Бүгінгі күні күйшінің жағдайы мәз, еш сұранысы жоқ десек қателесетініміз анық. Әрбір өнерпазбен кездесе қалсақ, қуанышты жаңалығымен қоса, мұқтажын да айтып жүреді. Бүгінде осыны жазбаққа ниет еттік. Бірақ біз жазғанымызбен ол тек біздің ғана пікіріміз болып қалмақ. Сондықтан күйшілік өнердің түрлі өкілдерін әңгімеге тарттық.
Сыр күйшілік дәстүрінің өкілі, К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Дүйсенғазиевтің пікірін сұраған едік.
«Мен әуелі анықтамадан бастасам деп едім. Қазіргі таңда дәстүрлі, яғни далалық күй тарту өнері бар. Және де академиялық домбыра орындау бар. Екеуі ұқсас демесеңіз, айырмашылығы жер мен көктей. Далалық күй тарту атам заманнан келе жатыр. Қазақ қолына домбыра ұстағаннан бастап, атадан балаға, ұстаздан шәкіртке құймақұлақ әдісімен күй үйретіп келді. Біздің заманымызда осыны көргендер бірен-саран болса да бар. Ал академиялық күй тарту дегеніміз тарихи өлшеммен күні кеше ғана дүниеге келген. 1934 жылы Алматыдағы мәдениет саласындағы тағдыршешті оқиғалар әсер етті. Ахмет Жұбановтың бастауымен ұйымдастырылған орындаушылардың слеті, кейін оркестрдің құрылуы, 1944 жылы консерваторияның ашылуы осы академиялық домбыра тартудың алғышарты болды.
Екеуінің басты айырмашылығы, бірі шағын ортаның күйі болса, екінші сахнаға арналған орындау стилі. Бірі көзбен көріп, құлақпен тыңдап күй үйрену болса, екіншісі нотаға қарап, сауатты түрде күйді меңгеру. Егер алғашқы кезеңде алғашқылар көп болса, қазіргі кезде керісінше далалық мәнерше күй тартып жүргендер өте аз. Жоқ емес, бірақ көп те емес. Жалпы республика бойынша екі қолдың саусағы жететіндей ғана. Және бұл тек домбырашыларға ғана емес, сыбызғышы мен қобызшыларға да қатысты әңгіме.
Енді сіздің сұрағыңызға көшейік. «Қалыңыз қалай, күйші қауым?» десеңіз, жауабымызды жоғарыда айттық. Ескіше меңгерген күйшілер азайып бара жатыр. Өйткені далалық күй тарту дегеніміз, тек домбыраны қағу емес, әр аймаққа тән иірім, шертіс, дыбыс, тіпті әр ауылға тән күйдің құбылуы кездеседі. Осының бәрін жоғалтып алдық.
Сөзсіз, бүгін академиялық күй тарту өте жақсы деңгейге жетті. Оған қуанамыз. Мақтанамыз. Жеке орындаушылар болсын, оркестрдегі домбырашылар болсын өте жақсы деңгейде күй шертіп жүр. Дегенмен далалық күй тарту жоғалып бара жатқаны көңілді қынжылтады».
Әрине, Б. Дүйсенғазиевтің айтқаны бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ата дәстүрімен күй үйренгендердің айтып жүретіні осы. Әркім өз бетінше іс жасағанымен, тұтас мемлекеттік бағдарлама болмаса, оңалып кетуі қиын.
Күйшілік өнер тек домбыра тартумен ғана емес, ғылыми көзқараспен негізделсе құба-құп. Осы ниетпен бүгінде күйтану ғылымындағы қандай мәселелер барын, домбырашылық, ұстаздық және ғылым жолын қатар ұстап жүрген Санкт-Петербургтегі Римский-Корсаков атындағы консерватория аспирантурасы түлегі (этномузыкология кафедрасы), бүгінде Павлодар музыка колледжінің ұстазы Әсел Арынованың пікірін сұрадық.
«Бүгінгі таңда күйшілік өнерді зерттеудегі жанрлық классификациялау жетіспей жатыр. Қарапайым тілмен айтсақ, әр өңірдің өзіне тән күй тарту стилі бар. Солардың ғылыми түрде негіздеп жазғандар аз. Осы жайлы ойласақ, ойымызға «Ақжелең» жайлы жазған Д. Бақтығалиева, «Қосбасар» күйлері туралы зерттеген С. Қалиев еске түседі. Бірақ бұл өте аз.
Сондай-ақ күйдің тілі, яғни музыкалық тілі мен теориясы жайлы жазылу керек. Бұл жоғарыда жазылғанмен байланысты. Мысалға күйшілік мектептері дейміз. Өңірлік ерекшеліктерін білеміз. Білгеннің барлығы жазылу керек. Осының бәрі бір көлемді еңбекке топтастыру қажет. Әрине бұл бір адамның қолынан келмейді, бірнеше ғалым бірігіп жасайтын дүние. Әр мектептің, әр орындаушылық мәнердің ерекшеліктерін ескере отырып, күйшілік өнердің классификациясын жасап алуға мүмкіндік туады».
Рас сөз. Күй мектебіміз көп дейміз, қажет болса домбыраны алып тартып көрсетіп бере аламыз. Бірақ оны жүйелеп, ғылыми еңбек бетіне түсіру мүлдем жоқ. Аракідік тұлғалардың зерттеулері болмаса, жалпы ұлттық мұра ретінде көлемді академиялық жинақ әлі де жазылған емес.
«Біз жастарға сенеміз» деп Мағжан айтпақшы, келесі буынның не деп ойлатыны да қызықты. «Көзі ашық, көкірегі ояулар» бүгінгі күні бар. Осылардың қатарына кіретін, жас зерттеуші, бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Фольклорды зерттеу зертханасының» қызметкері Ерболат Әлімқұлдың пікірін сұрадық.
«Біз көне көз күйшілердің біразын көріп қалдық. Көрмегендер жайлы кітаптардан оқыдық. Сонда түйгеніміз, олардың барлығының бір міндеті – күйшілік өнерге қызмет ету. Енді өзіміздің уақытымызға қарасақ, заманның құндылықтары өзгеріп кетті. Қазіргі басты мақсат – ақша табу. Әрине, жаман деп айтудан аулақпыз. Бірақ түйгеніміз осы. Құндылық ауысты.
Былтырғы бір оқиға еске түсіп отыр. Бір ұстазымыз «күйшіліктің ертеңгі күнін қалай елестетесің?» деп сұрақ қойды. «Бұлыңғыр» деп жауап бердім. Бірақ себебін түсіндіре алмадым. Әлі де сол ойдамын.
Әркім өз бетінше тырысып жүр. Бірақ бұл өте аз. Мардымсыз жұмыс. Алапат өртті құстың қанатымен сөндіруге тырысқан сияқты. Меніңше мемлекеттің кешенді бағдарламасы керек. Әрине, бәрі солай айтады ғой. Бірақ мен басқа жол көріп тұрғаным жоқ».
Елімізде күйші қауымды біріктіріп, шамасынша қызмет жасап жүрген Күйшілер одағы бар. 2019 жылдан бері келе жатқан қауымдастықтың барлық өнірде ресми тіркелген мүшелері бар. Сондықтан сұрағымызды Одақтың төрағасы Асқар Кенжеғалиевке де қойдық.
«Жақында ғана одақтың филиал жетекшілері жиналып жиналыс өткізді. Сол жердегі қозғалған мәселелер осы сіздің сұрағыңызбен тұспа-тұс келіп тұр екен. Әуелі «күйшінің» қадірі жайлы айтайық. Бұрыннан бері жазып жүрміз, күйші деген арнайы статус керек. Әрине жыршы, әнші (дәстүрлі) де қатар болу керек. Осы мәртебе заңды түрде бекітілсе, нағыз күй тарта алатындар қолдау табар еді. Бүгінде «ән айта алмайтын айқайлайды, күй тарта алмайтын сабалайды» деген өте өзекті. Міне, арнайы мемлекеттік статус болса, күйші қауым үшін бір жағынан демеу болып, бір жағынан шәкірт тәрбиелеуге, халық алдына шығып өнерімен бөлісуге ынтасын арттырар болар еді.
Тағы бір мәселе бар, кейбір аймақтардың атқамінерлері, шолақбелсенділер «күй кімге керек?» дейді. Ойдан шығарып отырғанымыз жоқ, филиал жетекшілері «концерт өткізейік» деп барғанда естіген жауабы. Көрдіңіз бе? Жалпы халықтық үрдіс болмаса да, арасында осындайлар да кездеседі екен. Ал олардың саны ертең көбейіп кетпесіне кім кепіл? Сондықтан «күйші» (дәстүрлі өнер шырақшысы) деген арнайы мемлекеттік статус ауадай қажет.
Екінші мәселе, бұл күй байқаулары жайлы. Мейлі балалар байқауы болсын, ересектер арасында өтетін байқау болсын. Байқағанымыз, байқаулардың деңгейі түсіп бара жатыр. Себебі әртүрлі. Соның бірі онлайн өткізу. Атағы жер жарған, музыка мектептері арасындағы ең атақты «Жас орындаушылар байқауы» атты жыл сайын өткізілетін конкурс бар. Пандемиядан кейін осы байқау тек онлайн өткізіліп келе жатыр. Түсінеміз ғой, ақша шығындамасын дегені шығар. Бірақ оқушының шығармашылық дамуын, сахнаға шығып тәжірибе жинауын кім ойлап жатыр? Жалпы бюджет тұрғысынан бұл байқауды өткізу үшін кететін шығын мардымсыз. Сондықтан келер жылы ұйымдастыру форматын қайта қараса деген өтінішіміз бар.
Бүгінгі таңда авторлық құқық деген әлем бойынша өзекті. Біздің елде де осыған көп көңіл бөліп жатыр. Бірақ көңілге кірбің түсіретін бір жайт бар. Күй тартылған да тек авторы ғана емес, орындаушысы да айтылып жүрсе екен. Әсіресе, радиоларда көп олқылықтар бар. Құрманғазының күйі «Адай» дейді де аудиожазбаны қояды. Оны кім тартып отыр? Құрманғазының өзі ме, шәкірті ме, осы заман домбырашысы ма?... Айтпай кетуге болмас, Мәдениет министрлігі дәл осыған көп көңіл бөлуде. Мейлінше дұрыстап жатыр. Істеп жүрген істеріне де ризамыз. Дегенмен әрбір аты аталмаған күй үшін министрлікке хабарласа бермейтін шығармыз. Сондықтан Aikyn.kz арқылы жауапты мамандарға «күйді, әнді, жырды орындаған адамның есімін хабарлап жүрейік» дегім келеді».
Біздің алған жауабымыз осындай. Мейлінше түрлі тақырып қозғалды деп есептейміз. Әрине, күйшілік өнердегі барлық жетістік пен кемшілік айтылды деуден аулақпыз. Біздікі тек «қазан қақпағының шетін ашып көру» ғана. Сондықтан әлі де сұрақ қоюды тоқтатпақ ниетіміз жоқ. Енді сіз де бізге жауап берсеңіз: Қалыңыз қалай, күйші қауым?..