Reuters агенттігінің хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz америкалық президенттің жарлығының 30 күнге тоқтатылу себебін талдайды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі Сопақша кабинетінде тарифтер туралы жарлыққа қол қойып жатқан кезі. АҚШ, 31 қаңтар 2025 жыл. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Carlos Barria
АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбіде (3 ақпан) Мексика мен Канадаға жоғары тарифтер енгізетін жарлығын тоқтатты. Құрама Штаттар солтүстіктегі және оңтүстіктегі көршілерінің шекараны бақылауды күшейту мен заңсыз мигранттарға тосқауыл қою туралы уәделерін ескеріп, жағдайды түзетуге 30 күн уақыт берді.
Aikyn.kz кеше (3 ақпан) «Әлемде соғыстың тағы бір түрі басталды» деген материал жариялап, онда АҚШ-тың Қытай, Мексика мен Канада тауарларына жоғары тариф енгізгенін талдаған еді.
Бір күн өтпей жатып, Канада премьер-министрі Джастин Трюдо мен Мексика президенті Клаудиа Шейнбаум Трамптың иммиграция мен есірткі контрабандасымен күресу жөніндегі талаптарына қабылдап, шекарадағы бақылауды күшейтуге келіскендерін жариялады.
Дональд Трамп болса, бүгін (4 ақпан) кешке күшіне енуі тиіс 25%-дық тарифтерді 30 күнге тоқтатты. Канада АҚШ шекарасында жаңа технологиялар мен қызметкерлерді орналастыруға және ұйымдасқан қылмыспен, фентанил контрабандасымен және ақшаны жылыстатумен күресу үшін бірлескен күш-жігерді бастауға келісті.
Мексика заңсыз көші-қон мен есірткі ағынын тоқтату үшін өзінің солтүстік шекарасын Ұлттық гвардияның 10 000 әскерін жіберетінін мәлімдеді. Дональд Трамптың басқа елдерге тарифтермен қысым көрсету саясаты тиімді болуы мүмкін екені байқалды. Бірақ Қытай тауарларына салынған 10%-дық тарифтер бірнеше сағаттан кейін күшіне енеді. Әзірше, бұл ел Мексика мен Канада сияқты америкалық президентке өтініш жасамайтын сияқты.
Канада премьер-министрі Джастин Трюдо мен Мексика президенті Клаудиа Шейнбаум заңсыз иммиграция мен есірткі контрабандасымен күресуге келісті. Фото bloomberg.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Eraldo Peres
«Президент ретінде БАРЛЫҚ америкалықтардың қауіпсіздігін қорғау менің міндетім, мен мұны істеп жатырмын. Мен бұл алғашқы нәтижеге өте қуаныштымын», – деп жазды Трамп әлеуметтік желіде.
Уақытша жасалған келісім бұған қатысушы елдердің экономикасына зиянын тигізетін және тұтынушылар үшін бағаның өсуіне әкелетін сауда соғысын тоқтатып қойды.
Канада мен Мексика басшыларымен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Дональд Трамп алдағы 1 айда АҚШ-тың екі ірі сауда серіктесімен экономикалық келісімдер жасауға болатынын айтты. Бұл үш елдің экономикасы 1990 жылдары қол қойылған еркін сауда туралы маңызды келісімнің негізінде тығыз ықпалдастықта жұмыс істеуде.
Ал Қытаймен келісімге келу қиын болары анық. Сейсенбіде (4 ақпан) күшіне енетін 10% тарифтерге Қытай ешқандай жауап бермеген. Ақ үй өкілі Трамптың Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен апта соңына дейін сөйлесу жоспары жоқ екенін айтқан. АҚШ президенті Бейжіңге тарифтерді одан әрі көтеруі мүмкін екенін де ескерткен.
«Қытай бізге фентанилді жеткізуді тоқтатады деп үміттенеміз, егер бұл орындалмаса, тарифтер айтарлықтай көтеріледі», – дейді ол.
Қытай фентанилді америкалық ішкі проблема деп атады және тарифтердің енгізілуіне қатысты Дүниежүзілік сауда ұйымына шағымданып, басқа да қарсы шаралар қабылдайтынын жариялады. Алайда келіссөздер үшін есікті ашық қалдырды.
Wall Street-те бір күндік шығыннан кейін АҚШ қор индексінің фьючерстері қайта көтерілді. Фото edition.cnn.com сайтынан алынды
Тарифтік соғыстар 1-2 күннің ішінде канадалық доллардың соңғы 20 жылдағы ең төменгі деңгейге құлауына себеп болды. Трамптың жарлығы тоқтатылған соң ғана бастапқы қалпына келе бастады. Сондай-ақ бұл жаңалық Wall Street-те біркүндік шығыннан кейін АҚШ қор индексінің фьючерстерін қайта көтерді. Жеткізу тізбегінің үзілуіне алаңдаған өнеркәсіп топтары жарлықтың орындалуын 30 күнге тоқтатылғанын жарыса құптауда.
Канадалық канола өнеркәсібінің (қышқылдығы төмен май) сауда тобын басқаратын Крис Дэвисон: «Бұл – қуанышты жаңалық. Біздің саламыз – екі елге де пайда әкелетін жоғары интеграцияланған индустрия», – дейді.
Трамп жексенбіде оның келесі «нысанасы» Еуроодақтың 27 мемлекеті болатынын айтты, бірақ сауда шабуылын қашан бастайтынын нақтыламады. Дүйсенбіде (3 ақпан) Брюссельде өткен бейресми саммитте Еуроодақ басшылары АҚШ баж салығын енгізетін болса, Еуропа қарсы тұруға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ақылға келіп, келіссөздер жүргізуге шақырды. Америка Құрама Штаттары Еуроодақтың ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Дональд Трамп 2020 жылы Еуроодақтан шыққан Ұлыбританияға ғана баж салығы салынбайтынын айтқан.
Демалыс күндері Трамп оның тарифтері америкалық тұтынушыларға қысқамерзімді зиян келтіруі мүмкін екенін мойындаған. Дегенмен тарифтер иммиграция мен есірткі тасымалына тосқауыл қоюға және отандық өнеркәсіпті дамытуға қажет екенін де ескерткен.
Бастапқыда жоспарланған тарифтер АҚШ-тың барлық импортының жартысына жуығын қамтиды. Яғни, Америкаға ағылған тауарлардың жартысына баға көтерілуі тиіс еді. Бағаның көтерілмеуі үшін АҚШ өзінің өнеркәсіптік өндірісін екі есе арттыруы тиіс. Экономист сарапшылар бұл жақын арада мүмкін емес міндет екенін жазуда.
Басқа сарапшылар жоғары тарифтер Канада мен Мексиканы рецессияға түсіріп, бұл елдерде стагфляция тудыруы мүмкін екенін айтады. Стагфляция тоқырау мен жұмыссыздықтың өсуін, жоғары инфляцияны сипаттайтын термин. Бұл кезде азаматтар мен бизнестің өмір сапасы нашарлайды, табыс азаяды және экономикалық тұрақсыздық күшейеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.