Financial Times президент пен премьер-министрдің телефонмен болған әңгімесі туралы хабарлады. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz екі саясаткердің арасындағы әңгіменің мазмұнын талдайды.
Президент Дональд Трамп Дания премьер-министрі Метте Фредериксенмен Гренландия мәселесі бойынша 45 минут телефонмен сөйлескен. Фото commons.wikimedia.org сайтынан алынды. Авторлығы: Ақ үйдің баспасөз қызметі
Үлкен арал туралы мәселе екі құрлықта да қызу пікірталастар туғызуда. Президент Трамп Дания премьер-министрі Метте Фредериксенмен Гренландия мәселесі бойынша 45 минут телефонмен сөйлескен. Financial Times басылымының хабарламасында бұл әңгіменің 12-19 қаңтар аралығында Дональд Трамп өзінің қызметіне ресми кіріспей тұрып болғаны жазылған.
Еуропалық жоғары лауазымды шенеуніктердің айтуынша, Дональд Трамп Дания премьер-министрімен телефон арқылы сөйлескен кезде Гренландияны басып алуға шындап кірісетінін айтқан.
АҚШ президенті мен Дания премьер-министрі арасындағы әңгімеге Ақ үй түсініктеме бермеген. Бірақ Метте Фредериксен үлкен арктикалық арал – Дания корольдігінің автономды бөлігі – сатылмайтынын тағы да қайталап айтқан. Американың аралға «үлкен қызығушылығын» да премьер-министр атап өткен.
Телефонмен болған әңгіме кімнің бастамасымен болғаны да айтылмады. Американың аралды өзінің иелігіне алу мүддесін ескерсек, телефон қоңырауы Дональд Трамптың тарапынан болуы мүмкін. Қоңырау туралы ақпаратқа қанық ЕуроОдақтың қазіргі және бұрынғы бес жоғары лауазымды шенеунігі әңгіменің нашар өткенін айтады.
Данияның әскери және экономикалық қатынастарды тереңдету ұсынысына Дональд Трамп қанағаттанбаған. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторлығы: USAF / Darrell Kinsey
Дания премьер-министрі Гренландияда АҚШ-тың әскери базалары мен тау-кен өнеркәсібін дамытуға кең құқық берілетінін айтып, екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастық орнатуға ұсыныс жасаған. Дания Корольдігінің «арал сатылмайды» деген ұстанымы өзгермегенін жеткізген. Бұндай ұсыныстарға қанағаттанбаған Дональд Трамп позициясы агрессивті болғанын кейін еуропалық шенеуніктер айтқан.
«Бұл сұмдық әңгіме болды. Суық себезгі (душ) болды. Ол өте берік болды. Бұрын мұны байыппен қабылдау қиын болатын. Бірақ менің ойымша, бұл ауыр және өте ықтимал қауіп», – деген өзін атамауды сұраған шенеунік.
Бұқараға таралған телефон қоңырауы Трамптың билікке оралуы трансатлантикалық байланыстарды одан әрі шиеленістіреді деген алаңдаушылықты Еуропада күшейтті. Өйткені АҚШ президенті Гренландияны өзіне қосып алу үшін одақтастарына қысым жасауға дайын екенін көрсетті.
Трамп өзінің екінші мерзімін Гренландияны, Панама каналын және тіпті Канаданы басып алу мүмкіндігін қарастырудан бастады. Көптеген еуропалық шенеуніктер оның Гренландияны «ұлттық қауіпсіздік» мақсатында бақылауға алу туралы пікірлері НАТО-ға кіретін елдерге көбірек ықпал ету үшін жасалған келіссөздер айласы деп үміттенуде. Ресей мен Қытай да Арктикадағы позицияларын күшейтуді мақсат еткен. Трамптың Фредериксенмен телефон арқылы сөйлесуі бұл үміттерді жойып, НАТО одақтастары арасындағы сыртқы саяси дағдарысты тереңдете түсті.
Дания премьер-министрі Метте Фредериксен Германия, Франция басшыларымен, НАТО-ның бас хатшысымен кездесті. Олар Данияны қолдайтындарын мәлімдеген. Фото france24.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Mads Claus Rasmussen, Ritzau Scanpix
«Ниет өте айқын. Олар мұны қалайды. Даниялықтар қазір дағдарыста отыр. Даниялықтар бұдан қатты қорқады», – дейді қоңырау туралы қысқаша ақпарат берген тағы бір адам. Данияның бұрынғы шенеунігінің айтуынша: «Бұл өте қиын әңгіме болды. Ол Данияға қарсы мақсатты тарифтер сияқты нақты шаралармен қорқытты».
Дания премьер-министрінің кеңсесі «сұхбат туралы хабарлар таратқан анонимді дереккөздердің түсініктемелерін қабылдамайтынын» мәлімдеді.
Небәрі 56 828 адам тұратын Гренландия Арктика мұздықтарының астында (аралдың өзінде де) жасырынған қазба байлықтарды игеруге қажет жаңа тасымалдау бағыттарымен құнды. Аралдың геостратегиялық маңызы да өсіп келеді. Солтүстік полюстегі мұздықтар ери бастағанда әлем картасы да өзгеретінін АҚШ, Ресей, Қытай жақсы түсінеді. Сондықтан ірі державалар арасындағы мүдделер қақтығысы осы аймаққа ауысқан. Дания да, өзінің тәуелсіздігін жариялағысы келген Гренландия да Америка үшін осал қарсыластар. Біздің бұл пайымдауларымызды Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі де дәлелдеп отыр.
«Президент Трамп Гренландияның қауіпсіздігі Америка Құрама Штаттары үшін маңызды екенін түсіндірді. Өйткені Қытай мен Ресейдің бүкіл Арктика аймағында айтарлықтай инвестициялары бар. Президент АҚШ-тың Арктикадағы мүдделерін қорғап қана қоймай, екі елдің де өзара гүлденуін қамтамасыз ету үшін Гренландиямен ынтымақтасуға ниетті», – дейді ол.
Дональд Трамп Данияға баж салығын енгізіп, аралды бақылауға алу үшін әскери күш қолдану мүмкіндігін де айтқан. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторлығы: USAF / Robert Brown
Қаңтар айының басында Трамп Дания Гренландия мәселесіне қарсы болса, оған баж салығын енгіземіз деп қорқытқан. Ол сондай-ақ аралды бақылауға алу үшін әскери күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармайтынын жариялаған.
«Адамдар Данияның бұған (Гренландияға – авт.) заңды құқығы бар-жоғын білмейді. Бірақ егер солай болса, олар одан бас тартуы керек. Өйткені бұл бізге ұлттық қауіпсіздік үшін қажет. Мен еркін әлемді қорғау туралы айтып отырмын. Барлық жерде қытайлық кемелер бар. Барлық жерде ресейлік кемелер бар. Біз бұған жол бермейміз», – деген еді Трамп қызметіне кірісерден бірнеше күн бұрын өткен баспасөз мәслихатында.
Осылайша елінің мүддесін қорғау үшін, Американы «ұлы жасау үшін» әскери күш қолданудан тайынбайтынын АҚШ президенті ашық жариялады. Ал Гренландияның премьер-министрі Муте Эгеде болса, арал тұрғындарының АҚШ немесе Дания азаматтығын емес, тәуелсіздікті қалайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Бірақ ол америкалық бизнестің тау-кен өнеркәсібі мен туризмге деген қызығушылығын құптайтынын да айтуда. Бірақ бұның бәрі Америка үшін аз екенін олар да жақсы түсінеді.
Екі апта бұрын Дания премьер-министрі Метте Фредериксен даниялық ірі компаниялардың, соның ішінде Novo Nordisk және Carlsberg басшыларымен кездесіп, Трамптың қауіп-қатерін, оның ішінде еліне қарсы ықтимал тарифтерді талқылағаны белгілі болды.
Трамп қоңырау шалған күні ол Данияның TV2 арнасына берген сұхбатында: «Гренландияға және оның айналасында үлкен қызығушылық бар екені сөзсіз. Бүгінгі әңгімеге сүйене отырып (Трамппен – авт.), бұл біздің бұрыннан білетін талаптар екенін айта аламыз».
Дональд Трамптың жеке ұшағы Гренландия астанасына қонды. Фото Financial Times сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Ritzau Scanpix
Aikyn.kz АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың Гренландияға қызығушылығының саяси-әскери және экономикалық себептерін талдаған «Президенттік қызметіне кірісе салып, Гренландияны сатып алмақшы» деген мақала жариялады.
Дания премьер-министрі Метте Фредериксен сейсенбі күні (28 қаңтарда) Германия канцлері Олаф Шольцпен, Франция президенті Эммануэль Макронмен және НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен келіссөздер жүргізді. АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияға көрсеткен қоқан-лоққысына қарсы еуропалық көшбасшылардан қолдау іздеп, олардың Данияның құрамындағы Гренландия аралының қауіпсіздігіне байланысты кепілдіктер алған. Еуропалық көшбасшылар Данияға, Гренландияға қолдау көрсететіндерін айтқан.
Гренландияның Сауда және әділет министрі Наая Натаниэлсен дүйсенбіде (27 қаңтар) Франс Пресс агенттігіне Гренландия халқы «мазасыз кезеңдерді» бастан өткеріп жатқанын және Трамптың мәлімдемелеріне «алаңдайтындарын» мәлімдеді.
«Біздің үкімет дүрбелеңге берілмей, нақты талаптарды білгісі келеді. Әскери қарым-қатынастар туралы айтатын болсақ, Америка Құрама Штаттарының базалары аралда 80 жылдан бері бар. Біз оған қарсы емеспіз. Пайдалы қазбалар туралы айтатын болсақ, бұл да ашық нарық мәселесі. Егер әңгіме экспансионизм туралы болса, біз демократиямыз, біз одақтастармыз және одақтастарымыздан институттарымызды құрметтеуді сұраймыз», – деп ескертті ол.
Ал ЕуроОдақтың жоғарғы әскери өкілі сенбі күні (25 қаңтар) Гренландияға ЕуроОдақ елдерінің әскерлерін орналастыру да мүмкін екенін жариялады.
«Менің ойымша, қазір болып жатқандай Гренландияда америкалық әскерлерді ғана емес, ЕуроОдақ сарбаздарын орналастыру мүмкіндігін қарастыру өте орынды болар еді», – дейді ЕуроОдақтың Әскери комитетінің төрағасы Роберт Бригер.
Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро да Гренландияға еуропалық әскерлерді орналастыру мүмкіндігін жоққа шығармады. Алайда ол «бұл Данияның қалауы емес, бірақ мұндай мүмкіндік бар» екенін де ескерткен.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.