АҚШ пен Украина сәрсенбі күні (30 сәуір) Вашингтонда маңызды келісімге қол қойды. Бұл құжат бойынша Құрама Штаттар Украинадағы пайдалы қазбаларды бақылауына алады.
АҚШ пен Украина Вашингтонда маңызды келісімге қол қойды
Ресей мен Украина арасындағы соғыстың тезірек тоқтауын тілейік. Сурет jasonedmiston.com сайтынан алынды
2,681
оқылды

Reuters хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz, соғыстан кейінгі украин халқының жағдайын түсіндіреді.

Вашингтонда қол қойылған келісім америкалық әскери, қаржылай көмекті қайтаруды мақсат етеді. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: U.S. DEPARTMENT OF THE TREASURY

Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатып, екі тарапты келісім үстеліне отырғызуға күш салып жатқан президент Трамп бір мақсатына жеткен сияқты.

Шикізатты бақылауға алу арқылы, Америка өзінің соғысқа жұмсаған қаржысын қайтаруға және Украинаны қалпына келтіруге арналған инвестициялық қор құруға украиналық билікті көндірді. Бұл келісімді АҚШ президенті Дональд Трамп белсенді түрде қолдаған болатын.

Келісімге қол қою бірнеше айға созылғаны белгілі. Ақ үйдегі Украина президентімен болған сөз талас пен шиеленіскен келіссөздерден кейін келісім бірнеше рет өзгерген.

Келісім аясында Украинаны қалпына келтіруге арналған бірлескен инвестициялық қор құрылды. Бұл Трамптың Ресей мен Украина арасындағы үш жылдан бері жалғасып келе жатқан соғысты бейбіт жолмен реттеу бағытындағы әрекеттерінің бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.

Келісім Киевтің Трамппен және Ақ үймен қарым-қатынасын қалпына келтіруге көмектесуі мүмкін. Украина жағы болса бұл құжат АҚШ тарапынан Ресейге қарсы әскери қолдау жалғасады деп үміттенеді.

Свириденконың айтуынша, келісім аясында АҚШ тарапы инвестициялық қорға тікелей қаржылай үлес қоса алады. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: U.S. DEPARTMENT OF THE TREASURY

30 сәуірде аталған келісімге АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент пен Украина Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Юлия Свириденко қол қойған. АҚШ Қаржы министрлігі бұл келісімді «Трамп әкімшілігінің Украинаның еркін, егеменді және гүлденген болашағына адалдығының айқын белгісі» деп атады.

Свириденконың айтуынша, келісім аясында АҚШ тарапы тікелей қаржылай үлес қоса алады. Әрі болашақта қосымша көмек, мысалы, әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерімен қамтамасыз ету де қарастырылуы мүмкін. Бірақ бұл ұсынысқа Вашингтон тікелей жауап бермеген.

Киль институтының (Германия) деректеріне сүйенсек, АҚШ – 2022 жылы Ресеймен соғысқа Украинаға ең ірі әскери донор ретінде жалпы көлемі 72 миллиард доллардан асатын көмек көрсеткен.

Трамп сәрсенбі күні (30 сәуір) АҚШ-тың көмегі үшін қандай да бір қайтарым болуы тиіс екенін тағы да қайталап, Украинаның сирек кездесетін пайдалы қазбаларына қол жеткізуді маңызды мақсат ретінде атап өткен. Яғни, америкалық көмектің қайтарымы болуы керектігі анық айтылған.

Украина үкіметі басшысының бірінші орынбасары жер қойнауының ел меншігінде қалатынын айтады. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: U.S. DEPARTMENT OF THE TREASURY

Свириденко келісімнің Украинаға қайда және нені өндіруді өзі шешуге мүмкіндік беретінін, жер қойнауының ел меншігінде қалатынын айтады.

Украинада сирек кездесетін металдар, темір, уран, табиғи газ сияқты үлкен ресурстық қор бар. Олар электроника, электр-көліктер, әскери өнеркәсіп сияқты салаларда маңызды. Қазіргі таңда бұл салада Қытай әлемдік көшбасшы болғанымен, ол АҚШ-пен сауда соғысы жағдайында тұр.

Свириденко келісім Украинаның АҚШ алдында қарыздық міндеттемелерін тудырмайтынын баса айтқан. Бұл келіссөздердегі ең маңызды тармақтардың бірі болған. Сонымен қатар, құжат Украина Конституциясына және ЕуроОдаққа кіру стратегиясына қайшы келмейді.

Келісімдегі минералды ресурстар мәселесі мен бейбіт бастамалар бөлек талқыланғанымен, бұл Вашингтонның Украина мен Ресейге қатысты жалпы ұстанымын көрсетеді. Трамптың Ресейге бағытталған саясатты жұмсартқаны, сондай-ақ Зеленскийді айыптаулары бұған дейін де сынға алынған болатын.

 

АҚШ-тың бейбіт ұсыныстары Қырым мен тағы төрт облысты Ресейдің бір бөлігі ретінде тануды қарастырады. Алайда Зеленский бұл шартты Украина Конституциясына қайшы және мүлде мүмкін емес деп мәлімдеген.

«Бұл келісім – жаһандық серіктестерге Украинамен ұзақ мерзімді, сенімді ынтымақтастықтың мүмкін және маңызды екенін білдіретін белгі», – деп жазған Юлия Свириденко әлеуметтік желіде.

Вашингтонда қол қойылған келісімге АҚШ-тың Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беретін баптар енгізілмеген. Украина бұл мәселені еуропалық одақтастарымен бөлек талқылап, бейбіт келісім жасалса, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін халықаралық күш құру мүмкіндігін қарастыруда. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың тезірек тоқтауын тілейік.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.