Соңғы жылдары темекі индустриясы жаңа өнімдер арқылы тұтынушыларды қызықтыруда. Соның бірі – қыздырылған темекі өнімдері. Ғалымдар оның өте қауіпті екенін айтуда.
EVALI адам өмірін қысқарта ма?
Нью-Йорк тұрғыны 18 жастағы студент Сима Герман жансақтау бөлімінде: «Мен вейпке қарсы науқан бастағым келеді». Фото dailymail.co.uk сайтынан алынды
1,984
оқылды

BBC News жариялаған зерттеу мақаласына сілтеме жасаған Aikyn.kz, темекіні қыздыратын өнімдердің қаупін талдайды.

Темекіні өртеудің орнына қыздырып шегу қауіпті. Фото pedestrian.tv сайтынан алынды

Philip Morris International (PMI) компаниясының IQOS құрылғысы – темекіні өртеудің орнына қыздыру арқылы бу шығаратын жүйе. Бұл өнімдер бастапқыда сигаретті тастауға көмекші ретінде ұсынылса да, олардың денсаулыққа тигізер әсері туралы жиі айтыла бастады.

Темекіні өртеудің орнына қыздыру зиянды заттар мөлшерін азайтады деп жарнамалануда. Ал медицина саласы мұндай өнімдердің де қауіпті екенін ескертуде. IQOS және басқа ұқсас құрылғылардың түтіні болмаса да, оларда зиянды химиялық қосылыстардың бар екенін көптеген зерттеулер дәлелдеген. Әсіресе, жасөспірімдер мен бұрын-соңды темекі шекпеген адамдар арасында бұл өнімдердің танымал болуы алаңдаушылық тудырады.

Мәселен, Италияда жүргізілген зерттеу нәтижесінде қыздырылған темекі өнімдерін пайдаланған жастардың алты ай ішінде кәдімгі сигаретке өту ықтималдығы 5,8 есе жоғары болған. Бұл өнімдердің есік ашар (gateway) рөл атқаруы мүмкін екенін көрсетеді.

Темекі индустриясы бұл өнімдерді зиянды әсері аз балама ретінде насихаттағанымен, зерттеушілер бұны шындыққа жанаспайтын маркетингтік стратегия ретінде бағалайды. Темекі индустриясындағы белгілі брендтер инфлюенсерлер, сән көрсетілімдері мен музыкалық фестивальдер арқылы жастарды қызықтырып келеді. Бұл әсіресе жастарды тәуелділікке итермелеуі мүмкін.

Түрі мен түсі әдемі көрінгенмен екеуі де адам өмірін қысқартуға арналған. Фото vapeuk.co.uk сайтынан алынды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) қыздырылған темекi өнімдерінің бағасы кәдімгі темекіге қарағанда төмен болғандықтан, темекі тұтынуын қысқартуға бағытталған шараларға кері әсер етуі мүмкін екенін ескертуде. Сондай-ақ, аэрозоль құрамында көптеген канцерогенді және тітіркендіргіш заттар табылған. Кейбір зерттеулер бұл құрылғылар кәдімгі темекіге қарағанда зияны аз екенін көрсеткенімен. Бірақ бұндай зерттеулер темекі компаниялары тарапынан қаржыландырылған. Бұны да ескеру қажет.

Тәуелсіз зерттеулер болса бұл өнімдердің қауіпсіз еместігін және олардың ұзақ мерзімді әсері әлі де жеткілікті зерттелмегенін алға тартады.

2017 жылы швейцариялық ғалымдар тобы IQOS құрылғылары шығаратын түтінді зерттеді. Олар бұл түтінде кәдімгі темекі түтінінде кездесетін канцерогенді заттар, оның ішінде формальдегид, ацетальдегид және акролеин бар екенін анықтады. Бұл заттар адам ағзасына өте зиянды, әсіресе тыныс алу жүйесіне. 

2024 жылы жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сүйенген Миландағы Фармацевтикалық зерттеулер институтының эпидемиологі Сильвано Галлус: «IQOS зиянды заттардың мөлшерін төмендетуі мүмкін, бірақ бұл оны қауіпсіз етеді деген сөз емес», – дейді.

Афина ұлттық техникалық университетінің инженер-химигі Эфтимиос Зервас жүргізген зерттеулер қыздырылған темекі өнімдерінің аэрозольдарында микробөлшектер мен улы заттардың концентрациясы жоғары екенін анықтаған. Бұл бөлшектер өкпеге терең еніп, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесіне елеулі зиян келтіруі мүмкін. Сонымен қатар, бұл бөлшектер қоршаған ортаға да теріс әсер етеді.

EVALI (E-cigarette or Vaping product use-Associated Lung Injury) – бұл электронды сигареттер мен вейпинг өнімдерін қолданғаннан болатын өкпе ауруы. Фото blogs.bcm.edu сайтынан алынды

FDA (АҚШ-тың тағам және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы) IQOS-ты нарыққа шығаруға рұқсат бергенімен, оны қауіпсіз деп мойындамайтынын ресми мәлімдеді. Осы басқарма темекі өнімдерінің ешқайсысы қауіпсіз емес екенін айтады.

Сонымен қатар, қыздырылған темекі өнімдерін қолданушылардың көбі кәдімгі темекіні де қатар тұтынады. Бұл жағдай тұтынушылардың тәуелділік деңгейін күшейтіп, денсаулыққа зиянды әсерді арттырады. Демек, өнімнің зиянды заттары аз болғанымен, оны шылыммен бірге қолдану әсері екі есе зиян болуы мүмкін.

Campaign for Tobacco-Free Kids ұйымының атқарушы вице-президенті Йолонда Ричардсон: «Темекі индустриясы бұл өнімдерді зиянсыз етіп көрсетуге тырысады. Бірақ бұл тек маркетинг. Шын мәнінде, біз жастарды жаңа тәуелділікке итермелеп отырмыз. Біз бұл өнімдерге нақты ғылыми баға бермей тұрып, оларды нарықтан шектеуіміз керек», – дейді.

Жалпы, зерттеушілер мен қоғамдық денсаулық сақтау мамандары бұл өнімдердің қауіпті екенін мойындайды және тұтынушыларды, әсіресе, жастарды темекінің кез келген түрінен толықтай бас тартуға шақырады. Бұл құрылғылардың қауіпсіздігі дәлелденбейінше, оларды нарыққа шығару – қоғам денсаулығына төнген жаңа қауіп болып қала береді.

EVALI адамды өмірімен қоштасуға асықтырады. Иллюстрация hi-news.ru сайтынан алынды

Қазақстандағы жағдай қандай?

Қазақстанда қыздырылған темекі өнімдері мен вейптерге қатысты заңнамалық талаптар әртүрлі. Елімізде қыздырылған темекі өнімдерін (мысалы, IQOS) сатуға рұқсат етілгенімен, бірқатар шектеулер бар. Бұндай өнімдерді 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған, интернет және автоматтар арқылы сатуға болмайды. Дүкен сөрелерінде өнімдерді ашық көрсетуге тыйым салынып, жабық орындарда, жұмыс орындарында және қоғамдық көлікте қолдануға шектеулер қойылған.

2024 жылғы сәуірдегі заңға сәйкес вейптерге (электронды темекі, никотинді/никотинсіз сұйықтықтар) толық тыйым салынған. Оларды сатуға, таратуға, импорттауға және өндіруге болмайды, толық тыйым салынады.

Вейп те, қыздырылған темекі де өкпе, жүрек-қан тамырларына зиянды. Фото sotni.ru сайтынан алынды

Қысқаша анықтама

Қыздырылған темекі – бұл арнайы құрылғыда (мысалы, IQOS) 250–350°C температурада қыздырылатын нақты темекі жапырағынан жасалған өнім. Темекі күймейді, тек қызады, нәтижесінде бу немесе аэрозоль түзіледі. Бұл бу құрамында никотин және басқа да химиялық заттар болады. Темекі индустриясы мұны зияны аз балама ретінде ұсынғанымен, ғылыми зерттеулер оның денсаулыққа тигізетін әсері туралы күмәнді нәтижелер көрсетуде.

Вейп (электронды сигарет) – бұл құрамында никотин бар немесе никотинсіз сұйықтықты буға айналдыратын электронды құрылғы. Мұнда темекі жапырағы мүлде қолданылмайды. Вейптер көбінесе тәтті, жеміс немесе ментол дәмімен ұсынылады, сондықтан олар жастар арасында кең таралған. Алайда, вейп те өкпе, жүрек-қан тамырлары жүйесіне кері әсер етуі мүмкін, әсіресе ұзақ мерзімді қолдану жағдайында. 

Жексенбілік әзіл контент, сізге таныс адамдарды есіңізге түсіруі мүмкін:2019 жылы EVALI ауруы алғаш рет АҚШ-та тіркелді. Ауру құрамында тетрагидроканнабинол (THC) және Е витаминінің ацетаты бар сұйықтықтарды пайдаланумен байланысты болған. EVALI (E-cigarette or Vaping product use-Associated Lung Injury) – бұл электронды сигареттер мен вейпинг өнімдерін қолданғаннан болатын өкпе зақымдануы. EVALI-дің негізгі белгілері – жөтел, ентігу, кеуде ауыруы, қызу, жүрек айнуы және салмақ жоғалту.

Қыздырылған темекі – темекіні қыздыру арқылы никотин буын шығаратын өнім. Вейп – сұйықтықты буға айналдыратын құрылғы, темекі жапырағы болмайды.

Екеуінің де ортақ қаупі – никотиндік тәуелділік және денсаулыққа ұзақ мерзімді әсерінің толық зерттелмегендігі. Екеуі де жастар үшін өте қауіпті, тез тәуелді жасап, ағзаға орасан зор зиян келтіреді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.