Бір апта бұрын өмірден озған Рим Папасы Францисктің жаңа технологияларға қатысты пайымдаулары жариялана бастады. Понтифик әрқашанда өз пікірін ашық білдіруден қорықпаған.
Рим Папасы Францисктің заманауи технологиялар туралы ескертуі
Рим Папасы Франциск: «Технологиялар адамзаттың игілігіне қызмет етуі тиіс, адамзатқа зиян тигізбеуі керек». Фото nbcnews.com сайтынан алынды. Авторлығы: EPA / Osservatore Romano
862
оқылды

SlashGear технологиялық сайты жариялаған мақалаға сілтеме жасаған Aikyn.kz, Рим Папасының технологиялық жаңаруға деген басты көзқарастарын ұсынады.

Өткен аптада 88 жасында өмірден озған Рим Папасы Франциск әлемде болып жатқан оқиғалардан әрдайым хабардар болып отырған. Әлемдік саяси оқиғалар немесе соңғы технологиялық жетістіктер туралы өз пікірін ашық білдіруден ешқашан қорықпаған. 

Vatican News агенттігінің хабарлауынша, 2023 жылы өткен «Адам игілігі үшін жаңа технологиялардың тоғысуы» атты семинарда Папа Франциск қазіргі және дамып келе жатқан технологиялардың зиянды емес, пайдалы болуы керектігін атап өткен. Яғни, технологиялар адамзаттың игілігіне қызмет етуі тиіс, адамзатқа зиян тигізбеуі керек. Сонымен қатар, Папа Франциск дамып келе жатқан технологиялар ортақ адами тәжірибені жоққа шығармауы керек екенін баса айтқан. Ол былай деген:

«Қарым-қатынастардың, жеке де, қоғамдық та желісінде технологиялар адамдық байланысты алмастыра алмайды. Виртуалды әлем шынайы өмірдің орнын баса алмайды, ал әлеуметтік желілер қоғамдағы шынайы қарым-қатынасты алмастыра алмайды».

Халыққа жанашыр және қарапайым, Жаратушының сыйынан үміткер қасиетті адам өмірден өтті: 

Папа Францисктің пікірінше, технология адамдарды алмастырмауы керек. Понтифик технологиялар қай қоғамда дамыса, сол мәдениеттің ерекшеліктерін көрсетуі тиіс екеніне сенген. «Адамзаттың рөлін бұл процестен алып тастамауы тиістігін» айтқан. Жалпы алғанда, технология ешқашан адамзат тәжірибесін толықтай ығыстыратын деңгейге жетпеуі керек. Әлеуметтік желілер оның ерекше алаңдаушылығын тудырған. Бірақ Папа Франциск бұндай күмәндерді жасанды интеллект сияқты басқа жаңа технологиялар мен зерттеу салаларына да қатысты да мәлімдеген. Оның бұл ойлары христиандық этикаға негізделген гуманистік көзқарастан туындайды.

Семинар барысында Рим Папасы тағы бір маңызды ойды алға тартқан: «Ғылыми және технологиялық прогресс адамның дамуы мен рухани жетілуімен бірге жүруі керек». Яғни, технология әлеуметтік дамуда немесе қоғамдық өзара әрекеттерде адамды алмастырмауы тиіс. Понтифик технологияның дамуы адамзаттың өз орнын жоғалтуына әкелмеуі тиіс екенін ескерткен.

Папа Франциск халықпен етене жақын, қарапайым тұрмыс кешкен ерекше Папа ретінде есте қалды. Ол технологиялық дамудың адамзаттық құндылықтарды ығыстырып жібермеуі керек екенін әрдайым ескертіп отырды. Оның пікірінше, технология адамдардың шынайы қарым-қатынасын, өмірі мен мәдениетін, руханиятын дамытатын құрал ғана болуы керек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.