Төлеген Момбековтің «Салтанат» атты атақты күйі бар. Оны естімеген қазақ жоқ шығар. Күйдің атын білмесеңіз де, толық тыңдамасаңыз да әйтеуір құлағыңыздың ұшымен іліп қалғаныңыз анық. Бұл – күй үшін де, күйші үшін де үлкен бір бақыт.
«Анасы өмірде жоқ екеніне бала көңілі сенбейтін» – Төлеген Момбековтің күйлері жайлы білесіз бе?
Фото: автордыкі
4,598
оқылды

Егер қазақ тарихында 10 мың күй бар десек, соның тек 10-ын ғана қарапайым тыңдарман таниды, ажырата алады. «Салтанат» күйі осы ондықтың ішінде. 

Дегенмен композитор тек бір күймен ғана шектеліп қалмаса керек. Бүгінге Төлеген Момбековтің қолынан шықты деген күйдің саны жиырмадан артық, отызға таяу. Біздің соның ішіндегі бірқатарына тоқталып көрмекпіз. Десе де әуелі Төлеген күйші жайлы ғұмырнамасы жайлы аз-кем ақпарат беріп кетейік.

Төлеген Момбеков (1918-1997) Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы ред.) Созақ ауданы Сызған ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, әуе десант бөлімінде қызмет жасайды. 1943 жылы жарақат алып, біржолата елге оралады. Мәдениет саласындағы қызметі осы кезден басталады.

Өзінің айтуынша, алғашқы ұстазы өз атасы Бапыш Қожамжарұлы болған. Сонымен қатар әйгілі Сүгір Әліұлынан да тәлім алып, шертпе күй дәстүрін, Созақ күйшілік мектебінің жалғастырушысы атанады.

1965 жылы өмірінде елеулі оқиға орын алып, жалпы республикаға атағы шығады. Осы жылы жазушы Сәбит Мұқанов пен ақын Асқар Тоқмағамбетов Сыр бойына сапар шегіп бара жатып, жолай Созақ ауданына тоқтайды. Сапар барысында олар жергілікті күйшілердің өнеріне куә болады. Сол кездесуде Төлеген Момбековтің шертпе күйлері Сәбит Мұқановтың көңілінен шығып, оның шығармашылық дарынына жоғары баға береді екен. Жазушы Төкеңнің өнерін ел көлемінде насихаттау қажеттігін айрықша атап өтеді. Нәтижесінде, оның күйлері арнайы магнитофон таспасына жазылып, Алматыға жеткізіледі. Бұл оқиға күйшінің есімінің ел арасында танылып, өнерінің кеңінен таралуына ықпал еткен екен.

Енді күйлеріне тоқталайық. Әрине, әуелі әйгілі «Салтанаттан» бастасақ.

Төлеген Момбековтің шәкірті Рымхан Әбілханұлы (1957-2022) күйдің дерегі туралы мынадай естелік айтады: 

«...1990 жылы Төкеннің еліне – Созаққа бардым. Төкен Сызған деген ауылында тұратын. Қолынан күй үйрендім. Әсіресе, өзінің «Салтанат» күйін ғажап орындаушы еді. Күй туралы маған айтқаны мынау: «Бір күні жұмыстан келсем, Қайратым кіші қызым – Салтанатты жылатып қойыпты. Салтанат «Мамама айтам» деп жылайды. Анасының қайтқанына үш жылдай уақыт өткен, бірақ бала көңілі әлі сенбейді екен. Содан Салтанатты алдыма алып, жұбатып, домбырамды шерте беріппін. «Салтанат» деген күй осы оқиғадан шықты».

Күйді шертуші Төлеген Момбековтың осы күйді үйренген шәкірті, профессор Біләл Ысқақов.

Осы «Салтанат» күйімен байланысты бірнеше күйлер топтамасы бар. Олардың қатарында «Сағыныш» күйі бар. Жанғали Жүзбай Төлеген Момбеков шығармашылығына арналған «Толғау» жинағында келесідей мәлімет береді.

«Төлегеннің жары – Пернеш Сыздыққызы қайтқан соң шиеттей көгенкөз балаларымен күйші жалғыз қалады. «Өлмектің артынан өлмек жоқ», елмен қатар қоңыртөбел күн кешіп жүріп жатады. Бір күні дастарқан басында ас ішіп отырған кезде балалары анасы туралы әңгіме айта бастайды. Бір баласы «апам нанды жақсы пісіретін» десе, екіншісі «анамның көжесін сағындым» дейді. Кіші қызы Салтанат болса «апам сүт пісіргіш еді ғой» деп мұңданады. Сонда күйші «Шырақтарым шешесін сағынып жүр екен-ау» деп «Сағыныш» атты күйді шертеді. Естелікті айтушы – Бекберген Ізбалаев».

Күйдің автордың өз орындауында тыңдайық.

«Төлеген Момбековтің «Қанағат» күйін жаңа заман екпінімен шыққан, тілі шешен, шанақтың кеудесінен шырыға шығатын шертілген, озық үлгісі деуге болады», – деп бастайды бұл күй жайлы Жанғали Жүзбай (Толғау жинағы. Астана,  2019).

«Төлеген Момбековтің шәкірті, профессор Біләл Ысқақов күйдің шығу тарихына қатысты былай деп жазады: «Терең сезімді, парасатты күй санаткері атанған Төлеген Момбеков «біраз күй шығардым, енді осыны қанағат тұтып, қорытындылаймын» деген ниетпен «Қанағат» күйін шығарады» (Ысқақов Б. Салтанат. Т. Момбеков күйлерінің жинағы. – Алматы, «Өнер», 1995. – 10-бет).

Рымхан Әбілханұлының айтуынша, бұл күйді Төлеген 60 жасқа келгенде шығарған. «1992 жылы Төкен маған: 100-дің үстінде күйім бар, көбі ұмытылып қалды, шүкір, енді соған қанағат еттім, осымен тоқтадым» деді. Шын мәнінде, бұл Төлегеннің соңғы күйі болмайды, осыдан кейін де ол отбасының басындағы қуанышты оқиғаларға арнап тамаша туындылар шығарады», – деп жазады Жанғали Жүзбай.

Күйші Жанғали Жүзбай Төкеңнің шәкірті Бекберген Ізбалаев айтты деп «Өрлеу» күйінің аңызын келесідей жазады.

«Бұл күй «Мешін», «Өрлеу», «Қат-қабат» болып үш тараумен қатар шыққан туындылар. Қаратау жерінде 1969 жылы қызылсүйек жұт болады. Қыс айы қарлы боран үзілмей, арқаның қызылшұнақ аязы малдың жартысына жуығын қырып тастайды. Басқа түскен табиғат нәубетінен әбден қажыған теріскей елі ептеп есін жия бастайды. Мал басы түгенделеді. Сол жылы көктем ерте келіп, елдің еңсесі көтерілген. Төлеген күйші осы бір ойлы толғауды шығарады. Күй мазмұны көтеріңкі көңіл күйде тартылған секілді көрінсе де, еңсені езген ауыртпашылық басымырақ. Кейбір деректерді «Өрлеу» күйі тоғызыншы бесжылдыққа (1971-1975) арнап шығарылған күй деп те жазылып жүр. Бұл жылдары халық шаруашылығын дамытудың тоғызыншы бесжылдық жоспары қабылданған болатын». 

Төлеген Момбеков шығармашылығында аса әдемі, әуені құлаққа жағымды туындыларының бірі – «Інілеріме» күйі. «Толғау» (Астана, 2019) жинағында бұл күй жайлы келесідей мәлімет оқимыз.

«Төлеген Момбеков өзінің күйшілік өнеріне қамқоршы болған елдің оқыған жігіттеріне ризашылық ниетпен шығарған күйі. Көзі тірі кезіндегі естелік-сұхбаттарына қарағанда белгілі ғалымдар – Рахманқұл Бердібаев пен Өмірзақ Айтбаевқа арнаған. Төлеген шығармашылығына бас-көз болып, күйшінің радиоға жазылуына, телеарналарға түсуіне, әсіресе, Рахманқұл Бердібаев көп көмек жасаған. 

Филолог-ғалым Керімбек Сыздықовтың осы күйге қатысты естелігінде 1972 жылы Төлеген Момбеков Жамбылдың 125 жылдық тойына барады. Алматыға күйші келген соң оны тыңдау үшін бір топ қазақ зиялылары Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясына жиналады. Консерватория ректоры – Еркеғали Рахмадиев Жамбыл атындағы филармония залында күйшінің жеке концертінің өтуіне жәрдем жасайды. Осы мәжілісте Исмет Кеңесбаев, Рахманқұл Бердібаев, Мырзатай Жолдасбеков, Әмина Нұғыманова, Ілья Жақанов, Асқар Сүлейменов, Өмірзақ Айтбаев, Төлеген Тоқбергенов, Уәли Бекенов, Шәміл Әбілтаевтар болады. Жамбыл атындағы филармония залының төрінде, Алматы жұртшылығының алдында өнеріне тілеуқор болған жақсы інілерінің атын атап, осы күйді шертеді».

Сөз соңында келесідей бір ойымызды жеткізгіміз келеді. Қазақ күй өнерінің жарық жұлдыздарының бірі – Төлеген Момбековтің шығармашылығы бір ғана «Салтанат» күйімен шектелмейді. Оның мұрасы – Қаратау күйшілік мектебінің тұнық бұлағы, қазақ халқының рухани қазынасы. Күйші тек өміріндегі маңызды сәттерін ғана емес, елдің тағдырын, дәуір үнін, халықтың мұң-мұқтажын күй тілімен жеткізе білді. Сондықтан күй сүйер тыңдарманға, әсіресе журналистерге Т. Момбековтың мұрасын жан-жақты қарастырып, басқа да туындыларын кеңінен насихаттау маңызды деп айтқымыз келеді.

Бұған дейін «Ерке сылқым» күйінің феномені неде? екенін жазған болатынбыз. 

Рүстем НҮРКЕНОВ, музыка зерттеушісі