Саясаткерлердің 8 миллион баяндамасын талдаған ғалымдар таңғаларлық өзгерісті анықтаған. Саяси лексикада ғылыми негізделген тұжырымдарды қолдану күрт азайып кеткен.
Пілдер – менің достарым, ал есектер ше?!
Республикашылдар – пілдер, демократтар – есектер. Иллюстрация adnradio.cl сайтынан алынды. Авторлығы: Wong Yu Liang
647
оқылды

Nature Human Behaviour ғылыми журналында жарияланған мақалаға сүйенген Aikyn.kz, бүгінгі саясаткерлер өз сөздерінде дәлелдемелерді неге аз қолданатынын түсіндіреді.

АҚШ Конгресінде де қызу дебаттар, күш қолданатын жағдайлар болады. Фото independent.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: Associated Press

Ғалымдар тобы АҚШ-тағы саяси сөздерде ғылыми негізделген лексиканың қолданылуы 1970 жылдардан бері күрт азайғанын анықтаған. Машиналық оқыту технологиясының көмегімен талданған баяндамалар АҚШ-тың саяси риторикасы соңғы 140 жылда дәлелдерден эмоцияларға ауысқанын көрсеткен. Бұл құбылыс америкалық азаматтарға елеулі әсер еткен.

Зерттеу нәтижелері Nature Human Behaviour журналында жарияланған және соңғы 140 жыл ішінде АҚШ Конгресінде жасалған 8 миллионнан астам баяндаманы талдау негізінде алынған.

«Біз кейбір саясаткерлер көп өтірік айтса да, оған неге басқалар сенетінін білгіміз келді. Көбінесе олар өздерінің сенімдеріне сүйеніп сөйлейді, сондықтан шынайы естіледі», – дейді зерттеудің жетекші авторы, Германиядағы Констанц университетінің ғылыми қызметкері доктор Сегун Аройехун.

Аройехун мен әріптестерінің алдыңғы зерттеулері АҚШ Конгресінің мүшелерінің әлеуметтік желідегі жазбаларын талдай келе, соңғы жылдары дәлелдерге негізделген сөзден сенім мен түйсіктік баяндауға ауысу байқалғанын көрсеткен.

«Біз дәлелдерге негізделген шындық пен интуиция, ішкі түйсікке сүйенген шындық арасында айырмашылық бар екенін анықтадық», – дейді Аройехун.

Осы үрдісті тереңірек түсіну үшін команда өткен ғасырларға көз жүгіртіп, бұл өзгерістер жақында ғана пайда болған құбылыс па, әлде тарихи сипатта ма, соны анықтауды мақсат еткен.

«Бәріне ғылым керек, ғылым өсіреді» деген ұрандар жазылған америкалық сайлаушылар. Фото The Washington Post сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Jahi Chikwendiu

Машиналық оқыту моделін қолдана отырып, зерттеушілер Конгрестегі бір жарым ғасырлық сөздерді талдап, әрбір сөздің дәлелдерге немесе ішкі түйсікке негізделген тілге қаншалықты бейім екенін анықтайтын жүйе жасайды.

Дәлелдерге сүйенген кілт сөздерге «талдау», «деректер», «қорытынды» және «зерттеу» сияқты ұғымдар енсе, ішкі түйсікке байланысты тілге «көзқарас», «дұрыс мағына», «жорамал» және «сену» сияқты сөздер жатқызылған.

Нәтижелері таңғаларлық болған. Соңғы 140 жыл ішінде дәлелдерге негізделген және ішкі түйсікке негізделген тілдің арақатынасы тұрақты болмағанымен, көп уақыт бойы тепе-теңдік сақталған. Тіпті 1940–1960 жылдар аралығында дәлелдерге сүйенген тілдің үлесі артқан екен. Алайда 1970 жылдардан бастап жағдай өзгерген: ішкі түйсікке негізделген тілдің ықпалы айтарлықтай өскен.

Аройехун бұл үрдіс демократтар мен республикашылдар арасында да байқалғанын атап өтеді. Соңғы жылдары демократтар арасында дәлелдерге негізделген риториканың шамалы өсімі байқалғанымен, бұл үрдіс сөздердің шынайылығын немесе жалғандығын емес, шындықтың немесе өтіріктің қалай жеткізілетінін көрсеткен.

Америкалық жүйеде мына әзіл видеодағыдай оқиға болуы мүмкін емес деп ойласыз ба? 

Алайда бұл ауысымның салдары бар. Ғалымдар интуитивті риторика үлесінің артуын Конгрестегі саяси поляризация мен табыс теңсіздігінің өсуімен салыстырды – екеуі де бір кезеңде қатар өскен. Сонымен бірге, Конгрестің өнімділігі – яғни қабылданған заңдардың саны мен сапасы – осы кезеңде төмендеген.

«Негізгі ой мынада: риторика маңызды. Ал АҚШ Конгресіндегі тіл арқылы шындыққа деген ұмтылыстың сипаты қоғамдық және саяси тұрақтылық көрсеткіштеріне әсер етеді», – дейді Сегун Аройехун.

Қазір зерттеушілер осы әдістемені Германия мен Италиядағы саяси сөздерге қолданып көрмек. Олар басқа демократиялық елдерде де осындай үрдістер байқала ма, соны зерттемек. Бұл әдісті қазақ саясаткерлері мен қоғам белсенділерінің көпірме сөздерінің немесе халыққа шынайы жанашырлығының өскенін білу үшін қолданған да пайдалы болар еді деп ойлаймыз.

 

Қысқаша анықтама

Піл мен есек АҚШ-тың екі ықпалды саяси партиясының ресми емес, бірақ тарихи орныққан символдары. Бұл бейнелер, ең алдымен, карикатурашы Томас Нэстің арқасында танымал болды.

Есек – демократтардың тапқырлығы мен табандылығын, халыққа жақындығын білдіреді. Піл – республикашылдардың күшін, тұрақты және байсалды қасиеттерін бейнелейді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.