Мессенджерлерді пайдаланатын адамдардың санын салыстырған techcrunch.com сайтына сілтеме жасаған Aikyn.kz, қолданбаларды белсенді пайдалану себептерін талдайды.
Марк Цукерберг WhatsApp қосымшасын қазір ай сайын 3 миллиардтан астам адам қолданатынын және мессенджер арқылы ЖИ функцияларына жеңіл қол жеткізуге болатынын мәлімдеді. Фото investopedia.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Josh Edelson
Meta компаниясының бас директоры Марк Цукерберг сәрсенбі күні (30 сәуір) бірінші тоқсанның қорытындысына арналған конференцияда WhatsApp қосымшасын қазір ай сайын 3 миллиардтан астам адам қолданатынын мәлімдеді.
2009 жылы құрылған және 2014 жылы Facebook-ке 19 миллиард долларға сатылған WhatsApp қолданбасы әлі күнге дейін толығымен тегін, әрі ешқандай жарнама көрсетпейді. Мессенджер 2020 жылы 2 миллиард белсенді қолданушы межесіне жеткен болатын. Енді ол Facebook-тан бөлек 3 миллиардтық шекке жеткен санаулы платформалардың біріне айналды.
Мұндай ауқымды қолданушылар базасы WhatsApp-ты Meta үшін аса маңызды өнімге айналдырып отыр. Әсіресе компания жасанды интеллект (ЖИ) стратегиясын басты бағыт ретінде таңдаған қазіргі кезеңде. Meta бұған дейін WhatsApp-ты ЖИ қызметтерін таратудағы ең ірі платформаларының бірі деп атаған. Meta-ның қаржы директоры Сьюзан Ли конференцияда:
«Адамдар Meta AI-мен түрлі арналар арқылы әрекеттесуде. WhatsApp – Meta AI ең белсенді қолданылатын платформа болып отыр», – дейді. Оның айтуынша, WhatsApp-ты қолданушылардың көпшілігі Meta AI-мен жеке чаттарда әрекеттеседі.
Цукербергтің айтуынша, WhatsApp ЖИ функцияларына жеңіл қолжетімділік береді. Бірақ АҚШ сияқты нарықтарда, адамдар әлі де смартфондарындағы әдеттегі SMS қосымшаларды пайдаланатындықтан, Meta өз ЖИ өнімдерін тарату үшін басқа әдіс қолдануға мәжбүр болған. Осыған байланысты компания Meta AI атты жеке қосымшаны іске қосты.
WhatsApp-тың жаңа жетістігі тек технологиялық емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Себебі ол адамдар арасындағы коммуникацияның сенімді құралдарының біріне айналды. Иллюстрация smartbotsland.com сайтынан алынды
«Біз алдағы уақытта АҚШ-та хабар алмасу нарығында көшбасшы боламыз деп үміттенеміз. Бірақ біз бұл жерде басқа елдердегі WhatsApp-пен салыстырғанда басқа жағдайдамыз. Сондықтан Meta AI жеке қосымшасы АҚШ-тағы негізгі жеке ЖИ құралы ретінде өте маңызды рөл атқарады. Біз барлық бағыттар бойынша дамуымызды жалғастырамыз», – дейді Цукерберг.
Компанияның мәлімдеуінше, WhatsApp Business платформасы белсенді өсіп келеді және қосымшалар тобы арқылы 510 миллион доллар табысқа қомақты үлес қосқан.
Meta компаниясы WhatsApp Business үшін ЖИ құралдарын сынақтан өткізіп жатыр. Ли сәрсенбі күні (30 сәуір) компания ЖИ агенттерін басқаруға арналған жаңа интерфейс пен арнайы басқару панелін жасап жатқанын жариялады. Бұл панель арқылы компаниялар Meta AI-ды өздерінің жеке деректері негізінде оқыта алады. Мұндай деректерге компания сайты, WhatsApp профилі, Instagram немесе Facebook парақшасы қолданылуы мүмкін. Сонымен бірге, Meta AI чат-боттарын клиентпен диалог кезінде автоматты түрде іске қосу мүмкіндігін де сынақтан өткізіп жатыр.
WhatsApp-тың жаңа жетістігі тек технологиялық емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Себебі ол адамдар арасындағы коммуникация мен ақпарат алмасудың ең сенімді құралдарының біріне айналды. Мұндай мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану үшін қоғам да цифрлық сауаттылық пен дербес деректер қауіпсіздігіне аса мән беруі тиіс.
Telegram мен WhatsApp қауіпсіздік бойынша әртүрлі тәсілдер ұстанады. Олардың ерекшеліктерін салыстырып көрейік. WhatsApp-та тұтастай шифрлау (end-to-end encryption) қолданылады. Бұл дегеніміз – сіздің хатыңызды тек сіз бен сіз сөйлескен адам ғана оқи алады. WhatsApp сіздің хабарламаларыңызды оқи алмайды.
WhatsApp мессенджері Meta-ға тиесілі. Сондықтан метадеректер (мысалы, кіммен, қанша рет және қашан сөйлестіңіз) жинақталып, компания серверлерінде сақталады.
Telegram-да қалыпты чаттарда тұтастай шифрлау жоқ. Яғни, Telegram серверлері хабарламаны оқи алады. Бірақ «Құпия чат» (Secret Chat) режимін қоссаңыз, end-to-end шифрлау іске қосылады. Бұл режимде хабарламалар қауіпсіз әрі өзін-өзі жоятын болуы мүмкін.
Telegram үшін мемлекеттердің арасындағы күрестің себебі мына әзіл видеода:
Telegram метадеректерді азырақ жинайды, және ашық кодты пайдаланатындықтан, сарапшылар жүйені тексере алады. Жеке хаттардың толық шифрлануы керек болса – WhatsApp қауіпсізірек, өйткені ол әдепкіде барлық чатты қорғайды. Қосымша қауіпсіздік пен құпия чат режимін басқару мүмкіндігін қаласаңыз – Telegram икемдірек, бірақ сіз оны қолмен қосуыңыз керек.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.