Тұрғын үй компаниялары Кіші Талдыкөлдің жағасына үй салып жатқандықтан, көл тартылып бара жатқандай көрінді әрі ол жерге жасанды жолмен топырақ және құрылыс қалдықтарын сеуіп, құрғатқан сыңайлы.
«Қайда салғаны белгісіз»: сарапшы Талдыкөлдің үстіне салынған үйлердің қирауы мүмкін екенін айтты
Алтынбек Мерсадық
7,103
оқылды

Бір кездері аққу жүзіп, қоқиқаз қонған көл бүгінде жойылып кеткелі тұр. Егер ол биліктің һәм қоғамның назарынан тыс қалса, келешекте оның орнын тек бетон басып кетпей ме? Астананың қақ ортасындағы Талдыкөлдің, әсіресе Кіші Талдыкөлдің тағдыры табиғатқа жаны ашитын талай жанды алаңдатып отырғаны – бесенеден белгілі жайт. Табиғи экожүйені құрту – әкімдіктің «өз қолымен жасалған» экоцид емес пе?..

Көз көрген Кіші Талдыкөл

Осы және өзге де мәселенің анығын білу үшін жақында Кіші Талдыкөлдің маңына барып, жағдайды өз көзімізбен көріп қайттық. Көрген көзде де, оны таспалаған фотоаппаратта да айып болмас. Бажайлап қарасақ, Кіші Талдыкөлдің маңайында қоқыс көбейген. Әрине, көше тазалайтын қызметкерлер көлдің айналасын жинап-ақ жатыр. Бірақ маңайдағы бей-берекетсіздіктің асқынғаны соншалық, кімнің нені ол жерге лақтырып кеткенін тап басып анықтай алмайсыз. Бұны «бір» деңіз. Екінші мәселе, құрылыс компанияларының құрылысты қарқынды жүргізіп, көпқабатты үйлерді топырлатып салып жатқанын көресіз. Сондықтан тау-тау болып үйіліп жатқан топырақ үйіндісі көп. Үшіншіден, сол жақтағы тұрғынның айтуынша, былтырғымен салыстырғанда, көлге келетін құстардың қатары сиреген. Төртіншіден, тұрғын үй компаниялары Кіші Талдыкөлдің жағасына үй салып жатқандықтан, көл тартылып бара жатқандай көрінді әрі ол жерге жасанды жолмен топырақ және құрылыс қалдықтарын сеуіп, құрғатқан сыңайлы... Ал енді бұл мәселеге қатысты жауапкершілікті кім өз мойнына алуы керек? Міне, көкейіміздегі осындай заңды сұрақ қазір бізді мазалап отыр. Бұған кім кінәлі? Құрылыс компанияларының жұмысын бақыламаған немесе үй салуға рұқсат берген жауапсыз әкімдік пе? Әлде экологияның бұзылуын жіті қадағаламайтын Экология министрлігі ме? Әлде кәсіби мамандардың сөзін пысқыра қоймайтын құрылыс компаниясының иелері ме? Әзірге жауабы белгісіз мәселе болғанымен, таяқтың екі ұшы осы үш мекемеге де тиеді. Тек «ресми өтініш» беруімізді сұраған әкімдік те, жауапты мекемелер де бұған дейін бірнеше жыл бойы айтылып келе жатқан Кіші Талдыкөл мәселесіне қатысты қандай да бір кесімді шешім айта алмайтынына қайран қаласыз...

Тозған көл, азған Астана

Астана қаласы  Есілдің сол жағалауындағы Кіші Талдыкөл көлі – бір жағынан құрылыс қарқынды жүріп жатқан жаңа тұрғын үй аймағы болғанымен, екінші жағынан қаладағы сирек кездесетін тірі табиғаттың нағыз ордасы. Осы маңайды жақсы білетін Астана тұрғындары үшін бұл көл бір кезде табиғи сұлулығымен көз тартып, жанарды арбайтын аса қадірлі жер еді. Бірақ қоқыс пен белгісіз «біреулер» ағызған лас судың кесірінен бірте-бірте өңі қашан көлді қайткен күнде де жақсы көріп, бағасын білетін жандар табылады.

Солардың бірі – Астана қаласының тұрғыны, Кіші Талдыкөлдің қасындағы үйлердің бірінде тұратын эко-белсенді Әсел Сембина. Ол былтыр Талдыкөлдің жанынан пәтер алып, терезесінен көрінген көрініске ғашық болған еді. Алайда ол бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде көлдің көркі күрт өзгергенін айтады. Сөзінше, пәтерінің терезесінен жиі көріне қалатын құстардың да қазір қарасы азайған көрінеді.

– Былтыр жаңадан үй қарап жүрген кезде, осы Талдыкөлдің жанындағы бір үйге көзім түсті. Сол үйге барып, іші-сыртын қарағанымда, терезедегі көрінісі қатты ұнады. Қарап тұрсам, көлдің бетінде 10-12 шақты аққу жүзіп жүр екен. Одан соң көп ойланбадым да, осы тұрғын үй кешенінен пәтер аламын деп шештім. Мен пәтерін сатып алған мына зәулім үй – Respublika тұрғын үй кешені, SAT-NS компаниясына тиесілі. Маған бұл жердегі үй де, көрініс те ұнайды. Сосын әсіресе аққулар ұнайды. Сөйтіп, ол үйді алдық қой, көшіп бардық. Бірақ бұған дейін Талдыкөл жайлы естімегендіктен, ойымда ештеңе болмапты. Былтыр көлдің бетінен 12 аққу көргенімді айтып едім ғой. Жанымдағы көршілеріміз, мысалы, 20 шақтысын көрген. Ал биыл байқағаным – тек 2-3 қана аққу болды. Былтырдың өзінде осы мезгілде көзге ап-анық көрінетін жабайы үйректің саны да азайған. Меніңше, жиі көзге ұрып тұратын бір ғана нәрсе бар, ол – судың азайып жатқаны. Су азайған соң, құстар да азайып кеткен, – дейді астаналық тұрғын Әсел Жанботақызы.

Экожүйені құрту

Белсенді жақында пәтерінің терезесінен Кіші Талдыкөл жаққа қараған кезінде, үйректерге тас лақтырып тұрған құрылысшыларды көрген. Содан кейін құқық қорғау өкілдеріне хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, болған оқиғаны баяндаған. Бірақ  Әселдің нақты дәлелі болмаған соң, құрылысшыларға тек ауызша ескерту беріліпті. Әсел көз алдында болып жатқан мұндай жағдайлардың «нормаға» айналып бара жатқанына қынжылады.

Бір жағынан табиғат жанашырлары табиғи көлді сақтап алуға ұмтылып жатса, екінші жағынан тұрғын үй компаниялары көлдің жағасын қоқысқа толтырып тастаған. Мұны біз де өз көзімізбен көріп, фотоаппаратқа таспалап үлгердік.

Сосын мен Талдыкөл жайлы зерттей бастадым. Бұл не? Қандай көл? Несі бар немесе несі жоқ? Сөйтсем, бұл бұрыннан экожүйесі бар, қалыптасқан жер екен. Мұнда әртүрлі құстар келеді. Олар – аққу, үйрек, бірқазан, қоқиқаз (фламинго). Дәл сол мен тұратын Respublika тұрғын үй кешені жағында қазір қоқиқаз бен бірқазан мүлдем жоқ. Ал қазір аққу мен үйректің өзі азайып, біртіндеп қарасы сирей бастаған. Айналасының бәрінде құрылыс қарқынды жүріп жатыр, оны өзіңіз де көрдіңіз ғой. Көпқабатты үйлер көлдің үстіне салынып жатыр. Осыны көріп, біліп отырып, кейде қатты алаңдайды екенсің. Қалай дегенмен, әйтеуір бұл жерге жаны ашитын табиғат жанашырлары бар екен. Олар Талдыкөлді қорғауға атсалысып жүр. Бірақ соларға қарсы жұмыс істеп, Талдыкөлді ластайтын адамдар да бар екен. Талдыкөлдің үстіне үй салып жатқан компаниялар да бар екен. Қоқыс төгіп, айналаны ластап жатқан мына қоғамның өкілдері де бар екен. Яғни, тірі экожүйені адам өз қолымен өлтіріп жатыр, дейді ол.

Экоцид емей немене?!

Осы жердің жағдайын күнде өз көзімен көретін ол табиғатты мұншалық қорлауды «экоцид» деп санайды.

– Сосын мен бұл мәселені әрі қарай зерттей бастадым. Тура осындай, қаладағы «тірі саябаққа» айналған жерлер әлем бойынша аз, бірақ мәселен, Нью-Йоркте бар екен. Есі дұрыс елде ондай тірі экожүйені бұзбай, көзінің қарашығындай сақтайды. Ал бізде ше? Қалай өз-өзімен тұрған көлді, оның құстары мен басқа да жәндігін қолдан «өлтіруге» болады? Негізі Қазақстанның жері үлкен ғой. Неге үйлер сол көлдің үстінде ғана орналасуы керек? Біз қазір туризмді дамытқымыз келеді. Астанада баратын табиғи саябақтың өзі жоқ. Сол жағалаудағы Ботаникалық бақ бар, бірақ ол да қолдан жасалған. Ал енді көз алдымызда тұрған экожүйені қорғап, тек үйлерді ғана сала бермей, неге табиғатқа да бір уақыт көңіл бөлмеске?!

Осында көшіп келген соң ғана, өзім тұрып жатқан үйдің астында бұрын көл болғанын да естідім. Бірақ мен бәрінен бұрын үйден көрінетін көрініске, суда жүзіп жүрген аққуларға қызығып алған едім. Ал енді көз алдымдағы көлдің аман-есен тұрғанын, құстардың да емін-еркін жүре бергенін қалаймын. Мынадай бір нәрсені қоса кетейінші. Мәселен, 1931-1933 жылы қолдан жасалған ашаршылық болды ғой. Ол әдейі халықтың санын азайту үшін істелген саяси қылмыс еді. Оны геноцид деп есептейміз. Ал қазір өз қолымызбен мына көлді құртады екенбіз, жануарын, жәндігін, құсын «өлтіреді» екенбіз. Бұны, онда, экоцид деу керек! – деді эко-белсенді Ә. Сембина.

Тек Астанаға емес, жалпы Қазақстанға ортақ мәселе

Эко-белсенді қазір Кіші Талдыкөлдің айналасын тазалауға жиі шығып тұрады. Оның сөзінше, Талдыкөл мәселесі – оның маңындағы адамдардың бас ауруы емес, жалпы Астанаға, тіпті күллі Қазақстанға ортақ мәселе.

– Мен қарапайым адаммын. Қолымнан келетін мүмкіндікті ғана жасаймын. Былтыр осы маңдағы тұрғындармен бірге шығып, айналаны жинадық. Байқағаным, тек біздің тұрғын үй кешенінің тұрғындары емес, жалпы Қазақстанда адамдардың табиғатқа деген жанашырлығы төмен сияқты. Талдыкөл жайлы өзімнің әлеуметтік желідегі парағыма жиі жазып тұрамын. Көпшілігі лайк басып, түрлі пікір жазып, қолдап жатады. Нәтижесінде, түк те жоқ деп айта алмаймын. Аз да болсын, адамдар сенбілікке шығады. Жақында ғана сенбілікке 10-12 адамдай жиналдық. Оның өзі – мен үшін үлкен жетістік. Былтыр да көлдің маңайын тазалап, жинап тұруға тырысатынбыз. Қазір әкімдіктен қызметкерлер келіп, жинап кетеді. Естуімше, бұрын ондай болмапты. Былтырдың өзінде олай әрекет еткен жоқ еді. Адамның үміті соңғы болып өледі дейді ғой. Көлдің маңайында жаңадан салынып жатқан үйлерді енді тоқтатса, дұрыс болар еді. Менің қызым осы жақтағы мектепте бұрыннан оқиды, сол үшін бұл үйді сатып алдым. Бұл жер мен үшін сонысымен де ыстық. Талдыкөлді көргеннен кейін, осы көлді қорғайтын адамның бірі – менмін деп іштей айттым. Ал ондай сөз айтқан адам, анығында, Құдайдың алдында өзіне жауапкершілік жүктейді. Сондықтан бұл мәселені айтқым келген жердің бәрінде айтамын, дейді Әсел Жанботақызы.

Әсел Сембина секілді жанашыр тұрғынның жанайқайы көпшілікті бейжай қалдыра қоймас. Расында, кезінде шағын ғана көлде аққу жүзіп, қызғылт түсті қоқиқаздар аялдап, сан алуан құс мекен еткен еді. Енді бұл жердің бірте-бірте құрғап, тіршілігін жоғалтып бара жатқаны жанды ауыртады. Талдыкөлді қорғау үшін тұрғындар өз күшімен сенбілік жасап, кәсіби мамандар SOS Taldykol сияқты қозғалысты да бастады. Дегенмен жұртшылық көтерген бұл мәселеге жергілікті биліктің назары қаншалықты ауды?

Астана қаласы әкімдігінің ресми «жауабы»

Талдыкөл төңірегіндегі ахуалға байланысты Астана қаласы әкімдігі тарапынан берілген ресми жауап та бар. Әкімдік көбіне көлдің тасу қаупі мен қала инфрақұрылымына ықпалын айтып, белгілі шаралар атқарылғанын хабарлады. Ресми мәтінде былай делінген:

«Кіші Талдыкөл көлдер тобының №7 учаскесінде еріген қар суының әсерінен жыл сайын болатын су басу жағдайларының алдын алу мақсатында бөгетті нығайту жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы осы аумақта су деңгейінің көтерілуі салдарынан Қазыбек би көшесінің бір бөлігі мен «Ақ дидар» тұрғын үй кешенінің ауласы су астында қалған еді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазыбек би көшесінің Роза Бағланова мен Бұқар жырау көшелері аралығында №7 учаскеде инертті материал төселіп, бөгет салу жұмыстары атқарылды. Бұл учаске маңында бірнеше тұрғын үй кешені, сондай-ақ «Зерде» мектебі мен Bibigul Tulegenova Creative School орналасқан. Сондықтан бұл аумақтағы шаралар үлкен маңызға ие. Жүргізілген жұмыстар қысқы санитарлық тазалау және қар шығару аясында іске асырылды. №5 учаскеде орналасқан Талдыкөл экопаркіне абаттандыру жұмыстарын Қоршаған ортаны қорғау басқармасы жүзеге асыратын болады. Қазіргі уақытта Кіші Талдыкөл көлдер тобының №5 және №7 учаскелері бойынша жобалық шешімдерге түзету енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаларды түзету 2025 жылдың екінші тоқсанына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоба аясында топырақтың кешенді талдауы және су құрамының химиялық сараптамасы жүргізіледі. Бұл зерттеулер экожүйенің қазіргі жағдайын бағалауға, оны жақсарту үшін қажетті шараларды анықтауға мүмкіндік береді. Жоғары сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес экологиялық қауіпсіз және тұрақты рекреациялық аймақтарды құру – жобаның негізгі мақсаты. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың үшінші тоқсанында басталмақ», дейді Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің баспасөз қызметі.

Әкімдіктің бұл жауабынан түсінгеніміз – қала билігі үшін ең әуелі тұрғын үйлерді су басу қаупін болдырмау маңызды болған. Сол себепті былтыр Кіші Талдыкөлдің бір шетіне құрылыс қоқыстары мен тұрмыстық қоқысты үйіп, бөгет жасаған. Қала инфрақұрылымына зиян келмес үшін №7 учаскедегі артық су бөлігі оқшауланып, ретке келтірілсе керек. Ал №5 учаскеде әкімдік уәде еткен «Талдыкөл эко-паркі» жасалмақ. Яғни, көлдің белгілі бөлігі сақталып, абаттандырылып, демалыс аймағына айналатыны айтылған. Бұл жоспардың жобалық түзетулері 2025 жылдың ортасына дейін аяқталып, сол жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталатыны да хабарланып отыр. Бірақ Талдыкөл жанашырларының жергілікті атқарушы билікпен келіспейтін тұсы көп.

Әкімдіктің «үнсіз келісімі»

Мәселен, тұрақты даму саласындағы маман, SOS Taldykol қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Жанар Құлжанова:

Былтыр жыл бойы, қыста да әкімдіктің «үнсіз келісуімен» құрылыс компаниялары, коммуналдық қызметтер мен басқа да түрлі компаниялар қоқысты, соның ішінде құрылыстан қалған қоқысты (ал ол Экология кодексі бойынша қауіпті қоқыстардың қатарына жатады) жүк көліктермен тасып, көміп жүрген. Сонымен қатар қаланың канализациясындағы лас суды да көлге құйып кеткен. Сондықтан бұл жерде құрылыс қалдықтарын қолмен жинау жеткілікті емес, оны қайтадан экскаватормен қазып, жүк көліктерімен шығару керек. Өздері алып келген қоқысты солай алып кетуі керек. Бұл бір жағынан күлкілі жағдай көрінер. Әкімдіктің үнсіз қолдауымен құрылыс компаниялар заңбұзушылықпен айналысып, сосын солар тастаған қалдықты қарапайым тұрғындар тазалауға тырысып жүр. Ал әкімдік көзбояушылықпен айналысып жүр. Бір-екі сенбілікті өткізіп, Кіші Талдыкөлдің маңайындағы қоқыс мәселесін шешкендей көрінеді, дейді.

Ресми мәлімдемеде нақты сандар келтірілмесе де, бұған дейін жауапты тұлғалар тарапынан кейбір деректер жарияланған. Мәселен, 2020 жылы қала әкімі Алтай Көлгінов Талдыкөлдегі су көлемі бұрын 50 миллион текше метр болса, құрылыс қарқыны мен басқа факторлар әсерінен 8 миллион текше метрге дейін азайғанын айтқан​. Бұл – соңғы жылдары көл айдыны айтарлықтай қысқарды деген сөз. 2021 жылы Экология министрі болған Серікқали Брекешев те «Кіші Талдыкөл су нысаны ретінде сақталып қалады, көлдің ауданы 20 гектардан кем болмайды» деп уәде беріп еді. Яғни, көлдің ең терең бөлігі сол шамада қалып, қалған айналасына рекреациялық парк жасалатыны айтылды. Астананың қазіргі әкімі Жеңіс Қасымбек те осылай уәде еткен. Осы мәлімдемелерге қарағанда, билік көлді толық жойып жібермейміз, негізгі бөлігін қалдырамыз деп жұртты біраз сабасына түсіргісі келгендей көрінеді. Алайда жергілікті экологтер мен белсенділерді бұл жауаптар қанағаттандырмайды.

Әкімдік бізге ешқандай уәде беріп жүрген жоқ. Керісінше, бұлар Жоғарғы соттың шешімін орындамай тұр. Жоғарғы соттың шешімімен сақтауға жататын екі көлдің үстінде құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Жуырда біздің ұйым (SOS Taldykol Қоғамдық бірлестігі) қала әкімдігімен  Жол картасына  қол қойды. Осы құжатқа әкімшілікпен қол қоюына жарты жылдан астам уақыт кетті. Бұл әзірге біз қол жеткізген кішкентай ғана «жетістік». Осы құжаттың бір бөлігіне сәйкес, биылғы жылдың бірінші маусымына дейін  «Талдыкөл көлдер жүйесі негізінде (оның ішінде Үлкен Талдыкөл көлі мен Кіші Талдыкөл көлдер тобы) қалалық табиғи парк түріндегі рекреациялық аймақтарды салу бойынша бірыңғай тұжырымдама мен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу АСБК және SOS Taldykol сарапшыларының қатысуымен өтейін деп отыр.  Енді осыдан ғана бір нәтиже болады деп үміттенеміз. Мамырдың ортасында біздің ұйым Урбанистика орталығының қолдауымен Кіші Талдыкөлдің болашағына қатысты сарапшылармен, Астана тұрғындарының қатысуымен жұмыс семинарын өткізбекшіміз. Сол іс-шарада Кіші Талдыкөл тағдырын, оны қалай қалпына қелтіруге болатынын талқылаймыз, дейді қоғам белсендісі Ж.Құлжанова.

«Ақ Дидар» тұрғын кешені неге суға кете жаздады?

Сонымен қатар сарапшы Жанар Құлжанова әкімдік айтқан жерді су басып кеткенін антропогендік фактордың салдары деп бағалайды.

«Ақ Дидар» тұрғын кешені жағында бірнеше жылдар бойы жасанды тұсауды, сонымен қатар жылу трассасын салып отыр. Сөйтіп, Кіші Талдыкөлдің №7  учаскесіндегі жағалауды көміп тастады. Оған құрылыс қалдықтарын үйіп салды. Бұның өзі – заңбұзушылық. Бұл жағдай №7 учаскедегі көлдің шығыс жағындағы бір бөлігін көміп, сол жерге кәріз құбырларын төсегеннен болды. Өткен жылдың көктеміне қарай, көмілген №7 учаскенің жағалауы бойындағы кәріз құдықтарына еріген қар суы түсті. Қар көп болды және қар деңгейі кәріз құдықтарының деңгейінен жоғары болды. Сол кезде кәріз жүйесі толып кеткен сияқты. Содан бұл су ағатын жер таппай, Тұран даңғылы бағытына қарай құбырлар арқылы ағуға мәжбүр болды, ал сол құбырлар жатқан ашық жер деосы сумен толып кетті. Осындай іс-әрекеттер көлдегі табиғи су айналымын бұзып жіберген. Қыста жиналған қардың көктемде еруі басталғанда, судың ағатын және жиналатын жолдарында тұсау болғандықтан, су сыртқа ақты.  Ал осы мәселенің жалғыз дұрыс шешу жолы – көлдің суын босату, құрылыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазалау, көлдерді қалпына келтіру, тұсауды алып тастау, дейді маман.

Экожүйеге төнген қатер

Эколог мамандардың пайымынша, Талдыкөлдің экожүйесі бөлшектеніп, тек кішігірім бөлігі ғана қалуы – тұтас табиғи тізбектің үзілуіне алып келеді. Көлдің қазіргі күйіне ғылыми түрде талдау жасаған орнитолог, эколог Руслан Уразалиев оның қала үшін аса құнды биологиялық алуан түрлілік ошағы екенін айтады. Талдыкөлді «Астананың өкпесі» санайтын ол бұл жердің экологиялық әрі климаттық маңызын былай баяндайды.

«Қаланың инфрақұрылымын дамыту барысында салынған жаңа бөгеттер мен көшелер Кіші Талдыкөл көлдер тобын бөліп тастап, оларды іс жүзінде бір-бірінен оқшауланған су айдындарына айналдырды. Бұл өзгерістер ең алдымен жүйенің тұтастығын бұзып, көлдің экожүйесіне ауыр зардап алып келіп отыр. 2012 жылға қарай жаңа құрылыс жобалары осы табиғи су айдындарының дәл іргесіне дейін жетті. Нәтижесінде, бұрын тек жазықтар мен көлдер болған орындарда Жағалау шағынауданы, Сығанақ көшесі, «Зеленый квартал» және Тұран даңғылы бойындағы құрылыстар пайда болды. Көлдің дәл іргесінде орналасқан жаңа құрылыс жобалары оның оқшаулануына әрі табиғи су жүйесінің бұзылуына алып келді. Егер мұндай мәселелер жүйелі түрде қайталана берсе, бұл тұрғындардың денсаулығына да, құрылыс компанияларының жауапкершілігіне де ауыр салдарын тигізеді», дейді эколог Р.Оразалиев.

Табиғаттың бізге берген сыйы

Кәсіби маманның сөзінше, бұл жердің экологиялық құндылығы зор. Себебі Талдыкөл – қаладағы биоалуандылықтың ошағы.

«Біз тек көзге көрінген жағадағы өсімдік пен көлдегі құсты ғана байқаймыз. Бірақ осы аумақта көзге түсе бермейтін сансыз жәндік тіршілік ететінін ешкім ойлай бермейді. Жәндіктер  – бүкіл экологиялық тізбектің бір бөлшегі. Яғни, бір аумақ жоғалса, ондағы қаншама тіршілік иесі бірге жойылады. Бұл – экожүйенің ортайып, экологиялық құндылықтың жоғалуы деген сөз. Одан бөлек, көлдің қаланың климатына да оң әсері бар. Көл табиғи түрде ауа ылғалдандырғыш қызметін атқарады. Мысалы, Астана тұрғындары жаздың аптап құрғақ мезгілінде «ауасы құрғақ, тыныс алу қиын» деп шағымданып, үйіне электрлі ылғалдандырғыш қояды. Қалада аллергиямен ауыратындардың көптігі де бекер емес: бір жағынан құрғақ ауа, екіншіден, тоқтаусыз жүріп жатқан құрылыс шаңы әсер етеді. Ал Талдыкөл маңында көтерілген шаңды сол көлдің табиғи булануы басып отырады. Көл суы ауаны ылғалдандырып, шаңды жерге шөгеді. Былайша айтқанда, көл маңы – қаланың өкпесі іспеттес. Яғни, бұл – шаңды басатын табиғи сүзгі. Өкінішке қарай, осы бір тегін берілген табиғат сыйының қадірі білінбей тұр», дейді орнитолог Р.Оразалиев.

Руслан Оразалиевтің осы пікірі шын мәнінде, Талдыкөл экожүйесін сақтаудың ғылыми негізін ашық көрсетті. Расында да, бір көл жоғалса, соның орнында қалыптасқан тұтас экожүйе – құсымен, балығымен, жәндігімен бірге жоғалады. Бұл құбылысты қоғам белсенділері сол үшін де «экоцид» деп бағалап отыр. Яғни,  экоцид – тірі табиғатты әдейі және өте ірі көлемде жою деген ұғым. Шағын көлдер тобы болғанымен, зерттеушілердің сөзінше, Кіші Талдыкөлде 160-тан астам құс түрі мекендейтіні, тіпті жаһандық құс көшу жолының маңызды аялдамасы екені ғылыми еңбектерде жазылған​. Олардың қатарында сирек әрі қорғауды қажет ететін аққу, бірқазан, қоқиқаз секілді құстар бар. Демек, Талдыкөл – қаланың қақ ортасындағы қайталанбас табиғи құндылық һәм «тірі мұражай» іспетті.

Экологтердің тағы бір алаңдайтын тұсы – көлдің ластануы мен құрғатылуының қолдан ұйымдастырылуы. Жоғарыдағы әкімдік мәлімдемесінде «№7 учаскеде инертті материал төселіп, бөгет салынды» делінгені бекер емес. Белсенділердің айтуынша, дәл сол учаскеде 2021 жылға дейін құрылыс компаниялары КамАЗ жүк көліктерімен келіп, көлдің үстін топырақпен толтыра бастаған​. Топырақ арасында құрылыс қалдықтары, пластик қоқыстар, автокөлік дөңгелектеріне дейін тасталып жатқаны дәлелденген. Соның кесірінен су көзі негiзсіз ластанып, айналаға «көл иісі» деп аталатын қолайсыз иіс тарай бастады. Кейін жергілікті билік «көлдің кей жері ластанған, иіс шығады» дегенді желеу етіп, оны құрғатуға кіріскен.

Яғни, әу баста адам қолымен бүлдірілген экожүйені сылтауратып, «табиғи емес, лас су» деп таныстыру орын алған сыңайлы. Ал белсенділер осы жақтағы үйде тұратын тұрғындардың қауіпсіздігіне алаңдайды.

«Бұл тек біз  көріп тұрған үйлер. Ал көлдің бетін құрғатып, орнына тағы көпқабатты үйлер, мектеп, балабақша мен емханалар салынса, не болатынын білмеймін. Мұндай жағдайда қауіпсіздік туралы қалай айтуға болады? Бұл үлкен сұрақ пен үлкен күмән туғызады. Біздің балаларымыз осындай ортада өмір сүруге және білім алуға лайық па? Астанадағы негізгі мәселелердің бірі – тұрғындардың енжарлығы. Елорда тұрғындарының мәдениеті әлі толық қалыптаспағандықтан, табиғатқа, әсіресе қасымыздағы табиғи ортаға қатысты экологиялық мәдениет жетіспейді», – дейді эколог.

«Көз жұма қарауға құқығым жоқ»

SOS Taldykol қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, кәсіби маман Руслан Оразалиев болып жатқан құбылысты жай ғана немқұрайдылық емес, заңдық тұрғыдан болып жатқан қылмыс деп бағалайды.

– Егер мен өзім айналысатын салада өзімді маман деп есептесем, мұндай жағдайларға көз жұма қарауға құқым жоқ. Табиғатты қорғау саласындағы әрекетсіздік кез келген жағдайда жай ғана немқұрайдылық емес, тіпті заң тұрғысынан қылмыс ретінде қарастырылуы мүмкін. Толыққанды көлді көзімізбен көріп тұрып, қалалық әкімдік оны көл емес деп мәлімдеген кезде қалай ғана шыдап, қарап отыруға болады? Жеке өз басым мұндайға үнсіз қала алмаймын. Біз бұл жердің құндылығы мен ерекшелігін тек сақтап қана қоймай, ерекше статус беріп, мойындауымыз керек екенін ерекше атап өтер едім. Осы тұжырымдама негізінде табиғи саябақ құру – бірегей ландшафты сақтау тәсілі ғана емес, сондай-ақ мұндай аумақтарды сақтау мен ол жерде құрылыс жүргізбеудің маңызын тұрғындарға көрсету, – дейді ол.

Талдыкөлдің мәртебесі

Талдыкөлді қорғауға атсалысып жүрген белсенділер мен мамандар көлдің мәртебесі туралы «ресми» аргументтерге де қарсы дәлелдерді бұған дейін ұсынып келген. Мысалы, кезінде қала билігі бұрын «Қалдық су жиналатын техникалық су қоймасы» деп келгенімен, кейінгі ғылыми зерттеулер Талдыкөлдің кемінде 13 мың жылдық тарихы бар табиғи көлдер жүйесі екенін анықтаған​. Бұл оның ежелден табиғи жолмен пайда болған, экожүйесі қалыптасқан көл екенін көрсетеді.

Орнитолог Руслан Оразалиев осы деректі айта келіп: «Көл баяғыда, бұл жер Астана аталып, әкімдер келгенге дейін пайда болған. Экожүйе толық қалыптасқаннан кейін ғана біз осы маңға келдік. Соған қарамастан, енді келіп оның тағдырын шешпекпіз» деп қынжылады​. Расында, сан мың жылдық табиғат туындысының тағдырын соңғы бірнеше жылдың ішінде адамның өз еркімен шешіп, құртуға ұмтылуы  ұрпақ алдындағы жауапкершілік тұрғысынан ойлантарлық жайт.

Қоғамдық күрес пен азаматтық үнді естірту

Кіші Талдыкөл төңірегіндегі даулы жағдай 2020 жылдан бастап қоғам назарын аудара бастады. Белсенді тұрғындар #SosTaldykol атты бастама көтеріп, әлеуметтік желіде ақпарат таратып, жұртшылықты бейғам болмауға, Талдыкөлге араша түсуге шақырды. 2021 жылғы қыркүйекте суретшілер мен экоактивистер көл жағасында қоқиқаздардың бейнесін пайдаланған арт-перформанс өткізсе, 2021 жылғы 1 қаңтар күні белсенділер қала әкімдігі алдында шығармашылық флешмоб ұйымдастырып, Талдыкөлді сақтап қалуға үндеді​. Сол жылы тамызда және 2022 жылдың тамызында Астанада рұқсат етілген митингілер өтіп, онда азаматтар тығыз құрылыс пен көлді көмуге қарсы талаптарын ашық айтты​.

Бұл қоғамдық қозғалыстың қысымымен билік белгілі бір уақыт аралығында Талдыкөлді топырақпен көму жұмыстарын уақытша тоқтатқанын мәлімдеді. Сол кезде эко-белсенділердің көзінде үміт оты жарқ етіп, «бәлкім, әкімдік бас тартар» деген ой болған. Алайда көп ұзамай әкімдік «экопарк» концепциясын жариялап, Талдыкөлдің тек бір бөлігін ғана сақтап, қалғанын игеру жалғасатынын көрсеткен соң, белсенділер мәселені заңдық жолмен шешуге тырысты. 2022 жылы  Aqiqat  корпоративті заңгерлер коалициясы сотқа шағым беріп, биліктен Кіші Талдыкөлдің барлық учаскелеріне су қорғау аймағын рәсімдеуді талап етті​. Алғашқы сот инстанциясы көлдің 7 учаскесінің 3-еуін ғана сақтап қалу жөнінде шешім шығарса, 2022 жылғы желтоқсанда апелляция соты тек бір учаскені сақтауды міндеттеді​. 2023 жылғы шілдеде Қазақстанның Жоғарғы соты да осы соңғы шешімді күшінде қалдырып, белсенділердің кассациялық шағымын қанағаттандырмады​. Яғни, заң жүзінде енді Кіші Талдыкөлдің бір бөлігі ғана (шамамен №5 учаске) су айдыны ретінде қорғалады, ал басқа бөліктерінде құрылыс жалғаса беретіні белгілі болды.

Сот процесінде коалиция өкілдері қалалық әкімдік пен құрылыс компаниялары Экологиялық кодекс пен Су кодексін және қала құрылысы заңдарын бұзғанын ашып айтты​. Атап айтқанда, су объектілері аумағында заңсыз ғимараттар тұрғызылып, көлдер топырақпен толтырылғаны – өрескел қате. Тіпті, заң бойынша су қорғау аймағында салынған үйлерді бұзып тастауға негіз бар екені де айтылды​. Бірақ сот «тұрғындардың әлеуметтік құқығы» мен «салынған үйлердің инвестициясы» сияқты аспектілерді ескеріп, экожүйеден гөрі құрылыс мүддесін жоғары қойғандай әсер қалдырды. Қоршаған ортаны қорғаушылар үшін бұл шешім ауыр соққы болды. Дегенмен белсенділер қол қусырып отырған жоқ. Олар ақпараттық кампанияны жалғастырып, қалған бөлікті құтқару үшін қоғамдық бақылауды күшейтуге ниетті.

Келешек не болмақ?

Сонымен, Кіші Талдыкөлдің келешегі қандай болмақ? Бірінші сценарий – ресми жоспар бойынша көлдің ең үлкен бөлігі (шамамен 20 гектар) «эко-парк» ретінде сақталады. Қала билігінің айтуынша, көл түбі тазартылып, су арнайы толтырылып, айналасы абаттандырылады​. Нәтижесінде, қала тұрғындары үшін жаңа демалыс орны пайда болады, ал экожүйе «жаңа сапада» өмір сүреді-мыс. Алайда экологтер бұған күмәнмен қарайды: көлді табиғи қалпынан айыру – оның тіршілік ортасын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Мысалы, су деңгейін қолдан реттеу, айналасын адамдар көп жүретін саябаққа айналдыру құстар мен жануарлардың бұрынғыдай тұрақтауына кедергі келтіруі ықтимал. Қазіргі жоспар сызбасында көлдің тек ортасы ғана қалады, жағалаулары тарылып, инфрақұрылыммен қоршалмақ​. Бұл шын мәнінде толыққанды табиғи көл болудан гөрі жасанды тоған сипатында қалу қаупі бар.

«Көлдің түбін тазарту» демекші, бұған дейін қала билігі миллиондап ақша шашып, Кіші Талдыкөлдің түбін химиялық реагенттермен «тазалап» келген. Ал эко-белсенді, тұрақты даму саласындағы маман Жанар көлді табиғи және тиімді жолмен тазалаудың жолы бар екенін алға тартады. Оның сөзінше, бұл үшін тек басшыларға сәл «басын істету» керек екен.

«Менің ойымша, егер біздің халықтың, үкіметтің, әкімдіктің қоршаған орта, экожүйе, тұрақты даму бойынша сауаты жоғары болса, онда Кіші Талдыкөл және еліміздегі соған ұқсас «экокатастрофалар» да болмас еді. Біз табиғатпен тепе-теңдікті сақтауды көздеп жүрер едік. Мәселені шешудің табиғи жолын іздестіріп, табиғатты қадірлеген болар еді. Мысалы, әкімдік көлдің суын реагенттермен емес, микробиоммен тазалау әдістерін пайдаланар еді. Шымкентте  Green Marathon  жоба аясында канализация суын табиғи және тиімді жолмен тазалап отыр. Бұны Талдыкөлге де пайдалануға болады. Бір сөзбен айтқанда, адам – табиғаттың бір кішігірім бөлшегі. Ол табиғатсыз өмір сүре алмайды», – дейді қоғам жанашыры Ж.Құлжанова.

Ал енді екінші сценарий жайлы сөз қозғайық. Екінші сценарий – қоғам талабы күшейіп, билік экожүйені сақтау шараларын кеңейтсе, Талдыкөлдің бүгінгі қалған бөлігі ғана емес, мүмкіндігінше кең аумағы табиғи қалпында қорғалуы мүмкін. Ол үшін, ең алдымен, көлді қоршай орналасқан құрылыстардың экологиялық талаптарға сай болуын қадағалау керек. Су айдынына зиянды ағындардың құйылуы, қоқыс тасталуы тоқтауға тиіс. Көлге жақын жерлерге құрылыс салуға мораторий қойып, су қорғау белдеулерін қатаң белгілеу – кеш те болса қажетті қадам. Мұндағы құстардың ұя салу, жем іздеу аймақтарын мамандар анықтап, сол жерлерге адамдардың жақындамауын қамтамасыз ету керек. Демек, эко-парк шынайы мағынасында эко-парк болуы қажет: инфрақұрылымы минималды, табиғат өз ретімен тіршілік ететін тыныш алап ретінде сақталуға тиіс.

Сол себепті де қоғам белсенділері «Талдыкөлдің жағдайы расында әкімдікті де, министрлікті де алаңдатуы керек!» дейді. Өйткені бұл – халқымыздың табиғат алдындағы жауапкершілігінің көрінісі. Қоғам өкілдері Астанадағы осы кіші көлдер тобының жойылмауын сұрап, талай рет үн қатты. Естіген құлақ бар, бірақ нақты нәтиже мардымсыз. Ал көз алдымызда күн сайын көл суы азайып барады, маңайы құрғап, құлазыған далаға ұласып жатыр. Бұл үрдісті дер кезінде тоқтатпасақ, ертең кеш болуы мүмкін.

Сонымен бірге Талдыкөлдің су балансына көңіл бөлінбейінше, оның болашағы бұлдыр. Қала кеңейген сайын жерасты сулары тартылып, табиғи ағын азайғаны белгілі​. Көл суы қайта мол болуы үшін оған қосымша көзден су берілуі мүмкін – мысалы, жаңбыр, еріген қар суларын бұрып әкелу немесе Есіл өзені тармақтарымен қосу жобаларын қарастыруға болады (бұрын бұл өңірде Есілге құятын Ақбұлақ арналары болған). Көлдің табиғи деңгейін ұстап тұру – ондағы флора мен фаунаның сақталуының кепілі. Егер тек жасанды суды толтырып, қараусыз қалдырса, уақыт өте тағы құрғап кетуі ғажап емес. Сондықтан тұрақты мониторинг пен күтім қажет. Енді алдағы уақытқа жоспарланған топырақ пен су сараптамаларының нәтижелері ашық жарияланып, ғылыми қауымдастықтың қорытындысына сай әрекет болуы керек.

«Талдыкөлдің үстіне салынған үйлер қирап кетуі мүмкін»

Талдыкөлді сақтап қалу – тек бір көлдің емес, жалпы Астананың экологиялық болашағына инвестиция. Қала халқы жыл санап өсіп, жасыл желек пен су айдындары азайған сайын, ауа сапасы нашарлап барады. Мұны елорда тұрғындары жақсы сезінеді. Осындайда Талдыкөл секілді табиғи «өкпе» мен «су буферін» жоғалту – өзімізге-өзіміз жасаған қиянат болмақ. Көл жоғалса, онда мекендеген құстар да біржола кетеді. Кейбірі сирек кездесетін түрлер екені ескерілсе, бұл – ұлттық табиғи мұраның жоғалуы. Экожүйе бір бұзылса, оны қалпына келтіру де өте қиынға соғады​. Бұны біздің сарапшымыз да растап отыр.

Кіші Талдыкөл ғасырлар бойы Ақмола өңірінде өте маңызды рөлді атқарып келген. Үлкен және Кіші Талдыкөл – сулы-батпақты алқаптың экожүйесі. Ол ойпаңда орналасқандықтан, пайда болды. Ол жөке сияқты көктемде қыс бойы жиналған қар ерігенде өзіне суды тартып, жазда су азайғанда сол суды айналымға жіберетін. Бұл механизм су тасқынын болдырмай, су тапшы мезгілдерде аймақты сумен қамтамасыз ететін болған.
Талдыкөлдегі құрылыстың салдырын біз қазірдің өзінде көріп отырмыз ғой. Қаладағы шаңды дауыл, жел соғу көбейіп бара жатыр, кейбір үйлердің жертөлесі мен гараждарын су басып, жаздағы жалпы температураның көтерілуі, жазда қаладағы су тапшылығы, биоалуандықтың күрт азаюы, әсіресе жойылып бара жатқан жануарлар үшін ұя салу мүмкіндігі болмайды. Сол себептен олардың саны азаюы мүмкін. Алайда ең басты мәселе – көл бетінде салған үйлер  мен оның тұрғындарының қауіпсіздігі. Сол үйлердің бес-он жылдан кейін қирап кету қатері де бар. Өйткені оларды қалай салғаны белгісіз.
Ендеше, қала билігі мен экологияға жауапты министрлік осы мәселеде бейғам қалмауға, дейді Ж.Құлжанова.

Оймақтай ой

Кіші Талдыкөлді сақтап қалу үшін билік, ғалымдар және қоғам бірлесіп әрекет ететін уақыт жетті. Астананы әлемге жайнаған зәулім үйлерімен ғана емес, жанға сая жасыл табиғатымен де танытқымыз келсе, қала ортасындағы табиғи көлді жоғалтуға жол бермегеніміз абзал. Урбанизация мен экологияны үйлестіре білгенде ғана тұрақты даму мүмкін болмақ. Талдыкөлді қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы парыз. Біз сөзге тартқан қоғам белсенділері мен кәсіби мамандар ертеңгі күннің экологиялық апатына жолықпас үшін бүгін дұрыс шешім қабылдап, табиғатқа жанашырлық танытуды ғана сұрайды. Бұл тек оларды ғана алаңдатпауы керек, бұл – әрқайсымызға қойылған, ойланатын нақты сауал.

Суреттерді түсірген: автор