Телефонды ұмытып кету – жиі кездесетін жағдай. Бірақ девайсыңызды тау шыңында жоғалтып, оны іздеп екінші рет адасу – бұл қауіпті де, күлкілі де жағдай.
Биік шыңнан құтқарылған студент смартфонын іздеп қайта тауға шығып, адасып кеткен
Студент 3780 метр биіктікте тұрған жерінен тікұшақпен құтқарылған. Фото monochrome-watches.com сайтынан алынды
4,342
оқылды

Бірнеше күнде екі рет тауға шығып, адасқан студент туралы материал жариялаған gizmodo.com сайтына сілтеме жасаған Aikyn.kz, күлкілі әрі қауіпке толы оқиғаның мән-жайын түсіндіреді. 

Фудзияма тауына көтерілген студент таудың жоғарғы бөлігінде жабдықтарын жоғалтып, шыңда қалып қойған. Фото travel.gaijinpot.com сайтынан алынды

Жапониядағы Фудзи тауына көтерілген тәжірибесіз альпинист өткен аптада шыңның жоғарғы бөлігінде жабдықтарын жоғалтып, тауда қалып қойған. Құтқарушылар оны тікұшақпен аман алып шыққан. Бірақ ол бірнеше күннен кейін ұялы телефонын шыңда қалдырып кеткенін есіне түсіріп, тауға қайта көтерілген. Нәтижесінде, тынымсыз альпинисті 4 күннің ішінде екі рет құтқаруға тура келген.

BBC хабарлауынша, 27 жастағы қытайлық студент (аты-жөні жарияланбаған) өткен сейсенбіде Фудзи тауының маңындағы биік нүктеден құтқарылған. Ол қатты мұзда қауіпсіз қозғалуға арналған табаны тікенек аяқкиімді (мысықтар – альпинистердің табаны тікенек аяқкиімі) жоғалтып, қозғалу мүмкіндігінен айырылған. Шамамен 3780 метр биіктікте тұрған жерінен ол тікұшақпен құтқарылады.

Қыстың күні арнайы құралдарсыз шыңға өрмелеу мүмкін емес. Фото afuncan.com сайтынан алынды

Бірақ бірнеше күннен кейін беймаза студент жоғалтқан телефоны мен басқа жабдықтарын іздеп қайтадан сол тауға көтерілген. Бұл жолы ол 3000 метр биіктікке дейін жетіп, биіктік ауруына шалдыққан. Бұл – ағзаның биікке тым тез көтерілгенде пайда болатын реакциясы. Мұндайда адамда бағытынан адасу, тыныс алу қиындығы секілді белгілер байқалады.

Бұл оқиғаны одан сайын қиындатқаны – жас жігіттің тауға ресми емес, жабық маусымда көтерілуі. Фудзияма тауына көтерілу маусымы 2025 жылы шілденің басында басталып, қыркүйектің басына дейін рұқсат етіледі. Қазіргі кезде тау жолдары жабық және көптеген ескерту белгілері алынып тасталған.

Фудзияма – Жапониядағы ең танымал туристік бағыттардың бірі. Жаз мезгілінде оған жыл сайын жүздеген мың адам көтеріледі. Бұл – белсенді жанартау, әрі Токио қаласына жақын орналасқан. Фудзидің ықтимал атқылау жағдайына байланысты 2024 жылы жапон билігі халыққа арналған арнайы қауіпсіздік нұсқаулығын шығарған.

Қауіп-қатерді ойламайтын, қызық көретін адамдарға бұндай тыйымдар да тосқауыл бола алмауда.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.