Бүгінде Жаяу Мұсаның үш күйі бар екен.
Жаяу Мұсаның күйлері жайлы білесіз бе?
2,528
оқылды

Қазақ музыка тарихында өз орнын ойып тұрып алған  әншілер аз емес. Олардың бірі – Жаяу Мұса. Баянауылдағы Жасыбайдың жағасында дүниеге келіп, берісі Омбы, арысы Польша мен Литва секілді  мемлекеттерді көріп, жерін басқан. Әрі қазаққа аса танымал «Ақ сиса» сияқты ондаған ән шығарып, өз мұрасын келер ұрпаққа аманаттаған. Осы әндер ішінде бізге жеткен үш күйі де барын білесіз бе?

Бұл күйлер Жаяу Мұсаның ұлы Салықтан жетті. Салық Мусин (Мұсаұлы) 1890 жылы дүниеге келіп, 1970 жылы өмірден озды. Әлкей Марғұлан ол жайлы өз зерттеулерінде атап өтеді. Әсіресе, әкесінің мұрасын келер ұрпаққа аманаттауға қосқан үлесі жайлы арнайы тоқталады.

Жаяу Мұсаның жазып жүрген күнделіктері жайлы айта келе, «бесінші дәптерді 1918-1925 жылдары арасында жазылған. Мазмұны Кеңес дәуірінде жойқын өзгерісті, балалардың тобымен оқу соңына түскенін көрсетуге арналған. Бұл дәптерді Жаяу Мұсаның баласы Салық Қазақстанның сол кездегі Мәдениет министрі Темірбек Жүргеновке әкеліп тапсырған» дейді. Бірақ Ә.Марғұлан «ол дәптердің кейінгі тағдыры не болғаны белгісіз», – деп өкінішін білдіреді.

Біз бүгін ұсынып отырған күйлер 1959 жылы жарыққа шыққан жинаққа енген. Еңбек «Жаяу Мұса Байжанұлы. Ән, күйлер» деп аталады. Нотаға түсірген – Б.Ерзакович. Құрастырған – М. Майчекин. Аталған кітапта үш күйдің нотасы берілген. Олар: «Құмжылан күйі», «Қыз күйі» және «Қыз бала күйі». Әрқайсысына тоқталып өтейік.

«Құмжылан» күйі теріс бұрауда тартылады. Ырғағы түрлі. Күй бірде жеделтеме, енді бірде баяулата орындалады. Б.Ерзакович нотаға түсірген бүгінгі күйді нота жазу тәсілінен өзгеше. Бүгінгі күйді нотаға салу тәжірибесі өткен ғасырдың 60-жылдары қалыптасқан.

Бұл күйдің нақты шығу тарихы жетпеген. Қолымызға түскені әзірге нотасы ғана. Бұл мүмкін құмда өмір сүретін жыланға арналған. Осы аттас жер-су, тау-тас болуы да ғажап емес.

Бұл күй бүгінде тартылып жүр. Ашық дереккөздерден 2017 жылы Павлодар қаласында аталған күйді оқушылардан құралған ансамбль халық алдында орындаған. Төмендегі жазбада «Құмжылан» күйін біз нотаға қарап, мейлінше дәстүрлі орындауды сақтауға тырысып, шертіп шықтық.

 

Екінші күй – «Қыз күйі» деп алатады. Күй тұтас қара шертіспен, теріс бұрауда шертіліп шығады. 1959 жылы «Жаяу Мұса Байжанұлы. Ән, күйлері» жинағында әңгімесі де, деректері де келтірілмеген. Борис Ерзакович нотаға түсірген. Жеткізуші – Салық Мұсаұлы.

Бұл күй айтыс-тартыс үстінде шығуы мүмкін деп жорамалдаймыз. Яғни, жігіттің күйі және қыздың күйі деп тартылып, қарымта жауап ретінде ұсынылуы әбден мүмкін.

 

Үшінші күй «Қыз бала күйі» деп аталады. Нотасы жоғарыда көрсетілген жинақта тұр. Күй нәзік, баяу шертіледі. Әр әуен әрдайым қайталанып отырады. Әуелгі екі күйдегігей қара шертіс те, асығып-аптығу да кездеспейді. 

Күйдің атауына қатысты бірер сөз. Біздің ойымызша, атауы «Қыз бала күйі» деп жазылуы керек. Егер екінші күй қыздың күйі болса, мынау соған жауап. Немесе бір күйде қыздың да, ұлдың да шертісін көрсеткен. Күй тыңдап отырып, арасында ауысып отыратын иірімдерге қарап, осындай ойға келдік. 

 

Бүгінгі күні бұл күйлер қалың көпшілікке белгісіз болса да, жергілікті жерлерде біршама танымал. Мысалы, Павлодардағы Торайғыров университеті Жаяу Мұсаға арналған электронды оқулық шығарған екен. Сол жинақта «Қыз бала күйін» фортепианомен бірге орындалатын шығарма ретінде және «Құмжылан күйі» оркестрге өңделіп түсірілген ноталарын кездестірдік. 

Сөз соныңда күйлер жайлы өз ойымызды жазып кетсек деп едік. Әрине, егер композитордың ұлы «бұл әкемнің күйлері» деп тапсырса, өзге бірдеңе айту артықтау. Дегенмен ішкі түсігіміз «бұл Мұса тартқан халық күйлері болуы мүмкін» дейді. Мұны тек жорамал күйінде ғана қалдырмақпыз. Егер болашақта зерттеушілер осы тақырыптың соңына түсіп, архивтен деректерді тауып жатса, анық-қанығына жетеміз деген сенімдемін.

Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеуші