Құрама штаттардың жаңа тарифтік саясатын алғашқыда үреймен қабылдаған мемлекеттер, енді қарсы шаралар қабылдай бастады. Бүкіл әлем елдерін өзіне қарсы қойған Америка не істей алады?
Президенттің жеңінде жасырған сиқырлы таяғы бар сияқты
Досын да, дұшпанын да өзінен алыстатқан Құрама штаттар елсіз аралдай жалғыз қалатын сияқты. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторлығы: Thomas_EyeDesign
840
оқылды

Aikyn.kz америкалық gizmodo.com сайты жариялаған хабарламаға сүйеніп, тарифтік текетірестің ықтимал финалын талдайды.

«Америкалық тарифтерге біздің жауабымыз – күресу, қорғау және даму», – дейді Марк Карни. Фото pbs.org сайтынан алынды

Канада премьер-министрі АҚШ-тың автокөлік өнеркәсібіне қарсы шара қабылдайтындарын мәлімдеді. Кешегі саяси, экономикалық серіктес ел АҚШ-тың автокөліктеріне экономикалық жауап бермек. Олардың ойынша, Трамп әлемдегі «ең ақымақ сауда соғысын» қоздыруда.

Президент Трамп бүкіл әлемге ауқымды тарифтер енгізіп жатқанда, Американың бұрынғы сауда серіктестері өздерінің жауаптық шараларын әзірлей бастады. Қытай америкалық тауарларға 34%-дық қосымша тариф енгізсе, ЕуроОдақ қарсы тарифтер туралы шешім дайындауда. Бұның бәрі америкалықтардың қалтасына әсер ететіні сөзсіз.

Бейсенбі күні (3 сәуір) Канадада жақында ғана премьер-министр болып сайланған Марк Карни АҚШ-тан келетін автокөліктерге жаңа 25%-дық тариф енгізілетінін жариялады. Бұл тариф USMCA (АҚШ, Канада және Мексика арасындағы сауда келісімі) шарттарына сәйкес келмейтін барлық көліктерге қатысты болады. Алайда бұл тариф автокөлік бөлшектеріне қолданылмайды. Карнидің айтуынша, бұл шаралар Канадаға шамамен 5,7 миллиард доллар табыс әкелуі мүмкін.

АҚШ Канадаға қарсы бірнеше тарифтерді бұрыннан енгізген болатын, соның ішінде болат пен алюминийге, басқа да канадалық экспорт түрлеріне. Бұл аптада Трамп жариялаған ауқымды («өзара») тарифтерден Канада мен Мексика босатылғанымен, бұрын енгізілген шектеулер өз күшінде қалды.

Президент Трамптың жеңінде жасырған сиқырлы таяғы бар ма? Фото news.sky.com сайтынан алынды

«Бұл соңғы тарифтерге біздің жауабымыз – күресу, қорғау және даму. Біз АҚШ-тың тарифтеріне өзіміздің қарсы шараларымызбен жауап береміз. Бірақ біз АҚШ-тан артық жетістікке жете аламыз. Бұл жағдайдың қалай өрбитіні, АҚШ-тың өз экономикасына қаншалықты зиян келтіруіне байланысты болады», – деді Марк Карни баспасөз конференциясында.

Карни өз сөзінде Трамп әкімшілігі өз мерзімінің бірінші кезеңінде бекіткен USMCA келісімін бұзып жатқанын да атап өтті. Бұл келісім 2020 жылы, Трамптың алғашқы президенттік мерзімі аяқталар тұста күшіне енген болатын. Карни Трамптың сауда соғысы ақыр соңында қарапайым америкалықтарға зиян келтіреді, сондықтан бұл тарифтер жойылады деген сенімде.

«Өз халқына төнетін залалды ескере отырып, АҚШ әкімшілігі ақыры бағытын өзгертуі тиіс. Бірақ олардың қазіргі саясаты америкалық отбасыларға ауыртпалық салуда. Бұл жол Канада үшін де, басқа серіктестер үшін де ауыр болады», – деді Карни.

Марк Карни АҚШ пен Канада арасындағы қатынастарға да пессимистік көзқарас білдірді:

«Бүгінгі жаһандық экономика бұрынғыдан түбегейлі өзгерді. Әлемдік сауда жүйесі АҚШ-қа негізделген болатын. АҚШ-пен терең интеграцияланған ескі қарым-қатынасымыз аяқталды. АҚШ экономикалық көшбасшы ретіндегі рөлі 80 жыл бойы жалғасып келді. Бұл да аяқталды. Бұл – трагедия. Бірақ бұл – жаңа шындық. Біз оған нақты және батыл жауап беруіміз керек», – деп түйіндеді ол өзінің сөзін.

Канада премьер-министрі Марк Карни: «АҚШ-тың 80 жыл бойы жалғасқан экономикалық көшбасшылығы аяқталды. Бұл – трагедия. Біз оған нақты және батыл жауап беруіміз керек». Фото edition.cnn.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Blair Gable

Ия, заманауи соғыстың қай түрі болмасын, онда жеңімпаздар болмайды. Соғысқа қатысушы барлық тараптар зардап шегеді.  АҚШ басқа елдерді «жазалау» үшін, өзі «әділетті» деп санайтын тариф енгізгенімен, бұл саясаттың салдары қарапайым америкалықтарға зиян келтіруі мүмкін.

Бүкіл әлемнен төгіліп жатқан арзан әрі сапалы тауарға үйренген америкалықтар ұзақ уақыт қымбатшылыққа төзе алмайтын шығар.

Ақырында Америка тарифтерді азайтуға немесе жоюға, сауда серіктестерімен диалог орнатуға мәжбүр болады. Олай болмаған жағдайда, басқа елдер бір-бірімен сауда-саттық жасап, доллардан бас тартып, жаңа нарықтар, жаңа сауда одақтарын құруы мүмкін. Сонда досын да, дұшпанын да өзінен алыстатқан Құрама штаттар елсіз аралдай жалғыз қалатын сияқты. Президент Трамптың кімге және неге сенетіні белгісіз. Мүмкін оның жеңінде жасырған сиқырлы таяғы бар шығар? Оны уақыт көрсететін болады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.