Жаңа ультра икемді өткізгіш полимерлер «ақылды» білезіктерден бастап, медициналық сенсорларға дейін шағын электронды құрылғылардың жұмысын бірден жақсарта алады.
NU ғалымдары микроэлектроника саласында үлкен жаңалық ашты
927
оқылды

NU ғалымдары көпфункциялы үш өлшемді полимерлерді синтездеудің инновациялық әдісін тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Зерттеушілер енді әртүрлі кеуекті материалдарды шығара алады. Сонымен қатар бұл тиімділігі жоғары энергия сақтау құрылғыларын, сенсорлар мен басқа да озық технологияларды жасау үшін жаңа мүмкіндік ашып отыр.

Топ жетекшісі, профессор Нұршат Нұражы атап өткендей, алынған жаңа материал миниатюралық және энергияны тиімді сақтау құрылғыларын құрудың болашағына жол ашады.

«Микроэнергияны сақтау құрылғыларының дамуы киілетін электрониканың болашағы үшін өте маңызды. Біздің полимерлер дәстүрлі материалдардан асып түседі. Оған қоса, шағын энергияны сақтау қолданбалары үшін ауқымды, үнемді шешім ұсынады. Сондықтан олар дәл Қазақстанда өндірілуі де мүмкін», дейді ол.

Жаңа материалды смарт білезіктер, биосенсорлар, икемділік пен деформацияға төзімділікті қажет ететін басқа да құрылғылар сияқты оңай киіле қалатын гаджеттерде қолдануға болады. Себебі ол өзінің қасиетін жоғалтпай, иілу мен бұралуға қарсы тұра алады.

Зерттеуші Гүлдана Жігербаева болашақ материалдың қасиеттерін атап өтті.

«Материалдық инженер ретінде мен ақылды материалдарды, яғни болашақтың материалын өндірудің масштабталатын әдістерін әзірлеуге тырысамын.  Жаңа технологияның басты артықшылығы – оның әмбебаптығы мен қарапайымдылығы. Кеуекті полимерлерді синтездеудің қолданыстағы әдістерінен айырмашылығы сол, бұл тәсіл қосымша әдістерді, айқастырғыш агенттерді немесе диэлектриктерді қолдануды қажет етпейді. Бір сөзбен айтқанда, процесті айтарлықтай жеңілдетіп, оның құнын төмендетеді. Біз қазірдің өзінде икемді энергия сақтау құрылғыларын, газ датчиктерін және сутегі өндіру жүйелерін жасау кезінде осы әзірлемелерімізді қолданып жатырмыз. Осылайша, платформаның тиімділігі дәлелденген. Синтездің көлемді болуы материалдарды өндірісте қолдануға жол ашады», деді ғалым Г. Жігербаева.

Қазақстандық ғалымдар тобының полимерлік нанокомпозиттер саласындағы зерттеуі болашақтың тиімді икемді энергия сақтау құрылғылары мен материалдарын құру жолындағы маңызды қадам болғаны сөзсіз. Қазір ғалымдар жаңа синтездеу жолын басқа композиттік полимерлер жасау үшін пайдаланып жатыр. Бұл полимерлер сутегі өндірісінде, суды тазартуда, сезімтал сенсорларды жасауда және жаңартылатын энергия мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқа жобаларда қолданылады. Жұмыстың нәтижесі Nature Portfolio құрамына кіретін Scientific Reports беделді ғылыми журналында жарияланды.