Нарықтың қысымынан кейін Дональд Трамп шегініс жасап, баж салығы төмендеуі мүмкін екенін тұспалдады. TikTok-қа тыйым салуды да Қытаймен ортақ келісімге келгенше кейінге шегерді.
Трамп тайсақтап, Қытаймен тарифтерді төмендетуді тұспалдап жеткізді
Балықшы тұйғынның көз ілеспес шабуылы Трамптың бизнес стратегиясына ұқсайды. Фото timeout.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock
1,102
оқылды

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz америкалық басшының қатқыл ұстанымының жұмсаруының себебін талдайды.

2 сәуірде енгізілген жаппай баж салығы нарықтарда үлкен сергелдең тудырған соң, Ақ үйде мұндай шараларға деген сенімсіздік өскен. Фото focusmoving.com сайтынан алынды

АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбіде (17 сәуір) АҚШ пен Қытай арасындағы өзара кедендік баж салығын өсіру жарысына нүкте қойылуы мүмкін екенін тұспалдап жеткізді. Нарықтарды бірнеше апта сілкіндірген сауда шиеленісі тоқтауы мүмкін екенін аңғартты. Сонымен қатар, TikTok әлеуметтік медиа платформасына қатысты келісімнің де кейінге қалдырылуы мүмкін екенін айтты.

«Мен олардың (тарифтердің – авт.) өскенін қаламаймын, өйткені белгілі бір сәтте адамдар сатып алуды доғарады. Сондықтан мен, бәлкім, (тарифтерді – авт.) көтергім келмейді немесе тіпті сол деңгейге жеткізгім келмейді. Керісінше, төмендеткім келуі мүмкін. Себебі сіздер не істеу керектігін білесіздер: адамдардың сатып алғанын қалайсыз. Ал белгілі бір деңгейде адамдар сатып алмай қояды», – деді Трамп Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында.

Трамптың бұл пікірлері 2 сәуірде енгізілген ондаған елге қатысты жаппай баж салығы нарықтарда үлкен сергелдең тудырған соң, мұндай шараларға деген күмәннің өскенін де көрсетті.

Республикалық президент елге әкелінетін тауарлардың басым бөлігіне 10%-дық баж салығын енгізді, бірақ кейбір елдер үшін жоғары тарифтерді енгізуді келіссөздер аяқталғанға дейін тоқтатып қойды.

Дегенмен Трамп Қытайдан келетін импортқа салынатын баж салығын 145%-ға дейін арттырды. Себебі Бейжің де америкалық тауарларға қарсы шаралар қабылдап, 125%-дық тариф енгізді.

Дональд Трамп қатаң ұстанымын өзгертіп, тариф саясатын жұмсартуға көшті. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Jonathan Ernst

Өткен аптада Қытай да «тарифтер бойынша цифрлармен ойнауға» енді қарсы жауап бермейтінін мәлімдеп, жалпы мөлшерлемелердің бұдан әрі өспейтінін меңзеген болатын. Трамптың айтуынша, Қытай тарапымен байланыс үзілген жоқ, және ол екі елдің мәмілеге келуіне үмітті екенін жариялады. Кейбір дереккөздер Reuters агенттігіне тараптардың арасында байланыстардың бар екенін растағанымен, жоғары деңгейдегі нақты келіссөздердің әлі басталмағанын мәлімдеді.

Журналистермен әңгіме барысында президент Трамп елдер арасындағы келіссөздердің нақты сипатын, сондай-ақ ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің бұл үдерістерге тікелей қатысы бар-жоғын нақтылаудан бірнеше рет бас тартқан.

Дональд Трамп қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі TikTok қосымшасының АҚШ-тағы активтерін сатуға қатысты заңды мерзімді бірнеше рет ұзартты. Қысқа видеолар платформасын қазіргі уақытта 170 миллион америкалық қолданады. Бейсенбіде (17 сәуір) америкалық президент бұл бөліну туралы келісімнің сауда мәселесі шешілгенге дейін кейінге қалдырылатынын мәлімдеді.

«Бізде TikTok бойынша келісім бар, бірақ ол Қытайға байланысты болады. Сондықтан, біз бұл келісімді барлық мәселе шешілгенге дейін кейінге қалдырамыз», – деді Трамп.

Нарықтағы қысым мен белгісіздік жағдайында Дональд Трамп бұрынғыдай қатаң ұстанымын өзгертіп, тариф саясатын жұмсартуға көнді. 

Президент Трамптың табысты бизнес өкілі екенін ұмытпайық. Оның жұмсарған риторикасы мен кейінгі шегінісі – қорқыныш немесе әлсіздік емес, керісінше алдын ала болжанған саудаласу стратегиясы деп ойлаймыз. Алдымен жағдайды ушықтырып, қарсы тарапты «қыздырып», кейін өзіне тиімді мәміле жасауға икемдеу — бұл Трамптың бизнесте жиі қолданатын әдісі. TikTok келісімін кейінге қалдыру арқылы да ол Қытайға қосымша қысым жасауды көздеп отырған болуы мүмкін. 

Бұндай жағдайда біз де әлемдік нарықтағы жалпы даурығуға ілеспей, терең демалып, үзіліс жасап, оқиғалардың қалай өрбитінін сабырмен бақылайық.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.