Биткоин өндіру немесе биткоин майнингі тиімсіз болып қалды. Себебі – компьютерлік жабдықтар мен электр энергиясы қымбат.
Биткоин «қазу» бұрынғыдай тиімді емес, энергия қымбаттады
Бүгінгі миллиондар ертең көбік сияқты жоқ болып кете ме? Фото cryptoslate.com сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ
601
оқылды

Gizmodo сайты жариялаған хабарламаға сүйенген Aikyn.kz «биткоин қазудың» тиімсіз болуының себебін талдайды.

АҚШ-та бір биткоинды өндіру құны 137 000 доллар, Германияда 200 000 доллар. Фото latimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: National Museum of Denmark / Arnold Mikkelsen

Құнды қағаздар нарығының құлдырауынан кейін криптовалюта құны қайта көтеріле бастады. Соған қарамастан, биткоин өндіру (майнинг) ірі майнинг компаниялар үшін де өзін-өзі ақтамайтын болды. Биткоин нарықтың құбылмалылығына қарсы қорған болады деп күтілгені белгілі. Бірақ олай болмады және электр энергиясының құны монета өндіру бағасынан да асып кетті.

CoinShares ұйымының жақында жариялаған мәліметтері бойынша, биткоин өндіруге қажетті электр энергиясы мен есептеу қуатының құны монетаның өзіндік бағасынан асып кеткен.

Нақты есептеулер мынаны көрсеткен. Ірі майнинг компаниялары үшін бір биткоин өндіру құны 82 000 АҚШ долларынан асады, ал қазіргі биткоин бағасы шамамен 95 000 доллар. Бұндай баға техникалық тұрғыдан алғанда әлі де табыс әкеледі, бірақ өткен тоқсанмен салыстырғанда пайда айтарлықтай азайған.

CoinShares деректеріне сәйкес, 2024 жылдың үшінші тоқсанында бір биткоин өндіруге жұмсалатын есептеу шығыны 56 000 доллар шамасында болған. Яғни, тек бірнеше айда бұл көрсеткіш 47%-ға артқан.

Әрине, адамдардың көпшілігі кәсіби майнер емес. Шағын ұйымдар үшін бұл есеп мүлде тиімсіз. АҚШ-тағы шағын майнерлер үшін бір биткоинды өндіру құны 137 000 долларға дейін жетуі мүмкін. Ал Германияда бұл көрсеткіш 200 000 долларға жуықтайды. Сондықтан бүгінгі майнерлерге шығынға жұмыс істеп, болашақта биткоин қымбаттайды деп үміттену ғана қалады.

Бұрын жалғыз компьютерімен шағын пәтерінде биткоин өндірумен айналысатын әуесқойлар үлкен пайда тапса, бүгінде ол мүмкін емес. Фото independent.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Patrick Lux

Бұндай баға айырмашылығының бірнеше себебі бар. Бірінші себеп – электр энергиясының қымбаттауы. Бұл АҚШ пен басқа да дамыған елдерді шарпыған проблема. Оның басты себебі – инфляция, Трамптың тарифтер соғысы және жасанды интеллект сияқты энергияны көп қажет ететін технологиялардан туындаған сұраныстың артуы. 

Сонымен қатар майнингке арналған жабдықтардың да бағасы өсуде. Бұған қоса, биткоин халвинг процесі де әсер етеді. Шамамен бір жыл бұрын болған 4-ші халвинг майнинг сыйақысын екі есе қысқартқан. Яғни, енді майнинг жасау қиындай түсті, ал табыс азайды.

Әдеттегі пайдаланушылар үшін биткоин майнингі тоқтаса, бұл үлкен шығын болмайды. Бірақ бұл жағдай байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздікті одан әрі ушықтыруы мүмкін. Биткоин – орталықтандырылмаған валюта әрі дәстүрлі (фиат) ақшаға балама ретінде әділетті жүйе болуы тиіс еді. Алайда BitInfoCharts деректері бойынша, биткоин айналымының 90%-дан астамы 1% биткоин-әмиянда шоғырланған. Егер майнинг бұрын әлеуметтік тұрғыда әділетті болса, бүгінде ол тек байларды одан сайын байытатын құралға айналды.

Қарапайым тілмен айтқанда, 7-8 жыл бұрын жалғыз компьютерімен шағын пәтерінде биткоин өндірумен айналысатын әуесқойлар үлкен пайда тапса, бүгінде ол мүмкін емес. Бүгін биткоин «қазу», өндіру тек ірі майнинг фермалар үшін тиімді болып қалды, яғни, байлар үшін. Электр энергиясы мен жабдықтар қымбаттағаннан кейін оларға да майнинг операциялары тек шығын алып келуде. 

«Алтын торпақ» фильміндегі миллионерлер жомарт болған:

Халвинг дегеніміз не?

Халвинг (екі есе азайту) – бұл желіде транзакцияларды тексеріп, растау арқылы жұмыс істейтін майнерлер арасында таратылатын жаңа биткоиндар (BTC) санын жоспарлы түрде азайту процесі. Бұл тетік биткоинның бастапқы бағдарламалық кодында бекітілген. Оның мақсаты – биткоиндардың жалпы көлемін 21 миллионнан асырмайтындай эмиссияны шектеу.

Бірінші халвинг 2012 жылдың қарашасында өтті – ол кезде әр блок үшін берілетін сыйақы 50 BTC-ден 25 BTC-ге дейін төмендеді.

Екінші халвинг 2016 жылдың шілдесінде болды – сыйақы 25-тен 12,5 BTC-ге дейін азайды.

Үшінші халвинг 2020 жылдың мамырында өтті – бұл жолы сыйақы 12,5-тен 6,25 BTC-ге қысқарды.

Төртінші халвинг 2024 жылдың сәуірінде болды. Сол кезден бастап майнерлер алатын сыйақы 3,125 BTC-ге дейін азайды. Бұл биткоиндағы жылдық инфляция деңгейін 1,7%-дан 0,8%-ға дейін төмендетеді.

Соңғы халвинг 2140 жылы болады – бұл кезде соңғы биткоин өндіріледі, нарықтағы биткоин саны 21 миллион монетаға жетіп, тоқтайды. Сол кезде биткоин нарығы тұрақталып, баға қатты құбылмауы тиіс деп болжануда.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.