Бұл туралы бізге Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Кенесары хан — ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлға. Оның жеке мұраларына жататын жәдігерлер ұлттық мұраның баға жетпес бөлігі саналады. Солардың бірі — Кенесары Құраны. Бұл қолжазбадағы жазу мен мөрлер хан ордасындағы рухани және саяси байланыстардың ерекше үлгісі болып саналады. Құранда жазылған дұға мен иесінің есімі тек діни сенімді ғана емес, саяси астарды да танытады», – дейді Ясауитану ғылыми орталығының басшысы С.Моллақанағатұлы.
Ол сонымен қатар жазудың мәтіні мен оқылымын да жариялады.
Арабша түпнұсқа:
قازاق خانى كينه سارى خان نى الله قوروسون. دعا گوى فقير راجى إلى الله ملا مرال بن قربان
Қазақша оқылымы:
Қазақ Ханы, Кенесары ханды Алла қорысын! Дұғагөй, пақыр, Алладан үміт етуші Молда Марал Құрбанұлы.
Сарапшының айтуынша, бұл жазу қолжазбаның бетіне каллиграфиялық әдіспен түсірілген және оның басы мен аяқ жағында екі түрлі мөр басылған. Оған қоса, бұл мөрлер Кенесары хан билігінің дін өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болғанын және Құранның қасиетті кітап ретінде жоғары мәртебеге ие болғанын айғақтайды.
Одан кейін Ясауитанушы Сайпулла Моллақанағатұлы мәтіннің маңызына тоқталды.
«Аталған жазба – діни мәтін ғана емес, сонымен қатар тарихи және мәдени дереккөз. Онда:
- Кенесарының аты аталып, оған Алладан қорғау тіленген;
- Дұға иесі ретінде Молда Марал Құрбанұлы көрсетілген, бұл тұлға – сол дәуірдегі белгілі діни қайраткер;
- Жазудың стилистикасы мен мазмұны арқылы Құранның тек жеке қолдануға емес, рухани күш, саяси айғақ ретінде де пайдаланылғаны байқалады. Кенесары Құранындағы жазу – қазақ халқының тарихындағы діни және саяси үндестіктің жарқын көрінісі. Бұл жазу ұлттық сана, рухани тәрбие және тарихи дерек тұрғысынан аса құнды. Болашақта осындай деректерді кең көлемде зерттеп, жүйелеу — рухани жаңғыру жолындағы маңызды қадам болмақ», – дейді ол.