Newatlas.com сайтының хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz Дубайда салынатын тағы бір таңғажайып ғимараттың архитектуралық ерекшеліктерімен таныстырады.
Trump International Hotel & Tower Dubai әлемдегі ең биік ашық бассейні бар керемет ғимарат болады. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: DarGlobal
Ғимаратты салушы DarGlobal компаниясының айтуынша, Trump International Hotel & Tower Dubai әлемдегі ең биік ашық бассейні бар керемет орын болады. Президент Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы бұндай ауқымды шешімі бейбіт келісім немесе сауда келісімі емес, зәулім ғимарат салуға қатысты болған.
Trump Organization мен оның құрылыс бойынша серіктесі DarGlobal компаниясы Дубайда бой көтеретін жаңа супермұнара жобасын таныстырды. Олардың айтуынша, мұнда әлемдегі ең биік ашық бассейн болады.
Trump International Hotel & Tower, Dubai жобасы 350 метр биіктікке дейін көтеріледі. Бұл оны Дубайдағы ең биік ғимараттардың алғашқы ондығына кіргізбегенімен, шамамен 15-орынға шығарады. Ғимараттың сыртқы пішіні жай және жіңішке болып келеді, ал жоғары бөлігінде кең ойық болады. Ғимарат Шанхайдың Дүниежүзілік қаржы орталығы тәрізді және алыстан қарағанда үлкен қаламсапқа ұқсайды.
Апартамент иелері Дубайдың әсем көріністерін, Бурдж Халифаны тамашалай алады. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: DarGlobal
Зәулім үйде 80 қабат болады: онда тұрғын үйлер мен қонақүй бөлмелері орналаспақ. Сондай-ақ Дубайдағы Trump Tower-де Нью-Йорктегі әйгілі пентхаустардан шабыт алған люкстер болады, бірақ түстік гаммасы жеңілдетілген нұсқада ұсынылмақшы. Барлық пәтерлер еденнен төбеге дейінгі әйнек терезелермен қапталады. Осылайша, апартамент иелері Дубайдың әсем көріністерін, әсіресе Бурдж Халифаны тамашалай алады. Сонымен қатар ашық бассейн, жеке клуб және басқа да сәнді жайлылықтар ұсынылады.
The Trump Organization атқарушы вице-президенті Эрик Трамп (Дональд Трамптың ұлы) былай дейді:
«Trump International Hotel & Tower, Dubai – бұл біздің сапаға, сән-салтанатқа және инновацияға деген ұмтылысымызды білдіретін жоба. DarGlobal компаниясымен серіктестігімізді жалғастырып, Дубайдағы люкс нарығына әлемдік деңгейдегі жайлылық пен сапа әкелу біз үшін үлкен құрмет. Дубай – ерекше дамуға бейім әлемдік мегаполис. Біз Trump брендімен осы қалада болғанымызды мақтан тұтамыз».
Эрик Трамп: «Дубай – ерекше дамуға бейім әлемдік мегаполис. Біз Trump брендімен осы қалада болғанымызды мақтан тұтамыз». Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: DarGlobal
Ғимараттың нақты қашан салына бастайтыны және жобалауды кім жүргізетіні әзірге белгісіз. Дегенмен Trump International Hotel & Tower, Dubai құрылысы 2031 жылдың желтоқсанында аяқталады деп күтілуде.
Trump Organization тек Дубаймен шектелмейді. Компания жуырда Катар астана Доха қаласының оңтүстігінде орналасатын Trump International Golf Club жобасы бойынша DarGlobal-пен жаңа келісімге қол қойды. Бұл жобада 18 шұңқырлы гольф алаңы және элиталық виллалар қарастырылған. Қазіргі уақытта жобаның кескіндері әлі жарияланбаған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.