Медицина саласында жиі қолданылатын, бірақ көбіміз атауын естісек те, оның адам денсаулығына тигізер пайдасына үңіле бермейтін хирургиялық жіп туралы білесіз бе?
Бактерияға қарсы «ақылды жіп» жасады
262
оқылды

Бұл несімен маңызды десеңіз, хирургиялық жіп – отаның сәтті өтуіне, асқынулардың алдын алуға, сондай-ақ науқастың қайта қалпына келуіне ықпал ететін маңызды құрал. Алайда хирургиялық жіп ота кезінде пайдаға жарағанымен, кейде ұзаққа шыдамай, өмірге қауіп төндіруі ықтимал. Себебі хирургиялық жіпке бактериялардың қонуы инфекциялардың пайда болу ықтималдылығын арттырады. Бұл жарада жұқпалы процестердің басталуына әсер етеді. Дегенмен қазір отандық ғалымдар бұл мәселенің алдын алуда бірқатар ғылыми жобаны қолға алып отыр. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және хи­мия­лық технология факультетіндегі белгілі химик-ғалым Әлия Оспанова бастаған ғалымдар ота кезінде пайдаланылатын хи­рур­гия­лық жіпті жетілдіріп, бетіне антибак­териалды жабын жасап шығарған. Ғалымдар әзірлеген жіптердің арнайы жабындары бар, сәй­кесінше, олар бактериямен күресіп отырады. Тағы бір атап өтерлік маңызды жайт, аталған ғылыми жоба елімізде тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр.    

Ғалымның сөзінше, осы күнге дейінгі зерт­теу нәтижелері Қазақстанда жаңа жұ­мыс орындарын ашуға, медициналық өнім­дердің экспортын арттыруға мүмкіндік бе­ре­ді. Бұл өз кезегінде еліміздің ғылыми және өндірістік әлеуетін арттырып, халық­аралық нарықта бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді. 

– Шынында да, біздің ғылыми топтың осы бағыттағы жұмысы өте қызықты әрі маң­ызды. Біз импланттар бетіне антибактер­иалды жабындар орналастыру тәсілдерін зерттеп, олардың тиімділігін сынап көріп, ғылыми жұмысымызды медицина саласына бағыттадық. Хирургтерде хирургиялық жіп­тердің бетін қорғау мәселесі әрқашан өзекті. Жіптер ота кезінде инфекцияның таралуына себепкер болуы мүмкін. Осыған байланысты біз антибактериалды жабындарды жіптерге қолдану мүмкіндігін зерттей бастадық. Хи­рургтер идеяның тиімділігін түсініп, анти­бак­териалды жабындарды жіптерге қолдану қажеттігін қолдады, – деді ол. 

Отадан кейінгі асқынуларды азайтуға әсер етеді

Ғалымдар әзірлеген «ақылды хирургия­лық жіптердің» құрамы биоүйлесімді және биоыдырағыш полимерлер мен антибак­териал­ды агенттерден тұрады. Биоүйлесімді полимерлер жіптің беріктігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар олардың ағзаға сіңуі кезінде теріс реакция болмайды.

Ал антибактериалды агенттердің басты мақсаты – отадан кейін инфекциялардың алдын алу. Антибактериалды агенттің қыз­меті өте маңызды, себебі хирургиялық жіп­тер арқылы жұқпалы инфекциялар денеге енуі мүмкін. Ал «ақылды жіп» бактерия­лардың артуына мүмкіндік бермейді. Әлия Оспанова жіп­терді медицинада қолдану қауіпсіз екен­ін және ағзада ешқандай аллергиялық немесе қабыну реакцияларын тудырмайтынын айтады. 

– Қазір ғылыми тобымыз бірнеше ба­ғытта жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дей­інгі зерттеуім ағынды суларды ауыр және улы металдардан тазарту әдістерін әзірлеуге арналды. Бұл бағыттың ғылымдағы маңызы өте зор, өйткені ауыр металдар мен улы зат­тар табиғи ортаға түскенде экологиялық және адам денсаулығына ауыр салдарын тигізеді. Сондықтан ағынды суларды тиімді және экологиялық таза әдістермен тазарту мәселесі қазіргі кезеңде өзекті. Бүгінде зерт­теу жұмыстарымыз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасы негізінде жүр­гізілуде. Ғылыми тобымыз импланттарға антибактериалды жабындар әзірлеу және қанды тоқтатуға арналған таңғыш материал­дарды жасау бағытында белсенді жұмыс істеп келеді, – деді ғалым.

Реабилитация процесі жеңіл әрі қауіпсіз өтеді

Антибактериалды жабындар им­п­ла­нт­­­тардың инфекцияларға қарсы тұру қабілетін арттырып, отадан кейінгі ас­қынуларды азай­туға әсер етеді. Ал қанды тоқ­та­туға ар­налған таңғыш материалдар жарақаттан кейінгі қан кетуді жылдам тоқтатуға көмек­теседі. 

Онымен қоса, ғалымдар әзірлеген «ақ­ыл­ды жіп» дәстүрлі жіппен салыстырған­да бірқатар ерекше қасиетке ие. Оның ең басты артықшылығы – антибактериалды қасиет­тері. 

– Хирургиялық жіп механикалық тұрғы­д­ан жоғары беріктікке ие. Олардың құрылы­мы біркелкі және өте берік. Бұл хирургиялық оталарда сенімділік пен қауіпсіздікті қам­тамасыз етеді. Жіптеріміз тіндермен және дәрілік заттармен реакцияға түскенде ин­ерт­ті болып қалады, бұл олардың ағзада ал­лергиялық реакциялар немесе асқынулар­ды тудырмауына ықпал етеді. Осы ерекше­ліктердің арқасында науқастардың реа­билитация процесі жеңіл әрі қауіпсіз өтеді. Одан бөлек, хирургиялық жіптеріміз проло­н­гациялау қасиетіне ие. Бұл белсенді заттар­ды баяу және тұрақты түрде босатуға мүм­кін­дік береді. Нәтижесінде, хирургиялық отадан кейін қажетті дәрілік заттар науқас­тарға ұзақ уақыт бойы жеткізіліп тұрады. Ол емдеу процесінің тиімділігін арттырып, ин­фекциялардың алдын алуға көмектеседі, – деді Ә. Оспанова.  

Қазақстанда антибактериалды жіптердің нарығы қалыптаспаған

Ғалым Әлия Оспанова Қазақстанда анти­бактериалды хирургиялық жіптердің нарығы әлі күнге дейін толық қалыптасып үлгермегенін сынап өтті. Ғалымның айту­ын­ша, антибактериалды жіптердің қолда­ны­сы мен сұранысы өзге дамыған елдермен салыс­тырғанда төмен. Ең алдымен, бұл тех­­но­логиялардың салыстырмалы түрде қымбат болуы, нарықта танылмағаны және білімнің жетіспеушілігімен байланысты. Одан өзге өнімдердің кеңінен таралып, қол­жетімді болуына кедергі келтіретін бірнеше фактор бар: импорттық өнімдерге тәуелді­лік, жергілікті өндірістің дамымауы және дәрі­герлердің жаңа технологияларға бейімделуі.

– Қазақстанның медициналық нары­ғын­да антибактериалды жіптер тек ірі ауру­ха­наларда және арнайы клиникаларда қол­­даны­лып жүргені байқалады. Бұл жіп­тердің басты артықшылығы – инфекция­лардың алдын алу және операциядан кейін­гі асқынуларды азайту қабілеті. Сондықтан олар көбіне жоғары деңгейдегі хирургиялық оталар мен күрделі емдеу процестерінде пайдаланылады. Қазақстанда антибак­териалды жіптердің нарығы дамуы үшін қосымша ғылыми зерттеулер, клиникалық сынақтар және өндірістік қуаттарды дамыту қажет. Дегенмен бұл бағытта біздің үмітіміз бар, себебі Қазақстанда медициналық инно­вацияларға сұраныс артып келеді. Анти­бак­териалды жіптер өзінің артықшы­лы­ғы мен тиімділігін дәлелдесе, болашақта үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін, – деді ол.

Ғалымнан қазіргі уақытта «ақылды жіпке» хирургтердің тарапынан сұраныс бар-жоғын да сұрап көрдік. 

– Қазір «ақылды жіптер» хирургиялық тәжірибеде толықтай қолдануға дайын емес, бірақ бұл бағытта зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Әзірге клини­калық зерттеулердің алғашқы кезеңдері аяқталды. Көптеген технология сынақтан өту саты­сында тұр. Бұл «ақылды жіптер» әлі де тол­ық­қанды коммерциялық өнімге айналған жоқ, дегенмен олардың әлеуеті үлкен. Бола­шақта осы бағыттағы ғылыми зерттеу­лер мен клиникалық сынақтардың сәтті жүр­гізілуі нәтижесінде «ақылды жіп­тердің» хи­­рургиялық процедураларда кеңін­ен қол­данылатыны күтілуде. Бұл техно­логия­лар науқастардың сауығуына, отадан кейінгі асқынуларды азайтуға және дәрігер­лердің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондықтан келешекте өнім жоғары сұранысқа ие боларына сеніміміз мол, – деп сөзін түйіндеді химик-ғалым Ә. Оспанова.

Ғалымдар зерттеу жұмысы жақсы нәти­же­ге қол жеткізсе, жоба ел экономикасына, өндірістік және медициналық салаларға үлкен пайда әкелетінін алға тартты. Әлия Оспанова мұның себебін өзіміздің жергілікті шикізатты пайдалана отырып, жоғары сапалы өнімдер әзірлей алу мүмкіндігімен байланыстырды.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы