Өзіміздің көзіміз жеткен, басқа фотосуреттермен салыстыра, өзгелермен ақылдаса отырып қана танылған өнерпаздардың есімін атап кеттік.
«Алтын қор»: тарихи фотосуреттегі кімдер екенін білесіз бе?
Фото: автордыкі
441
оқылды

Біраз уақыт бұрын «Алтын қордың» сайтын қарап отырып, қызықты бір фотосуретке көзіміз түсті. Жай фотосурет емес, тарихи фотосурет деп айта аламыз. Суретте еліміздің өнеріне еңбегі сіңген өнерпаздар бейнеленген. Халықтың музыкалық мұрасы тек аудио не болмаса видеомен ғана емес, осындай фотосуреттермен де құнды екенін ескеріп, арнайы тоқталып өтуді жөн санадық.  

Әуелі «Алтын қорда» берілген мәліметті келтірейік. Ол жерде қысқа қайырған: «Қазақ радиосы музыкалық хабарларының қызметкерлері. Екінші қатарда сол жақтан төртінші – композитор Борис Ерзакович, 1931-1938». Түсірілген жері Алматы екеніне күмәніміз жоқ. Тек уақытын дөп басып айта алмаймыз. 1940-1942 жылдар аралығы болуы керек деп есептейміз. Мақала соңында бұл сөзімізге дәлел де келтіреміз.

Біз «нөмір 1» деп көрсетіп кеткен Ерғожа Қаратаев (1870/1878-1945) болса керек. Атақты «Ақсақ құлан» күйін жеткізген күйші Қамбар Медетовтің әкесі. Қаратай ханның немересі. Ғалым, музыкатанушы Айжан Бердібай «Күйші Қамбар Медетовтың музыкалық ортасы» мақаласында келесідей жазады: «Қ. Медетовтың әкесі – Ерғожаның ән мен күйге ерекше ықыласты екенін А. Жұбанов «Замана бұлбұлдары» мен «Өскен өнер» атты еңбектерінде келтіреді. Е.Қаратаевтың берген әндерін музыка зерттеушісі Б. Ерзакович нотаға түсіріп, өзінің құрастыруымен шыққан «Мұхит әндері» және «Антология казахских любовных песен» деген жинақтарына кіргізген. Соңғы кітабында… бұл әншінің батыс өңірінің сирек айтылатын әндерін орындап, олардың ұмытылып қалмауына өте мүдделі екенін жазған».

Екінші нөмірмен тұрған күйші – Қали Жантілеуов (1902—1993).  Қазақстанның Халық әртісі. Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі әрі консерваторияның алғашқы ұстаздарының қатарында болды. Ахмет Жұбановтың өзі Қали күйшінің өте жоғары бағалаған.

«Қали – боратқан тез екпінді күйдің орындаушысы. «Адай», «Терісқақпай» күйлерді әлі күнге Қалидің өзіндей тарта алмайды десек, қателеспейміз. Ол сонымен қатар, «Баламайсан», «Науайы» сияқты кантиленалы (әндеткен) күйлерді де сызылтып-ақ орындайтын. Оң қолдың шынтағын көтеріп жіберіп, домбыраның дауысын дүр еткізіп Құрманғазы күйлерін орындау шеберлігін де Оқап пен Қали алып келді», – деп жазады Ахмет Жұбанов. 

3. Әбікен Хасенов (1892-1958) – шертпе күй шебері. Қарапайым оқырманның күйші Әбікеннің деңгейін түсіну үшін мына бір сөзбен түсіндіріп кетуге болады. Егер Әбікен болмаса, бүгін дәстүрлі музыкамыздың алтын қоры деп жүрген Тәттімбеттің «Сарыжайлауы» мен «Сылқылдағы», «Бес төресі» мен «Көкейкестісі», бірнеше тараулы «Қосбасарлары» болар ма еді, болмас па еді… Әбікен туралы көзі тірісінде ғалым  Рахманқұл Бердібай жазып кеткен.

4. Манарбек Ержанов (1901-1966) – атақты әнші, Қазақстанның Халық әртісі. Қазақ театры мен операсының алғашқы әртістерінің бірі. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде Е. Брусиловскийдің опералары «Қыз Жібектегі» Шегенің, «Ер Тарғындағы» Сақанның, «Жалбырдағы» Елеместің рөлін ойнап, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Манарбек айтқан «Ардақ», «Ағашаяқ», «Смет», «Топайкөк», «Жанбота», «Ақ қайың», «Қорлан», «Ақ сиса» сынды көптеген әндері алтын қорға енді. Тек өнерпаздық емес, композиторлық қырынан да танылып, көптеген ән мен күй шығарған. 

Қазіргі таңда Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұл» әні көпке танымал.

5. Борис Ерзакович (1908-1997) – музыка зерттеушісі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы, профессор. Фотосуреттегі ұйым Қазақ радиосының музыка редакторы қызметін бастаған. Өз уақытында жаңалығы мол көптеген ғылыми еңбектердің авторы.

6. Қақ ортада Елубай Өмірзақов (1899-1974) отыр.  Ол – актер, әнші. Ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, «Қазақстанның  Халық әртісі» атағын алған алғашқылардың бірі. 1936 және 1958 жылдары Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелдіде» басты рөлді ойнады. 

«Қазақ мәдениеті» энциклопедиясында келесідей мәлімет оқи аламыз: «Өмірзақов актерлік шеберлігінің ерекшелігі сөзінен гөрі сахналық қимыл-қозғалысы мен мимикасында, ол әрбір кейіпкерінің мінезін, табиғатын ішкі сезім дүниесіне лайықтап, өзінің бүкіл дене бітімін құбылтып, құлпыртып ойнауға өте шебер сахна суреткері болған».

7. Оң жақта ең шетінде отырған Евгений Брусиловский (1905-1981) қазақтың кәсіби композиторлық өнерін негізін салған тұлға. Қазақтың алғашқы операсы «Қыз Жібекті» жазған. Жалпы 9 опера авторы. 1992-2006 жылдары Қазақстанның мемлекеттік Әнұранының (Сөзі: М.Әлімбаев, Т.Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Ж.Дәрібаева).  Музыкасын 1945 жылы  Композиторы: Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди жазған. 

8. Жаппас Қаламбаев (1909-1970) қобызшы, Құрманғазы атындағы оркестрдің негізін қалаушылардың бірі. 1934 жылы Алматы қаласында өткен халық өнерпаздарының Бүкілқазақстандық І слетіне қатысқан. 1967-1968 жылдары консерваторияда ашылған қобыз сыныбының алғашқы ұстазы. Бұл жайлы сол кезде ректорлық қызмет атқарған Еркеғали Рахмадиевтың келесідей естелігі қалған: «Өзім ректор болып келе салысымен қыл қобыз класын ашуға асыға кіріскенім… Бұрынырақта, өзім филармонияда көркемдік жетекші болып істеген жылдардағы қыл қобызды күңірентіп тартатын екі адамды есіме алдым. Олар – Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаев еді. Содан соларды іздейін. Әркімнен сұрайын. Ақыры Жаппас ағамызды таптым. Алматыда тұрады екен. Жасы жетпістен асып қалыпты. «Осыларды қалай да қобызшылыққа баулып шығарыңыз», – деп алдына алты баланы салып бердім. Өзім қызметке аға оқытушы етіп қабылдадым». 

9. Науша Бөкейханов (1870-1944) – күйші, Төре күйшілік мектебінің өкілі.  А. Затаевичке «Жігер», «Керілме», «Терісқақпай», «Сыбырлақ», «Қос ішек», «Ысқырма», «Топан», «Салық өлген» сияқты 20-дан астам күйлер жаздырды. Өзі алғашқы мүшесі болған Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестірінің репертуарына 30 шақты күй тапсырған.

10. Оқап Қабиғожин  (1901-1942) де оркестрдің алғашқы мүшесі, негізін салушы. Ахмет Жұбановтан өте жоғары баға алған аз домбырашының бірі. «Оның еркін қимылы, музыканы дәл, нәзік сезінуі, әр ырғағының сергек серпіні мені бірден таңғалдырды. Оң қолы домбыраның шанағын шулатпай, саусақтарын оңды-солды сілтемей қос ішекті тура қағады», – деп жазған Оқап туралы Ахмет Жұбанов.  Оқап Қабиғожин туралы жазғанымызды оқи отырыңыз.

11. Соңғы отырған Константин Ошлаков (1916-1987) – Қазақстанда баянда ойнаудың кәсіби (мамандырылған) мектебін салған музыкант. Әскерде жүргенде көзінен жарақат алып, көру мүмкіндігінен айырылған. Кейін оқуға түсіп, кәсіби баяншы атанады да, 1940 жылдары Алматыға көшіп келіп, Қазақ радиокомитетіне жұмысқа орналасады. Бүгінгі Чайковский атындағы музыка колледжінде алғаш рет баян сыныбын ашқан. Қазақтың ән мен күйі негізінде баянға арналған көптеген шығарма жазған.

Сөз басында бұл сурет 1940-1942 жылдары арасында түсірілген деп жаздық. Өйткені соңғы жазған баяншы Ошлаков 1940 жылы Алматыға келсе, күйші Оқаптың дүниеден өткен уақыты 1942 жыл. Айтар дәйегіміз осы. Талас болуы мүмкін емес.

Құрметті оқырман, бұл сурет түсіндірмесіне өзіміз көзіміз жеткен, басқа фотосуреттермен салыстыра, өзгелермен ақылдаса отырып қана танылған өнерпаздардың есімін атап кеттік. Десе де күйшілер Рүстембек Омаров пен Әлмұрат Өтеғұловты, атақты домбыра жасау шебері Қамар Қасымовты, осы уақытта радиода қызмет жасаған композитор Бақытжан Байқадамов сынды тұлғаларды да өзімізше ұқсатсақ та, көңілде күмән қалған соң арнайы атап өтпегенімізді ескерте кетейік.

Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі