Quartz сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz Ақ үйдің алаңдаушылығының себебін түсіндіреді.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролин Ливитт: «Қауіпсіздік Кеңесі қытайлық DeepSeek жасанды интеллект ЖИ қосымшасының ұлттық қауіпсіздікке ықтимал салдарын қарастыруда». Фото nbcnews.com сайтынан алынды
Бүкіл технологиялық әлемде бүгін бір ғана тақырып талқылануда. Ол – қытайлық DeepSeek ЖИ моделі. Бұл жасанды интеллект құралына байланысты алаңдаушылық енді саяси кеңістікке де ауысқан сияқты. Кеше (28 қаңтар) АҚШ-тың технологиялық компанияларының акцияларының құлауына байланысты Ұлттық қауіпсіздік кеңесі Қытайдың DeepSeek-r1 қолданбасын зерттей бастады.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролин Ливитт «Қауіпсіздік Кеңесі қытайлық DeepSeek жасанды интеллект ЖИ қосымшасының ұлттық қауіпсіздікке ықтимал салдарын қарастыруда» деген мәлімдеме жасады. Левитт президент Дональд Трамп ЖИ стартапының үлгісін АҚШ-тың ЖИ әзірлеушілері үшін «қауіпті дабыл» ретінде қарастыратынын еске салып, «америкалық үстемдік қалпына келетінін» айтты.
Былтыр желтоқсан айында DeepSeek жаңа ЖИ моделін шығарды. Ол Nvidia H800 чиптерін ЖИ-ді оқыту және әзірлеуге қолданып, бар болғаны $5,6 миллион жұмсаған. Ақылды модельді жасауға қолданылған чиптердің мүмкіндіктері америкалық компаниялар пайдаланатын чиптерге қарағанда шектеулі. OpenAI және Meta сияқты америкалық алпауыттар болса Nvidia-ның озық чиптеріне ондаған миллиард доллар жұмсайды.
DeepSeek-r1 моделінің шығуы технологиялық акциялардың жаһандық сатылымын тудырды. Инвесторлар ертең акциялардың құны түсіп кететінін болжап, қолдарындағы акцияларын сата бастады. Салдарынан акциялардың құны бірден төмендеп, Nasdaq, Dow Jones Industrial Average және S&P500 фьючерстері дүйсенбі күні (27 қаңтар) таңертең құлай бастады.
Бұл туралы толығырақ Aikyn.kz сайтынан оқи аласыз: «Американың технологиялық алпауыттары қытайлық шағын зертханадан қорқып, инженерлерін «соғыс бөлмесіне» жинай бастады» деген талдау жариялады.
DeepSeek стартапы Nvidia акцияларын 17%-ға құлатты, компанияның нарықтық құны 500 млрд долларға төмендеді. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Өткен аптада Ханчжоуда құрылған DeepSeek стартапы OpenAI-дің пайымдау үлгілерімен салыстырғанда үздік өнімділік көрсеткен DeepSeek-r1 моделінің алғашқы буынын ашық кодпен ұсынды. Бұл жаңалық чип өндірушісі Nvidia акцияларын 17%-ға құлатты, компанияның нарықтық құны 500-600 миллиард долларға төмендеді. Акциялар бағасының құлдырауы америкалық компания үшін нарықтық капиталдандырудағы бір күндік ең үлкен шығын болды.
DeepSeek-тің ЖИ-мен жұмыс істейтін чат-бот мобильді қосымшасы App Store рейтингінде бірінші орынға шықты. Жаңа қолданушылардың тасқыны көп болғаны сонша, веб-сайттың жұмысында техникалық іркілістер туды.
DeepSeek зертханасы болса, дүйсенбіде (27 қаңтар) өзіне «зиянды бағдарламалық жаппай шабуылдар» жасалғанын жариялады, стартап жаңа пайдаланушылдарды тіркеуді уақытша шектеуге мәжбүр болған.
Желтоқсан айында өзінің DeepSeek-V3 моделін шығарған қытайлық стартап әлемдік инвесторларды қатты састырды. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролин Левитт осы жағдайды пайдаланып, Байден әкімшілігін «Қытайға осы ЖИ бағдарламасын жылдам алға жылжытуға мүмкіндік берді» деп айыптаған.
Джозеф Байден президент қызметіндегі соңғы күндері Қытайға жетілдірілген чиптерді экспорттауды шектеуге бағытталған қосымша шаралар енгізді. Жаңа ережелер Қытайға ЖИ және әскери мақсатта пайдалануға болатын чиптерді сатуға шектеу қойып, АҚШ-тың экспорттық бақылауларын күшейткен.
Бұндай шектеулердің тиімсіз екенін қытайлық зертхана сыйымдылығы төмен чиптермен де өнімділігі жоғары жасанды интеллект моделдерін жасауға болатынын көрсетіп берді. Стартап қандай жаңашыл тәсілдер мен алгоритмдер қолданғанын технологиялық әлем ғана емес, саяси органдар да тексере бастады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.