Ашық ғарыш кеңістігіне шығатын екі әйел-ғарышкер туралы gizmodo.com сайтының хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz, олардың миссиясының мәнін түсіндіреді.
7 сәуір 2010 жыл. Халықаралық ғарыш станциясына төрт бірдей нәзік жандылар ұшып барып, рекорд орнатты. Суретте: америкалық Tracy Caldwell Dyson пен Dorothy Metcalf-Lindenburger, Stephanie Wilson пен жапондық Naoko Yamazaki. Фото NASA сайтынан алынды
NASA-ның екі әйел астронавты – Энн Макклейн мен Николь Айерс Халықаралық ғарыш станциясының (ХҒС) сыртында ашық ғарыш кеңістігіне шығуға дайындалуда. Бұл – тек әйелдер қатысатын сирек кездесетін миссиялардың бірі.
Астронавттар бейсенбі күні (1 мамыр) шығыс уақыты бойынша таңғы 8:00-де (Астана уақытымен кешкі 18:00) ашық ғарышқа шығады. Олар шамамен алты сағат 35 минут ғарыш кеңістігінде жұмыс істейді. Ашық ғарышқа шығу NASA+ платформасы мен америкалық агенттіктің YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Тікелей эфирге мына сілтеме бойынша қосылуға болады:
Ашық ғарышқа шығу кезінде астронавтар байланыс антеннасын жылжытып, ХҒС-ға орнатылатын жаңа Rollout Solar Arrays (IROSA) күн батареяларына арналған монтаж кронштейнін орнатады. Бұл күн панельдері кейінірек болатын тағы бір ашық ғарыш миссиясында орнатылады.
NASA деректеріне сәйкес, IROSA жүйесі станцияның электр қуатын өндіру қабілетін 30%-ға арттырып, 160 киловаттан 215 киловатқа дейін жеткізеді. Сонымен қатар, астронавтар ғарыш станциясының энергетикалық жүйесін жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Барлық жұмыстарды олар қауіпсіз түрде ХҒС-қа арқанмен байланған күйде орындайды.
Christina Koch алты рет ашық ғарышқа шыққан, оның екеуінде Jessica Meir-мен бірге. Christina Koch жалпы 42 сағат 15 минутты станцияның сыртында өткізді. 15 қаңтар 2020 жыл. Фото NASA сайтынан алынды
Бүгінге дейін тек әйелдер қатысқан ашық ғарышқа шығу миссиялары бес рет болған. Алғаш рет мұндай тарихи миссия 2019 жылы 18 қазанда өткен. Оған NASA астронавтары Кристина Кох пен Джессика Меир қатысқан. Бұл оқиға әйелдердің ғарыш саласындағы рөлін айқындап, тарихи оқиғаға айналған.
Биыл NASA астронавты Суни Уильямс ашық ғарышта болу бойынша әйелдер арасындағы рекордты жаңартты. Оның жалпы ашық ғарыштағы уақыты 62 сағат 6 минутқа жетті.
Ал бүгінгі ашық ғарышқа шығу Николь Айерс үшін алғашқы рет болса, Энн Макклейн осындай миссияға үшінші рет қатысуда. Бұл операция тек техникалық маңызымен ғана емес, әйелдердің ғарыштағы белсенді рөлімен де ерекшеленеді.
Осындай ғарыштық миссияларға қазақ қыздарының да қатысуын тілейміз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.