Ресми мәліметке сүйенсек, Тараз қаласында 1 442 көше болса, оның ішінде тарихи тұлға және кісі есімімен – 604, жер-су атауымен – 155, дәстүрлі атаулармен – 294, орысша кісі есімімен – 186 және мағынасы ескірген атаулармен тұрған 203 көше бар екен.
Әрине, тәуелсіздік таңы атқаннан кейін заман көшінде саяси мәні кетіп, құндылығын жоғалтқан көше атауларының біразы қазақшаланды. Бұл тұста көне шаһарға тарихи «Тараз» атауы да қайта оралғанын айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, тау тұлғаларымыз тұғырына қонып, санамызда өшуге айналған арыстарымыздың есімі қайта жаңғырды. Десе де, кеңестік дәуірдің дүрмегіндей болып кеткен орысша атаулардың әлі көше маңдайшаларында «мөрленіп» тұрғанын көріп іш қынжылады. Бұл мәселеге қатысты бұқара да өз базынасын жеткізуде.
– Мен Тараз қаласындағы Казаков көшесінің тұрғынымын. Алғаш көшіп келгенде «Казаков деген кім екен, халқымызға қандай еңбегі сіңді?» деген оймен интернеттен іздеп көрдім. Сөйтсем, сонау Ленинград қаласында туған, Кеңес одағының театр әртісі, кино, телевидение саласында еңбек еткен адам екен. Яғни, үш қайнаса да қазаққа сорпасы қосылмайтын, біздің қалаға еш қатысы жоқ азамат.
«Тараз – тарихымыздың темір қазығы», «көне шаһар» дейміз. Алайда атымызға затымыз сай болмай тұрғаны ойландырады. Мен тұратын аймақта «Щусева», «Студенческая», «Перепелкина», «Клара Цеткин», «Дачная», «Караванная», «Козлова», «Памирская», «Ползунова», «Баженова», «Желтовская» деген сияқты көше атаулары бар. Ол адамдардың қазаққа сіңірген қандай еңбегі бар? Көше атауын беретіндей елімізге, облысқа, шаһарға не істеді? Беймәлім. Енді сол атауларды ауыстыратын уақыт әлдеқашан келді емес пе?! Мәселен, «Бірлік», «Шаңырақ», «Ерлік», «Ынтымақ», «Тағылым», «Алтын орда», «Ақ орда», «Алаш» немесе елдіктің туын көтерген қаһарман ерлеріміз бен тарихи тұлғаларымыздың есімімен алмастырсақ болады ғой. «Казакова көшесі» дегенше, «Алаш» немесе «Ыбырайым Сүлейменов көшесі» десе қандай жарасымды.
Әрине, көшелерді қазақшалаймыз деп, бір атауды немесе тарихи тұлғаның есімін қайталай беруге әсте болмас. Алайда қазақта қаншама тамаша атаулар мен қаһарман, есімі ел есінде қалған тұлғаларымыз бар. «Казаков», «Щусев», «Перепелкина» болғанша, неге көше атаулары сондай қазақы ұғым мен нақышта тұрмасқа? Бұл жастардың бойында патриоттық рухты оятып ғана қоймай, өткенге құрмет, тарихи тұлғаларға деген тағзым болар еді. Осыны Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, ономастика саласының мамандары ой елегінен өткізіп, ұлт пен ұрпаққа қалар ұтымды шешім қабылдайды деп сенемін, – дейді қала тұрғыны Гүлбақыт Берікқызы.
Иә, қала тұрғынының сөзі орынсыз дей алмаспыз. Осы орайда көше атауларының неге қазақшаланбай жатқанын білмек мақсатында құзырлы органның есігін қақтық.
– 2023 жылғы 17 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты отырысында берілген тапсырмасы бойынша «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімін өзектендіру мақсатында ономастика комиссиясының жұмысы тоқтатылған болатын. Алайда 2024 жылдың 24 қаңтарында республикалық ономастика комиссияның отырысында бекітілген Әдістемелік ұсынымдар, «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» мен «Дәстүрлі атаулар» тізімі және жоғары атқарушы орган тарапынан әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құралдарына атау беру бойынша келісім алған жол картасын басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізу тапсырылған.
Міне, осы жол картасын басшылыққа алып қаламыздағы жаңадан құрылған «Әулиеата» мен «Жібек жолы» екі ауданы, 1 атауы жоқ («Шалғай Қарасу» алабындағы 1-көше – Қорқыт ата көшесі) және мағынасы ескірген 2 көшеге (Жилкооперация көшесі – Иманжүсіп Құтпанұлы көшесі, Фресно көшесі – Шәкен Ниязбеков көшесі) атау беру мақсатында шаралар қолға алынды. Екі жаңа ауданға атау беру бойынша шешім шығып қойған болса, 3 көшеге атау беру туралы ұсыныс республикалық ономастика комиссиясының кезекті отырысында қаралатын болады.
Сонымен қатар бірінші кезекте Тараз қаласының аумағына қосылған елді мекендердегі көшелердің ішіндегі қайталанатын атауларды қайта атау, екінші кезекте мағынасы ескірген көшелерге атау беру жұмыстары жүргізіледі, – дейді Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева.
Жауапты маманның жаңылтпаштай болған жауабынан ұққанымыз, Тараз қаласындағы жаңа екі ауданға атау беру мәселесі кезектен тыс қаралыпты. Ал қалған атауларға байланысты ономастика комиссиясы әлі бір байламға келмеген. Оның өзі Тараз қаласындағы үш көшенің ғана атауы өзгергелі тұр. Ал қалғаны «баяғы жартас – сол жартас» күйі қалмақ.
Біз қала көшелерін аралау барысында тағы бір қызыққа тап болдық. Атап айтсақ, Саңырық батыр ескерткішінің тақтасында тарихи тұлғаның есімі «Саңырық» деп анық жазылып тұрса, оның есімі берілген көшенің маңдайшасында «Саңырақ» деп таңбаланған. «Апам да аң-таң, мен де аң-тай» күйде «Саңырық па?» әлде «Саңырақ па?» соны білмекке мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қайта қайырылдық.
– Еліміздің егемендігі жарияланған кейін 1992 жылы халық депутаттарының №224-ші шешімі бойынша бұрын Восточный аталған көше – Мамбет батыр, Энгельс атындағы көше – Өтеген батыр, XXV Партсъезд көшесі – Рысбек батырдың есімімен аталған болатын. Сол қатарда Спутников көшесіне ұлт мақтанышы Саңырық батырдың есімі берілген еді. Не себеп екенін білмедім, сол кезде «Саңырақ» деп жазылып кеткен екен. Біз қазір бұл олқылықты жою мақсатында тиісті жұмыстарды қолға алдық.
Кейде көшедегі тақтайшаларды жаңалауда жауаптылардың салғырттығынан қателікке жол беріліп жатады. Алдағы күндері Саңырық батыр көшесіндегі қате жазылған тақтайшалардың барлығын алып, бір ізге түсіреміз, – деген бөлім басшысы Бақыт Тілегенқызы жылдар бойы шешілмеген мәселені «жақын күндері реттеймін» деп таңғалдырды. Бөлім басшысы шынында шешімін таба ма, әлде құр уәде болып қала ма, оны уақыт көрсетеді.
Айтпақшы, қалада «Өзбекская», «Наманган», «Ташкентская» сынды өзге ел мен ұлтқа қатысты атау алған көшелер де аз емес. Енді ол көшелер қашан қазақшаланаты бір Аллаға аян. Олай дейтініміз, көне шаһарда 186 көше орысша кісі есімімен, ал 203 көшенің атауы мағынасы жағынан ескіргені сананы сан саққа жүгіртуде.
Тағы бір мәселе, көше атауларын жазудағы ала-құлалықты тақтайшаны жасаған адамның қиялына қарай бір жерде үлкен, бір жерде кішкентай әріптермен жазылып жүргенін де көріп жүрміз. Тіпті, түрлі түсті боялып, сан алуан оюмен өрнектелгендері де аз емес. Осының барлығын бір ретке келтіретін кез келді ғой. Тәуелсіздігіміздің 33 жылында экономикалық һәм әлеуметтік бағытқа басымдық бердік. Алайда рухани жағынан кенжелеп жатқанымыз жан ауыртады.
«Тілі жоғалған ұлттың, өзі де жоғалады» дейді Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов. Міне, осы ұлының сөзі ұрпаққа ұран болғаны абзал. Бұдан ел мен өңір тізгінін ұстаған басшылар да сабақ шығарса игі.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы