Премиум смартфондар нарығында бәсеке өрши бастады. Қытайлық Xiaomi компаниясы жаңа флагмандық моделін таныстырды. Samsung қалай жауап берер екен?
Электромобиль жасайтын компания үздік смартфон шығара ала ма?
Тұтынушылар сапалы электромобиль жасай алатын компанияның үздік смартфон да шығара алатынына сенеді. Фото scmp.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP
887
оқылды

Aikyn.kz жоғары деңгейлі құрылғылар нарығындағы жаңалықты cnbc.com сайтына сүйеніп талдайды.

Барселонада өткен Mobile World Congress көрмесінде Xiaomi 15 және Xiaomi 15 Ultra смартфондары таныстырылды. Фото cnbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Xiaomi

Жексенбі күні (2 наурыз) Xiaomi компаниясы өзінің жаңа флагмандық смартфонын таныстырып, премиум құрылғылар нарығындағы амбициясын көрсетті. Бұл қадам Samsung-ке қарсы бәсекеде Xiaomi-дің премиум сегменттегі үлесін арттыруына жол ашады.

Кеше Барселонада өткен Mobile World Congress көрмесінде Xiaomi 15 және Xiaomi 15 Ultra смартфондары көрсетілді. Қытайлық технологиялық алыптың жаңа смартфондары жетілдірілген камералармен және соңғы үлгідегі процессорлармен жабдықталған.

Бастапқыда Xiaomi 15 шамамен 1 047 долларға сатылса, Xiaomi 15 Ultra бағасы 1 571 доллар болады. Екі смартфон да Qualcomm Snapdragon 8 Elite чипсетінде жұмыс істейді, ал Ultra нұсқасында жетілдірілген камера мен үлкен дисплей қойылған.

«Xiaomi арзан және қолжетімді технологияларды ұсыну арқылы үлкен табысқа жетті. Ал қазір компания қосылған құн тізбегінде жоғары көтеріліп, премиум құрылғыларға бет бұруда. Бұл, әсіресе  төлем қабілеті жоғары Еуропа нарығы үшін өте тиімді стратегия», – дейді CCS Insight-тің бас талдаушысы Бен Вуд.

Xiaomi нарықтағы өсімді сақтап қалу үшін жаңа смартфондармен бірге, SU7 Ultra электромобилінің өнімділігі жоғары нұсқасын шығармақшы. Фото xiaomiexclusive.ru сайтынан алынды

International Data Corporation (IDC) мәліметінше, 2024 жылы Xiaomi смартфондарының әлемдік сатылымы 15,4%-ға артқан, бұл оған Samsung пен Apple-ді басып озуға мүмкіндік берді. Компанияның нарықтағы үлесі 2023 жылы 12,5% болса, 2024 жылы 13,6%-ға дейін өсті.

Xiaomi 2010 жылы құрылғанда қолжетімді бағадағы смартфондар сатуға ұшталғаны белгілі.  Сол уақыттан бері Еуропадағы позициясын күшейтіп, теледидарлардан бастап смарт-сағаттарға дейін түрлі құрылғыларды өндіретін экожүйе қалыптастырды. Өткен жылы Xiaomi өзінің SU7 электромобилін шығарып, тек тұтынушылық электроникамен шектелмейтінін жариялады. 2024 жылғы Mobile World Congress көрмесінде компания SU7 моделін де таныстырып, көрме барысында үлкен қызығушылық тудырды.

IDC-дің вице-президенті Франциско Херонимо Xiaomi-дің электромобиль шығаруын «брендті дамытудағы ақылды қадам» деп атады.

«Олар автокөлікті өз брендін дамыту үшін стратегиялық құрал ретінде пайдаланып отыр. Тіпті, бұл көлік Еуропада сатылмаса да, ол инновацияның белгісі бола алады. Ал тұтынушылар автомобиль жасай алатын компанияның сапалы смартфон да шығара алатынын түсінеді», – дейді Херонимо.

Xiaomi MIX FOLD 4 және and Xiaomi 15 Ultra модельдерінің айырмашылығы. Фото xiaomitime.com сайтынан алынды

Смартфон нарығының жандана бастауы және электромобильдердің жетістігі Xiaomi акцияларының 12 ай ішінде 300%-ға өсуіне себеп болды. Компанияның Гонконг биржасында тіркелген акциялары рекордтық деңгейге жетті.

Xiaomi бұл өсімді сақтап қалу үшін жаңа смартфондарын және SU7 Ultra электромобилінің өнімділігі жоғары нұсқасын шығаруды жоспарлап отыр. Дегенмен Xiaomi Samsung-тің нарықтағы үлесін тартып алу барысында қиындықтарға тап болуы мүмкін. Себебі, басқа қытайлық брендтер, әсіресе Oppo және Honor бәсекелестікті күшейтуде.

CCS Insight сарапшысы Бен Вуд былай дейді:

«Қазіргі таңда премиум смартфон нарығы өте қаныққан. Барлық Android өндірушілері Apple-ден үлес алуға тырысуда, бірақ нақты жағдай былай: Android нарығында өсу үшін сізге басқа Android ойыншысынан үлес алу қажет. Xiaomi үшін бұл – Samsung-ті ығыстыру деген сөз».

Оның айтуынша, Oppo мен Honor да өз үлесін арттыруға белсенді әрекеттенуде, бұл Xiaomi-дің Samsung-ке қарсы күресін одан әрі қиындатады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.