Жақында ғана Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейін брифинг өткізіп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша енгізілген соңғы өзгерістерін жеткізді. Тыңдаған жұрттың құлағының құрышын қандырып, ойлағанның ойын шындай түскендей болды. Дегенмен министр нені жасырып қалды, не айтылмай қалды. Мәселе осында...
«Болашақ» бағдарламасы: Ғылым және жоғары білім министрлігі нені жасырып отыр?
istockphoto.com
933
оқылды

Енді «Болашақ» стипендиясы бойынша ғылыми тағылымдамадан іріктеуден өту қиындай түсті. Министрдің айтуынша, талап қатайтылып, қазір тапсырушылар саны 500-ден 250-ге дейін қысқартылды. 

– Жаңа ережеге сәйкес, өте қатаң іріктеу болады деп күтеміз. Тағылымдамадан өту тек SCImago рейтингі бойынша әлемнің үздік 500 университетінде және үздік 10 ғылыми ұйымдарда мүмкін. Үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілгені соншалық оған тек Хирш индексі жоғары ғалымдар мен халықаралық басылымдар қатыса алады. Жарияланымдар интерндер үшін міндеттелді. Олар қайтып оралған соң ғылыми журналдарға мақала беріп, зерттеулерін тіркеуі керек, – деді министр Саясат Нұрбек.

Алайда бұған дейінгі, яғни 2025 жылдың 24 қаңтарында «Болашақ» бағдарламасына енгізілген өзгерісте бұл мәселе қозғалмаған. Ол кезде іріктеудің үш кезеңнен өтетіні және тест сұрақтарынан қажетті балды жинамаған үміткерлердің келесі кезеңге өтпейтіні айтылды. Сол уақыттың жаңалығы – мемлекеттік қызметшілердің шетелде тілдік курс өте алуы еді. Тілдік курс үшін шетелге барудың қаншалықты қажет, ондай ілімді өз елімізде алуға болатынын айтып, Ғылым және жоғары білім министрлігіне бір емес, бірнеше рет хат жолдағанбыз. Бірақ министрлік Саясат Нұрбектің айтқан жаңалығымен бөліспеді.

Бұған дейін, яки 11 ақпанда «Болашақ» стипендиясына енгізілген өзгерістеріне қатысты жіберілген біздің он шақты сұраққа Ғылым және жоғары білім министрлігі қысқа ғана жауап қайырған. Олардың мәліметінше, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 22 мамырдағы №318 бұйрығымен «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға үміткерлер үшін мемлекеттік және шет тілдерін білудің қажетті ең төменгі деңгейі және Тіл курстарының ұзақтығы кестесі бекітілген. Оқыту тілі, конкурстық іріктеу жеңімпаздарының санаттары, шекті деңгейлер, тілдік курстардан өту мерзімдері (Қазақстанда және шетелде) секілді қажетті ақпараты әлгі бұйрықтың қосымшасынан алуға болатынын меңзеді.

«Іріктеу қағидаларының 23-тармағына сәйкес шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімінде ауылдан келген үміткерлерге, инженерлік-техникалық, медицина қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге «Болашақ» стипендиясы есебінен жұмыс органы бекітетін Тіл курстары ұзақтығының кестесіне сәйкес мерзім мен шетелдік жоғары оқу орындарының талаптарына сай тілдік курстардан өту қажеттілігі туралы көрсетіледі. Осы санатқа жататын үміткерлер тілдік курстан өту мүмкіндігі мен магистр дәрежесін алу үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясынның конкурстық іріктеуіне қатысуға құқылы. Белгіленген ең төменгі талапқа сәйкес келетін шет тілін білу деңгейіне қойылатын талаптарды іріктеу қағидаларының 9-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ауылдан келген үміткерлерге, яғни инженерлік-техникалық, медицина қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге ұсынылады, – делінген министрлік ақпаратында.

Министрлік еліміздің заңнамасына сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясын беру үшін үміткерлерді іріктеу бекітіліп, ілеспе нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Соған қарамастан сол ілеспе нормативтік құқықтық актілердің жобалары әзірлеу сатысында екенін тағы айтты. Сонда әлі толығымен әзірленіп бітпеген дүниені бекітіп тастағынан түсінбедік...

 Стипендианттар ағылшыннан басқа тіл курсын шетелде оқиды

Баспасөз конференциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үміткерлерді қабылдауда ғана емес, тіл дайындауға қойылатын талаптың күшейтілгенін жеткізді.

«Бұрын ағылшын тілін білмей шетелдік университетке түсу мүмкін болса, енді тек Ресейге ғылыми тағылымдамадан өтуге болады. «Тіл дайындауға қойылатын талаптар күшейтілді. Бұрын ағылшын тілін білмей шетелдік университетке түсу мүмкін болса, енді тек Ресейге ғылыми тағылымдамадан өтуге болады», – деді Саясат Нұрбек.

Алайда министрліктің 2015 жылғы 22 мамырдағы №318 бұйрығында  неміс, француз, дат, швед, итальян, испан, голланд, норвег, фин, чех, қытай, жапон, кәріс курсы біздің елде оқытылмайтыны көрсетілген. Керісінше, үміткерлердің 6 айдан бір жылға дейін тілдік курсты шетелде оқып келетіні тайға таңба басқандай анық жазылған. Министрлік те оны жоққа шығармады.

«Тілдік курстар стипендиаттардың шетелдік тілдік ортаға жылдам бейімделуі үшін қажет. Бұл өз кезегінде шетелде оқуға жіберілген студенттердің үлгеріміне тікелей әсер етеді. Өз кезегінде, шет тілін жеткілікті деңгейде меңгермеу – алынған білімнің сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Үлгерімнің төмен болуы оқуды жалғастыру мүмкіндігінен айырылады. «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттары үшін шарттық міндеттемелерге байланысты елеулі (материалдық) шығынға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, мұндай жағдайлар елдің беделіне (имиджіне) де жанама түрде теріс әсер етуі мүмкін» деп жауап берді Ғылым және жоғары білім министрлігі.

 

Мемлекеттік қызметшілер тіл курсын Қазақстанда ғана емес, шетелде оқиды

Сондай-ақ министр Саясат Нұрбек мемлекеттік қызметшілерге басымдық бермейтінін айтты. Олар жалпы конкурсқа артықшылықсыз қатысып, тілді шетелде емес, тек Қазақстанда оқитынын назардан қалдырмады.  

– Қазір мемлекеттік қызметшілер жалпы негізде қатысады, оларда ешқандай арнайы рәсімдер немесе артықшылықтар жоқ. Бұл тек магистратураға арналған. Иә, оларға тілді қосымша оқуға мүмкіндік берілген, бірақ шетелде емес, тоғыз ай бойы осында, Қазақстанда. Яғни, бұрынғыдай ақша жұмсамаймыз, тіл үйретуге жібермейміз. Ал, бұл квота аз. Мұндай адамдардан 10-20 өтініш күтеміз – бұл жалпы санның 1 пайызына да жетпейді, – деді Саясат Нұрбек.

Бірақ министр олардың 9 айдан кейінгі тіл курсын оқу шетелде жалғасатынын ашып айтпады. Өйткені министрліктің көрсеткен бұйрығында ағылшын тіл курсы ғана Қазақстанда оқылатыны айтылған. Онда да 6-9 ай елде оқып, 2-ші шекті деңгей IELTS 6-ға көтерсе, шетелге 3 ай тілдік курсқа жіберілетіні бекітілген. Үш ай болса да, ағылшын тілін шетелде оқып келуінің өзі мемлекет есебінен төленеді. Сонда министрдің айтқанындай «Болашақ» бағдарламасында айтарлықтай өзгерістің болмай шыққаны ма? «Мамандардың тілдік курс үшін аз уақытқа шетелге барудың қажеті қанша?» деген сұраққа министрлік былай жауап берді:

«Осылайша, осы мектептердегі тілдік курстардан өту бағдарламалары тек General English емес, академиялық деңгейді үйренуге бағытталған. Тілдік ортаға ену тілді сәтті меңгерудің негізгі факторларының бірі. Бұл тіл иелілерімен еркін түрде сөйлесуге мүмкіндік береді. Оқу процесін жылдамдатып қана қоймайды, сонымен қатар тыңдау, екпін мен диалектіні түсіну дағдыларын дамытады, бұл академиялық оқу кезінде бейімделуді жеңілдетеді».

 «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері тілдік курсты министрліктің көрсетілген бұйрығындай Ұлыбритания немесе АҚШ-тағы тіл мектептерінде өтеді. Десе де министрлік олардың қатардағы тіл үйрететін мектепте білім алмайтынын жеткізді. Олардың мәліметінше, тіл курсынан өту үшін ұсынылатын шетелдік ұйымдардың тізіміне кіретін университеттер мен халықаралық ұйымдардың жанындағы тіл мектептерінде оқиды.

Мемлекеттік қызметші тілдік курсқа «Ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткер» санаты бойынша қатыса алады. Ол үшін үміткердің тұрғылықты тіркелген жері, соңғы 2 жылда еңбек еткен жері көрсетілуі тиіс. Тіпті магистр дәрежесін алу үшін де үміткерге сондай талап қойылған.

«2025 жылғы 17 қаңтардағы №15 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2008 жылғы 11 маусымдағы №573 ««Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын және «Болашақ» халықаралық стипендиясының қаражатын жұмсау бағыттарын бекіту туралы» қаулысына өзгерістер енгізіліп, оған сәйкес тілдік курстардан өту мүмкіндігі «мемлекеттік қызметшілер» санаты бойынша стипендиаттарға да қарастырылды» делінген мнистрліктің жауабында.

Халықаралық білім алуға бағытталған екі бағдарламаның қажеті бар ма?

  Сонымен қатар, министрлік Академиялық оқудан өту үшін сөзсіз шақыру берген үміткерлер шет тілін білу деңгейіне қойылатын талаптардан босатылатынын айтты. Алайда шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін шет тілін жеткілікті деңгейде меңгеруді растау – негізгі талаптардың бірі екенін ұмытпаған.

«Көп жағдайда, шетелдік жоғары оқу орындары белгілейтін шет тілін білуге қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 22 мамырдағы №318 бұйрығында көрсетілген үшінші шекті деңгеймен шамалас. Осылайша, шет тілін тиісті деңгейде меңгермей шетелдік жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі жоқ екенін» еске салды министрлік.

Соңғы жылдары елімізде 34 жоғары оқу орнында қос дипломды бағдарлама әзірленді. Енді студенттер университеттер арасындағы келісім бойынша екі елде білім ала алады. Тіпті Қазақстанда оқып жүріп, шетелдік оқу орнының дипломын алу мүмкіндігі бар. Осы тараптан алғанда «Болашақ» бағдарламасының қажеттілігі қанша деген сұрағымызға министрлік «халықаралық білім алуға бағытталған екі бағдарлама болғанымен, олардың атқаратын қызметтері әртүрлі» деп санайды.

– Қос дипломды бағдарламасы студенттерге Қазақстанда оқып жүріп, шетелдік университеттің дипломын алу мүмкіндігін береді. Алайда елдер мен жоғары оқу орындарын таңдау тек серіктестік келісімдерімен шектеледі. «Болашақ» бағдарламасы әлемнің жетекші университеттеріне шектеусіз қолжетімділік береді. Онда тек оқу ақысын ғана емес, сонымен бірге тұру, ғылыми-зерттеулер, тағылымдамалар шығынын қаржыландырады. Бұл студенттерге толыққанды халықаралық тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Осылайша, бұл бастамалар бірін-бірі қайталамайды, керісінше, толықтырып, сапалы білім алудың қосымша мүмкіндіктерін ұсынады, – делінген министрліктің жауабында.

Кімнің қандай оқу бағдарламасымен түсу әркімнің өз еншісінде. Үміткер ретінде «Болашақ» стипендиясы бойынша барған тиімді. Соңғы жылдары елімізде енгізіліп жатқан «Қос дипломды» бағдарлама да жастарға тиімді. Маманның біліктілігіне, жас маман даярлауға мемлекет тарапынан қаржыландыру жұмсалғаны әрине жақсы. Бірақ маманның тілдік курсын мемлекеттің қаржыландыру қаншалықты дұрыс?