Роза Бағланова жай ғана әнші емес, бір ұрпақтың үні, қайсар рухтың көрінісі.
Роза Бағланова салған әнде бір ғана нота емес, тұтас халықтың үні болатын
Фото: qazaqconcert.kz
3,070
оқылды

Роза Бағланова қазақ халқының маңдайына біткен ән өнерінің бұлбұлы, шын мәніндегі сахна жұлдызы атана білді. Өмірі де, өнері де қазақ мәдениетінің тұтас бір дәуірін бейнелейді. Әнші жайлы қазақша да, орысша да мақалалар жазылды. Біздің мақсатымыз – Роза Бағланованың өмірбаянын баяндау емес. Оқырманға ұлт өнерінің шоқтығы биік өкілін жаңа қырынан, яғни рухани қайраткер, азаматтық тұлға, әнге жан бітірген тұлға көрсетуге тырыстық. Өйткені Роза Бағланованы тек әнші деп атау жараса қоймас. Ол қазақтың XX ғасырдағы рухани тірегінің бірі десек қателеспеспіз. Оның болмысы өнер мен елге қызмет ету ұғымының тең келетін тұсы сияқты.  

Роза Тәжібайқызы Бағланова 1922 жылы Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген. Ол уақытта қазақ даласында ашаршылық жайлап, түрлі саяси оқиғалар болып жатты. Роза бала кезінде-ақ тағдырдың сынағын ерте тартты. Әкесі ерте қайтыс болып, анасы мен әжесінің тәрбиесінде өседі. Бірақ дәл осы қарапайым отбасы, әсіресе әжесі үні мен мейірімі оның жүрегіне әнді сіңірді. Қызылордада педагогикалық білім алып жүргенде де, кейін Ташкентке барып тоқыма институтына түскенде де өнерге деген құштарлығы өшкен жоқ деседі. Ол кешкісін жұмыс істеп, күндіз оқыса да, ән айтуын тоқтатпады. Бір күні оның ерекше дауысын Өзбекстан филармониясының директоры естіп қалып, кәсіби сахнаға жол ашты. Міне, осы уақыттан бастап қарапайым Роза – «әнші Роза» атанады.

1941 жылы соғыс басталғанда Роза Бағланова майданға өз көмегін көрсету керек деп шешті. Ол филармония құрамында майданға аттанып, алдыңғы шептегі жауынгерлерге арнап ән шырқады. Бұл жай ғана концерт емес, өмір мен өлім арасындағы сәттерде адам жанына үміт ұялатқан өнердің шынайы күші еді. Роза апамыз майдан даласында 20-дан астам тілде ән шырқап, әр ұлттың сарбазына жүрекпен жол тапты. Оны өзі бірнеше сұхбатында да айтып жүрген. 1943 жылы көзінен ауыр жарақат алғаннан кейін де, бірнеше операциядан соң сахнаға қайта шықты. 

«Роза – нағыз кәсіби әнші ғана емес, терең парасат иесі болатын. Оның орындауындағы әндерде арзан әсер, жеңіл әуен жоқ. Барлығы – жүрек сүзгісінен өткен, елдің мұңын, ананың сағынышын, батырдың жігерін жеткізетін дүниелер. Роза апамыз әнмен тәрбиеледі. Оның үнін тыңдап өскен ұрпақ өнердің шын мағынасын ұқты. Ән айту оның кәсібі емес, өмірі еді», – деген өнер зерттеуші Жарқын Шәкәрімнің бір пікірі бар.

Соғыстан кейінгі өмірінде де ол қазақ сахнасының көркіне айналды. Опера театрында, филармонияда, «Қазақконцерт» құрамында еңбек етіп, қазақ әнінің шекарасын кеңейтті. Роза Бағланова әнді тек орындаушы емес, әндерін өзінше өңдеп, әрбір шығармасына жан бітіріп, тыңдарманның жүрегіне жеткізетін. Алайда «Розаның дауысында бір ғана нота емес, ұлттың тынысы бар еді» деген оймақтай ой бекер айтылмаса керек. «Ах, Самара городок» секілді танымал әндерді де өзінше өрнектеді. Орыс, татар, корей, өзбек, тіпті жапон тілінде ән айтқанда да, әр халықтың жан дүниесін түсініп, соған лайық үнмен жеткізетін қабілеті бар болатын.  

Түрлі деректерді қарап отырсақ, Роза Бағланова  өнерпаз ғана емес, қайраткер ретінде де қоғам ісіне араласып жүрген. Мысалы, Аралдың тартылуы, Семей полигоны секілді ұлттық экологиялық апаттарға алғаш болып үн қатқандардың бірі болған деседі. Ал Алматыдағы қаһарлы 1986 жылы да өз ойын билікке жеткізе білген екен. Бұл жайлы естеліктері де бар.

1986 жылы Алматыда Желтоқсан оқиғасы басталғанын естіген Роза Бағланова алаңға өзі барды. Жастардың көңіл күйі алаңдаулы, шу көп, не болып жатқанын анық есту мүмкін емес еді. Оны көрген Серік Абдрахманов трибунаға шақырады, бірақ жолын кескен полковникке генерал Коряковский: «Бұл – Роза Бағланова, жібер!» деп араша түседі. Трибунаға көтеріліп, ішке кіргенде, ол жақтағыларға жастарды ұрып-соғып жатқандар туралы ашық айтты. Генералға: «Қыздарды шашынан сүйреп, ұлдарды ұрып жатыр, тоқтатыңыздар!»  деп талап қойды. Кейін сол жерде күш қолдануды доғару туралы бұйрық берілген. Ертеңінде де алаңға қайта оралып, халық алдына шықты. Серік Абдрахманов оның қауіпсіздігіне алаңдағанымен, Роза апа: «Кеше ұрылған балалардың өмірі менікінен артық емес» деп жауап береді. 

Тәуелсіздік жылдары Роза Бағланова қоғамдық өмірден шет қалмай, елдің рухани-мәдени жаңғыруына белсенді атсалысып жүрген. Ол түрлі кездесулерге қатысып, жас өнерпаздарға қолдау білдіріп отырды, өзі де сахнаға шығып, халықпен етене жақын араласты. 1996 жылы оған "Халық Қаһарманы" атағы берілді. Бұл оның өнері мен ел алдындағы еңбегінің жоғары бағалануы еді. 

Роза Бағланова  2011 жылы дүниеден өтті. Өзі кеткенімен, оның үні көрерменнің жадында қалды. Бүгінде ол салған әндер қайтадан радио эфирінде, сахнада, халықтың жүрегінде жаңғырып тұр. Оның құрметіне Қазалыда мүсін орнатылды, Алматыда еңселі ескерткіш бой көтерді. ЮНЕСКО шеңберінде 100 жылдығы атап өтіліп, әлемдік деңгейде танылды. Бірақ одан да маңыздысы – ол бүгінгі ұрпаққа өнеге болып қалды. Роза Бағланова – ұлттың рухани шамшырағы. Оның өнегесі тек өнерде емес, ойда, ұстанымда, жүректе қалуы тиіс.

Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеуші