CNBC телеарнасы жариялаған хабарламаға сәйкес америкалықтар өздерінің электр көліктерін басқасына жиі ауыстыра бастаған. Aikyn.kz бұның себебін Edmunds сайтының деректеріне сүйеніп талдайды.
2025 жылғы 11 наурызда Калифорния штатындағы Альхамбра қаласындағы Tesla салоны. Фото cnbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Frederic J. Brown
Edmunds компаниясының деректеріне сәйкес, Tesla иелерінің көліктерін жаңасына немесе басқа маркадағы көліктерге ауыстыру көрсеткіші өскен. Бұл үрдіс компанияның бас директоры Илон Маск Ақ үйдің басшысы Трамп командасына кіргеннен кейін басталған.
Наурыз айында Edmunds автосалондарында Tesla көліктерін басқа компаниялардың көліктеріне айырбастау бойынша ең жоғары көрсеткіш тіркелген.
«Tesla тұтынушыларының көңіл күйіндегі өзгерістер дәстүрлі автоконцерндер мен электромобиль саласындағы стартаптарға өз позицияларын нығайтуға мүмкіндік беруі мүмкін», – дейді Edmunds компаниясының талдау бөлімінің жетекшісі Джессика Колдуэлл.
Edmunds ұлттық автосату платформасының талдауы көрсеткендей, электромобиль иелері көліктерін бұрын-соңды болмаған қарқынмен сатып немесе ауыстырып жатыр.
Қаңтарда әлемнің ең бай адамы Илон Маск президент Трамптың әкімшілігінің басты тұлғасы ретінде Вашингтонға келгеннен кейін федералды бюджетті қысқартумен айналыса бастады. Мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту, мемлекеттік шығындарды азайту Илон Масктің кеңесімен жүзеге асырылуда. Миллиардерге үкіметтің құпия компьютерлік жүйелері мен деректеріне кіруге рұқсат берілген. Бұл әрекеттер сотта бірнеше рет дау туғызғанымен Маск өз жұмысын белсенді жалғастыруда.
Дональд Трамптың үлкен сеніміне ие болған Илон Маск, тіпті өзінің 4 жасар ұлы X Æ A-12 (оқылуы – Экс Эш Эй-Твелв) Ақ үйде бірге ертіп жүреді. Ол президенттің Ақ үйдегі жұмыс кабинетінде де, ұшағында да, көлігінде де әкесінен бір елі қалмай жүгіріп жүреді. Президент Трамп та бүлдіршінді атасындай еркелетеді.
Илон Маск DOGE (Үкіметтің тиімділігі департаменті) деп аталатын құрылымды басқармас бұрын, 2024 жылы Трамптың президенттік сайлау науқанына шамамен 290 миллион доллар қолдау көрсеткен. Біздің ойымызша, Президент Трамптың Маскке деген сенімі мен қолдауы бұл қаржымен түсіндірілмеуі тиіс.
2024 жылдың қарашасындағы сайлаудан кейін инвесторлар Tesla акцияларын жаппай сатып алса, қазір олардың арасында акциялардан бас тартып жатқандар да бар. Бұл компания акцияларының бағасының 42%-ға төмендеуіне де әкелді.
Tesla-ға қарсы АҚШ-та наразылықтар, вандализм және өрт қою оқиғалары тіркеліп жатыр. Бұл шабуылдар Tesla дүкендеріне, көліктеріне және зарядтау стансаларына бағытталған. Tesla-ның АҚШ-тағы сатылымы жылдық есеппен шамамен 11%-ға азайды. Ал Ford, Chevrolet және Volkswagen электромобильдерінің сатылымы артып, нарықтағы үлесі өскен.
«Tesla-ға деген тұтынушылар көңіл күйінің өзгеруі дәстүрлі автоөндірушілер мен жаңа стартаптарға жақсы мүмкіндік тудырады. Tesla-ға деген адалдық пен қызығушылық әлсіреп жатқан кезде, бәсекеге қабілетті баға, жаңа технологиялар немесе даулы тұлғалардан тыс балама ұсынатын компаниялар бұрынғы Tesla иелерін және электромобильді алғаш рет сатып алатындарды өздеріне тарта алады», – дейді Джессика Колдуэлл.
Tesla бренді басқа ешбір автоөндірушілерге ұқсамайды. Бренд өзінің бас директоры Илон Маскпен тығыз байланысты. Сондықтан да болар, Дональд Трампқа қарсы, Илон Маскке қарсы демократтар Tesla-ға «шабуылдарын» күшейтіп келеді. Соның салдарынан Tesla-ның жаңа үлгілерінің сатылымы өткен айда 2022 жылдың қазанынан бері ең төменгі деңгейге түскен.
Маск DOGE-ті басқармас бұрын-ақ Tesla бренді қиындықтарға тап болды. 2024 жылы брендтің нарықтық құны 26%-ға (шамамен 15 миллиард долларға) төмендеген. Көптеген көлік иелері өздерінің брендке деген адалдығын сақтап, электр көліктерін жаңа Tesla үлгісіне айырбастап жатыр, бірақ Edmunds бұл деректерді есепке алмаған.
Дональд Трамптың Илон Маскқа сенім артуының себептері қандай?
Біздің ойымызша, бұның саяси да, прагматикалық та себептері бар. Біріншіден, олардың «антиглобализм» және еркін нарықтық экономика туралы көзқарастары ұқсас. Маск та, Трамп та әсіре мемлекеттік реттеуге, жаһандық құрылымдарға және дәстүрлі саяси институттарға күмәнмен қарайды. Екеуі де жеке сектордың рөлін күшейтуді қолдайды және экономикалық тәуелсіздікті жақтаушылар.
Екіншіден, Маск – Американың технологиялық көшбасшылығының символы. «Ұлы Америка» деп ұрандатқан Трамп үшін Маск – жеке табысқа жетудің америкалық тамаша үлгісі. Tesla, SpaceX, Neuralink – барлығы да «америкалық арманның» нақты көрінісі болған табысты компаниялар.
Үшіншіден, Маск – тәуелсіз және өзіне сенімді толыққанды тұлға. Ол демократтарға да, республикалықтарға да жалтақтамайды. Көбінесе «прогрессивті күн тәртібіне» және либералды құндылықтарға қарсы пікір білдіреді. Бұл көзқарас Трампқа ұнайтыны анық. Масктың тік сөйлейтін мінезі, X (Twitter) желісіндегі белсенділігі және «cancel culture»-ге деген теріс көзқарасы консервативті аудиторияның қолдауына ие.
Төртіншіден, Маск – миллиондаған аудиториясы бар ықпалды тұлға. Оның 219 миллионнан астам жазылушысы бар, және ол қоғамдық пікірге, әсіресе жастар, технология саласындағы мамандар мен кәсіпкерлер арасында үлкен ықпалға ие. Масктың қолдауы Трамп үшін сайлау тұрғысынан тиімді болды.
Бесіншіден, Маскты DOGE (Үкімет тиімділігі департаменті) басшысы ретінде тағайындау арқылы Трамп оның технологиялық және басқарушылық ресурстарын пайдаланып, мемлекеттік құрылымдарды реформалауға, бюрократияны қысқартуға және тиімділікті арттыруға үміт артып отыр.
Илон Маск та Дональд Трампты қолдау арқылы өзінің идеологиялық, бизнес және стратегиялық мақсаттарын іске асыруда. Мемлекеттің басшысының жақын серігі болу әрбір бизнесменнің арманы. Бірақ, біздің ойымызша, президент пен миллиардердің арасында адами да сыйластық, өмірге деген көзқарастарының ұқсастығы да бар сияқты. Бұл альянстың тұрақтылығын уақыт көрсетер.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.