжай салынып, ол жерде өзі сияқты жас зерттеу­ші­лер­мен осы идеясын жүзеге асы­ру­ды армандайды. 

«Ауыл мектебі» – көшпелі көр­ме. Алдағы уақытта Алматы жә­не Түркістан қалаларында өт­кізу жоспары бар. Ал елордада кү­ні кеше ашылған фотокөрмені 30 қарашаға дейін тамашалауға бо­лады.

Айдана НҰРМҰХАН