Мемлекет басшысына қарапайым адам телефон шала алмайды. Миллиард доллары бар адамдар президентпен оңай хабарласады.
Бірнеше миллиардер президентке телефон шалған
ByteDance қолданбаны америкалық компанияға сатса, TikTok-тың құны 1 трлн долларға жетуі мүмкін. Фото vjump.com сайтынан алынды
1,069
оқылды

Технологиялық slashgear.com сайтының хабарламасына сүйеген Aikyn.kz президентке бай адамдар қандай мәселемен телефон шалғанын түсіндіреді.

Президент Трамп қызметке кіріскен күні (20 қаңтар) TikTok-ты сатуға тағы 75 күн уақыт беретін жарлық шығарды. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Fred Greaves

Әлемдегі ең танымал TikTok қолданбасы Жоғарғы соттың оған АҚШ-та тыйым салу туралы заң күшіне енуіне бірнеше сағат қалғанда толығымен жоғалып кетті. Қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі TikTok Apple App Store дүкенінен де, Google Play Store дүкенінен де алынып тасталды. Қолданбаны жүктегісі келген америкалықтарды 20 қаңтарда «Кешіріңіз, TikTok қазір қолжетімсіз» деген қалқымалы терезе қарсы алды. Хабарламада қолданбаға тыйым салу туралы заң қабылданғаны түсіндірілді. Бірақ көпшілік компания TikTok жақын арада оралады деген оптимистік көзқараста болды, өйткені Дональд Трамп президент қызметіне кіріскеннен кейін қолданбаны қалпына келтіруге уәде берген.

Тыйым шамамен 12 сағатқа созылды, көп ұзамай қолданушылар Трамптың күш-жігері үшін алғыс білдіретін тағы бір қалқымалы терезені көрді. Дегенмен президенттің уәдесінде тұрып, TikTok-ты қайта қосуы заңдық тыйымның біржола жойылғанын білдірмейді. Президент Трамп қызметке кіріскен күні (20 қаңтар) TikTok-ты сатуға тағы 75 күн уақыт беретін жарлық шығарды. Ол сондай-ақ Әділет департаментіне Ақ үй әлеуметтік желіге байланысты қорытынды шешім қабылдағанша тыйым салатын заңның орындалуын кейінге қалдыруды міндеттеді. Осылайша, үлкен сұрақ туындады: кім TikTok-тың жаңа иесі болуы мүмкін?

TikTok-ты сатып алғысы келетін байлардың тізімінде YouTube жұлдызы MrBeast те бар. Фото usatoday.com сайтынан алынды

YouTube жұлдызы MrBeast,  Shark Tank  инвесторы Кевин О'Лири, LA Dodgers-тің иесі Фрэнк Маккорт, Activision-ның бұрынғы бас директоры Бобби Котик, Walmart бас директоры Даг Макмиллон және Tesla бас директоры Илон Маск қосымшаны сатып алуға қызығушылық танытты. Microsoft та ұсыныс жасады. Америкалық іздеу жүйесінің стартапы Perplexity AI да TikTok-пен бірігуді қалайды.

Қызық осы жерден басталды. Дональд Трамп жарлыққа қол қойғанда TikTok-тың иелеріне екі түрлі таңдау бар екенін айтқан. Бірінші, заңмен тыйым салынған әлеуметтік желі АҚШ-та өзінің пайдаланушыларын жоғалтып, ешкімге керексіз болып қалады. Екінші жол, қытайлық ByteDance өзінің иелігіндегі қолданбаның жартысын америкалық компанияға сатып, болашақта оның құнын 1 трлн долларға жеткізіп, мол табыс табады. 

Қазір АҚШ-тың өзінде ғана 170 млн адам пайдаланатын TikTok-тың нарықтық құны 50 млрд долларға жуық. Әлем бойынша бұл желіні 1,7 млрд адам белсенді қолданады.

Дональд Трамп «америкалық нарықта жұмыс істеуге рұқсат беру үшін АҚШ TikTok-тың жартысына иелік етуі керек» деп мәлімдеген. Журналистердің "TikTok-ты жеке иеленуге бола ма?" деген сұрағына Трамп «әрбір америкалық бай адам» оны сатып алуға қызығушылық білдіріп телефон шалғанын айтқан. Өйткені әлеуметтік желінің мол қаржылық табыс әкелетін әлеуеті бар.

Мына видеода Трамптың Ақ үйдегі кабинетінде айтқан осы сөздері бар, видеоның 20.30 уақытын қараңыз:

Дональд Трамп сонымен қатар TikTok ұлттық қауіпсіздікке ешқандай қауіп төндірмейтінін, өйткені оның негізгі аудиториясы «жас балалар», сондықтан Қытай үкіметі, ең көп болса, жастар туралы ғана ақпарат жинай алатынын айтқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін TikTok-қа тыйым салғысы келетін себебі ретінде ұлттық қауіпсіздікті атаған болатын. Көзқарасының өзгергені туралы сұраққа: «Мен бұны пайдалануым керек еді», – деп жауап берген. Жас сайлаушылардың дауысын жинауға да осы ұстанымы көмектесті деп есептейді. Сондай-ақ Трамп телефон, әскери техника секілді Қытайдың басқа өнімдеріне қарапайым америкалықтар шағымданбайтынын да мойындаған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.