Әр тілдің өзіне тән фонетикалық ерекшеліктері бар. Үнділер ағылшын тілінде өте жылдам сөйлейді, бұл сөздерді түсінуді қиындатады.
Үнділер ағылшын тілінде өте жылдам сөйлейді, енді бұл акцентті ЖИ түзетеді
Үнділер ағылшын тілінде өте жылдам сөйлейді, бұл сөздерді түсінуді қиындатады. Фото linkedin.com сайтынан алынды. Авторлығы: Faraz Ahmed Rizwan аккаунты
874
оқылды

The Telegraph басылымының материалына сүйенген Aikyn.kz үнді акцентін батыстық клиенттерге түсінікті жасайтын технологиямен таныстырады.

Ірі колл-орталық операторы үнді акцентін батыс тұтынушыларына «ағартатын» ЖИ технологиясын қолданады. Фото economictimes.indiatimes.com сайтынан алынды

Әлемдегі ең ірі колл-орталық операторы үнді акцентін батыс тұтынушылары үшін «ағарту» (түсінікті ету – авт.) мақсатында жасанды интеллект (ЖИ) технологиясын енгізуде. Teleperformance компаниясы телефон арқылы сөйлескен адамдар арасындағы «адами эмпатияны» жақсарту үшін ЖИ жасақтамасын нақты уақыт режимінде қолданатынын мәлімдеді.

Трансұлттық Teleperformance компаниясы Ұлыбританиядағы кейбір мемлекеттік мекемелермен, Ұлттық денсаулық сақтау қызметімен (NHS), Vodafone және eBay секілді ірі ұйымдармен жұмыс істейді. Компанияның Үндістанда 90 000-нан астам қызметкері бар, басқа елдерде де ондаған мың оператор жұмыс істейді.

Компания Sanas атты АҚШ-тың бағдарламалық жасақтамасын қолдана бастады. Бұл жүйе «әлемді өзара түсіністікке жақындату» және тілдік кедергілерді азайту арқылы байланыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Teleperformance мәліметінше, бұл технология: колл-орталық операторларының жұмыс өнімділігін арттырады; клиенттерге қызмет көрсетуді жылдамдатады; клиенттердің колл-орталық қызметкерлеріне дөрекілік таныту ықтималдығын төмендетеді; клиенттердің басшылықпен сөйлесуді талап ету жағдайларын азайтады. Бұл технологияны қазірдің өзінде Walmart және UPS сияқты алпауыт компаниялар қолданып келеді.

Үнді акценті мына көңілді видеода: 

Teleperformance үнді акцентін қалай өзгертуде?

Teleperformance өкілі Маркус Шмитт бейсенбі күні (27 ақпан) инвесторларға:

«Бұл технология бізге нақты уақыт режимінде акцентті түсінікті етуге көмектеседі және ол ешқандай деректерді сақтамайды», – деді.

Оның айтуынша, үнділік операторлар мен АҚШ клиенттері арасында сөйлесуде қиындықтар жиі кездеседі, ал бұл технология олардың өзара қарым-қатынасын жақсартады.

«Бұл қызметкерлер мен клиенттер арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтуға жол ашады», – дейді Маркус Шмитт.

Teleperformance колл-орталықтары Sanas технологиясын Үндістанда енгізді және оны басқа елдерде де кеңейтуді жоспарлап отыр. Жаңа технология үнді акцентін америкалық акцентке жақындатып, фондық шуды азайтады.

Бұрын Sanas компаниясы дауыстарды «ақ нәсілділерге тән» етуге тырысқаны үшін сынға ұшыраған болатын. Дегенмен компания колл-орталық қызметкерлері бұл технологияны жақсы қабылдайтынын және Үндістан мен Филиппин сияқты елдерде жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңейтетініне сенімді.

Жасанды интеллект дәуірінде адамдық байланыс пен эмпатия ең бағалы сезім болады. Фото blog.heartmanity.com сайтынан алынды

Адамдар жұмыс істейтін колл-орталық индустриясы ЖИ чат-боттарының дамуына байланысты қысымға ұшырауда. Чат-боттар көптеген клиент сұраныстарын автоматты түрде өңдей алады, бұл адам операторларына деген қажеттілікті азайтуда.

Дегенмен Teleperformance бас директоры Томас Макенброктің ойынша:

«Біз жасанды интеллект барлық жерде қолданыла бастаған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ адам элементі… ешқашан маңызын жоғалтпайды. Өйткені адамдық байланыс пен эмпатия болашақта да бағалы болып қала береді».

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.