Журнал білім беру саласындағы ғылыми зерттеулер, білімді бағалаудың заманауи әдістері, оқытушыларға арналған практикалық құралдар, білім беру өлшемдеріндегі жаңа тенденциялар, сондай-ақ осы саладағы халықаралық тәжірибе туралы мақалалар жариялайды.
«Педагогикалық өлшемдер» атты жаңа ғылыми-практикалық журнал жарыққа шықты
Фото: gov.kz
413
оқылды

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы «Педагогикалық өлшемдер» атты жаңа ғылыми-практикалық журналдың жарық көргенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Бұл журнал – білім сапасын бағалау және педагогикалық өлшеу құралдарын әзірлеу саласындағы заманауи ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жариялауға, тәжірибе алмасуға және өзекті мәселелерді талқылауға арналған арнайы кәсіби алаң. Басылым білім беру саласындағы зерттеушілерге, бағалау саласының сарапшыларына, тест құрастырушыларға, оқытушыларға, білім беру ұйымдарының өкілдеріне және білім беру процесінің объективтілігі мен тиімділігін арттыруға мүдделі барлық маманға арналған.

Журналдың редакциялық алқасы АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Түркия, Әзербайжан Республикасы, Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасының жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының танымал ғалымдары мен халықаралық деңгейдегі мамандарынан құралған. Бұл құрам жарияланатын материалдардың ғылыми деңгейі мен өзектілігін қамтамасыз етеді.

«Біз бұл беделді басылымды білім беру жетістіктерін бағалау және білім сапасын басқару саласындағы озық білімді дамыту мен кеңінен тарату мақсатында құрдық. Басты мақсатымыз – педагогикалық өлшемдер теориясы мен практикасының дамуына ықпал ету, зерттеу нәтижелері мен инновациялық тәсілдермен алмасу алаңына айналу. Барша мүдделі ғалымдар мен практиктерді ынтымақтастыққа шақырамыз», – деді журналдың бас редакторы Болатбек Абдрасилов.

«Педагогикалық өлшемдер» журналы жылына төрт рет жарық көреді және білім беру мен педагогикалық өлшеу саласындағы мамандар үшін кәсіби ақпараттың маңызды көзіне айналады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.