Gizmodo.com сайтының хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz, «супер жылдам жүргізушілерге» қарсы қолданылатын ақылды жүйелер қалай жұмыс істейтінін түсіндіреді.
Вирджиния сағатына 160 шақырымнан асатын жылдамдықпен жүргізетіндерге GPS арқылы жұмыс істейтін шектеу құрылғыларын орнатуды міндеттейтін заң қабылдады. Фото arrow.com сайтынан алынды
Жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болатын америкалықтардың үштен бірі жылдамдықты асырумен байланысты екен. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш өсе бастағаны билікті алаңдатуда.
Бірнеше штаттар жылдамдық мәселесін шешу үшін ISA жүйелерін (Intelligent Speed Assistance) қарастыруда. Алайда Нью-Йорк штатында ұсынылған осындай заң жобасы баяу қаралуда. Жаңа заңның жақтастары маусым айында штаттың Сенаты демалысқа кетпей тұрып, заңды қабылдатуға әрекет жасауда.
Өткен айда Вирджиния АҚШ-та алғаш болып сағатына 160 шақырымнан асатын жылдамдықпен жүргізетіндерге GPS арқылы жұмыс істейтін шектеу құрылғыларын орнатуды міндеттейтін заң қабылдады. Бұндай міндеттеу сот шешімімен ғана іске асырылады.
Бұған дейін Вашингтон (Колумбия округі) да жүргізуші куәлігінен айырылғандарға ISA жүйесін енгізу туралы заң жобасын ұсынған болатын.
Нью-Йорк сенаторы Эндрю Гунардес «Супер жылдамдықты тоқтату» (Stop Super Speeders) атты заң жобасын ұсынды. Фото hurtcallbert.com сайтынан алынды
Нью-Йорк сенаторы Эндрю Гунардес өткен жылы «Супер жылдамдықты тоқтату» (Stop Super Speeders) атты заң жобасын ұсынды. Ол белгілі бір мерзімде 11 немесе одан көп айып ұпайы жиналған жүргізушілердің көліктеріне ISA орнатуға міндеттейді. Бұл жүйе жылдамдықты заңды шектен 8 км/сағатынан артық асырмауға мүмкіндік береді.
Анасы мен екі қызының жаяу жүргінші жолағында жүргізушінің жылдамдықты асыруы салдарынан қаза табуы сияқты резонанс тудырған оқиғалар бұл заң жобасына қоғамның назарын аудартты. Қазіргі уақытта ол Сенаттың көлік комитетінде қаралуда. Дүйсенбі күні (28 сәуір) таңертең бір топ белсенділер мен қала кеңесінің мүшелері Нью-Йорк мэриясының алдында заңды жылдам қабылдауды талап етіп жиналған.
Transportation Alternatives ұйымының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Элизабет Адамстың айтуынша:
«Біз Олбаниді «Супер жылдамдықты тоқтату» заң жобасын қабылдауға шақырамыз. Бұл Нью-Йорктің ең жауапсыз жүргізушілерінің жылдамдықты асыруын тоқтатуға бағытталған орынды заң».
ISA жүйесі көлікті жылдам жүргізуге жол бермейді. Фото wpdh.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Джорджия штаты өз заңын қабылдауға жақын. Алайда Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом өткен жылы осындай заң жобасына вето қойды. Оның ойынша, бұл Ұлттық жол қауіпсіздігі басқармасы (NHTSA) тарапынан жүргізіліп жатқан федералдық бағалауларға қайшы келуі мүмкін. Families for Safe Streets қозғалысының жетекшісі Эми Коэн былай дейді:
«Бұл заңдар әртүрлі болуы мүмкін, бірақ мәні мен мақсаттары бір. Біз сіздің көлігіңізді тартып алмаймыз. Біз тек: «Сен жолда адам өлтірмей, қауіпсіз жүруің керек» деп отырмыз».
ISA жүйелері қалай жұмыс істейді? ISA жүйелерінің бірнеше түрі бар: жылдамдықтың рұқсат етілген межеден асып кеткенін ескертетін жүйелер; көлікті жылдам жүргізуге мүлде жол бермейтін жүйелер.
2013 жылы Невадада 9 адам қаза тапқан жол апатынан кейін Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі (NTSB) ISA жүйесін міндетті түрде енгізуді ұсынған. Еуропалық одақ бұл ұсынысты жүзеге асырып, 2022 жылдан бастап өз аумағында шығарылатын жаңа автокөліктерге ISA жүйесін орнатуды міндеттеген. Сол кезде NTSB төрайымы Дженнифер Хоменди былай деген еді:
«Біз өмірді сақтап қалудың кілті – адами қателіктерден қорғауға мүмкіндік беретін технологиялық артық жүйелер екенін білеміз. Бізге жетіспейтіні – сол ұсыныстарды жүзеге асыратын ортақ ерік-жігер».
Супер-жылдамдықты ұнататындардың қатарында мәскеулік таксистер жоқ екенін мына әзіл видео дәлелдейді:
Aikyn.kz бір жыл бұрын «Әлемде 1,2 миллион адам жыл сайын жол апатынан көз жұмады. Қазақстанда 3000 адам» атты аналитикалық материал жариялады.
Жолдағы көлік жылдамдығын асырмау біздің елімізде де өзекті болып қалуда. Жылдамдықты асырған жүргізушілердің көліктеріне жылдамдықты бақылайтын интеллектуалды құралдар орнатуды міндеттеу де Қазақ еліндегі жол апаттарын азайту үшін қажет. Бұл жүйелер заңды бұзған адам көлігін ауыстырған жағдайда да өмір бойы сақталуы тиіс. Ақпараттық жүйелер мен технологиялар бұндай бақылауды іске асыруға толық мүмкіндік береді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.