Жиырма жыл бойы өзін жыланға шақтырған америкалықтың қанынан бұрын-соңды болмаған у қайтарғыш жасалды. Бұны ерлік деп бағалауға бола ма?
200 рет жыланға шағылған адамның қанынан ерекше у қайтарғыш (антидот) жасалды
2,708
оқылды

BBC News жариялаған зерттеуге сілтеме жасаған Aikyn.kz, әртүрлі жыландардың уынан қорғайтын у қайтарғыштың әсерін талдайды.

Қазіргі антидоттар жылан уының аз мөлшерін жылқы сияқты жануарларға енгізу арқылы жасалады. Фото africansnakebiteinstitute.com сайтынан алынды

Тим Фриде есімді ер адамның қанындағы антиденелер зертханада жануарларға жүргізілген сынақтар өлімге әкелетін дозадағы түрлі жыландардың уынан қорғай алатыны дәлелденген.

Қазір жылан шағып алғанда оны емдеу үшін сондай жыланның уына сәйкес препарат болуы керек. Алайда 18 жыл бойы өзін жыланға шақтырған Тим Фриденің тәжірибесі жыл сайын 140 000 адамның өліміне себеп болатын және тағы үш есе көп адамды мүгедек ететін жылан шағу жағдайларына қарсы әмбебап у қайтарғыш болуы мүмкін.

Оны 200-ден астам рет жылан шаққан және әлемдегі ең уытты жыландардың (мамбалар, кобралар, тайпандар, крайттар) уын 700 рет өзіне енгізген.

Алғашында Фриде жыландардан қорғау үшін өзіне иммунитет қалыптастыруды мақсат еткен және өз әрекеттерін YouTube арнасына жүктеп отырған. Бірақ бұрынғы жүк көлігі механигі «бастапқыда эксперименттерін дұрыс істемегенін» айтады. Екі рет қатарынан кобра шаққаннан кейін ол комаға түскен.

«Мен өлгім келмеді. Саусағымнан айырылғым келмеді. Жұмысымды жоғалтқым келмеді», – дейді ол BBC-ге берген сұхбатында.

Фриденің басты мотивациясы – әлемнің басқа бөліктеріндегі адамдар үшін тиімді емдеу жолдарын дамыту. «Бұл өмір салтына айналды, мен адамдарға көмектескім келді. Олар менен 10 000 шақырым алыс тұрса да, жылан шаққаннан қаза табуда», – дейді ол.

Тим Фридені (ортада) 200 рет жылан шаққан және ол әлемдегі ең уытты жыландардың (мамбалар, кобралар, тайпандар, крайттар) уын 700 рет өзіне енгізген. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Jacob Glanville

Қазіргі антидоттар жылан уының аз мөлшерін жылқы сияқты жануарларға енгізу арқылы жасалады. Жануарлардың иммундық жүйесі уға қарсы антидене шығарып, солар адамдарға ем ретінде қолданылады. Алайда у мен антидот нақты сәйкестендірілуі керек, себебі түрлі жыландардың уларының құрамы да әртүрлі. Тіпті бір жыланның уы да аймақтық айырмашылықтарға ие. Мысалы, Үндістанда жасалған антидот Шри-Ланкадағы сол жыланның уына қарсы тиімсіз болуы мүмкін.

Зерттеушілер удың ерекше белгілеріне емес, керісінше бүкіл токсин класына ортақ бөліктеріне бағытталған «кең бейімділікке ие антиденелерді» анықтағысы келеді. 

Осындай кезеңде америкалық Centivax биотехнологиялық компаниясының бас директоры доктор Джейкоб Гланвилл Тим Фридемен кездеседі.

«Егер әлемде мұндай кеңінен қолдануға болатын антиденелерге ие адам болса – ол дәл осы Тим. Бірінші рет хабарласқанда: «Бұл ыңғайсыз болып көрінуі мүмкін, бірақ сенің қаныңнан біраз алғым келеді» дедім», – дейді ғалым.

Фриде келісіп, зерттеу этикалық мақұлдаудан өтеді, өйткені тек қан алынып, у енгізілмейтін болды.

Зерттеу аспид тұқымдасына (улы жыландар тұқымдасы) – коралл жыландары, мамбалар, кобралар, тайпандар мен крайттар сияқты уытты жыландарға бағытталған. Бұл жыландар у ретінде негізінен нейротоксиндерді қолданады, олар құрбандарын сал қылып, тыныс алуға жауап беретін бұлшықеттерді бұғаттайды.

Қара мамба жыланы әлемдегі ең улы саналады. Ғалымдар жасаған коктейль 19 жылан түрінің 13-інен қорғайды. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Ғалымдар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ең қауіпті деп таныған 19 аспид түрін таңдап алды. Олар Тим Фриденің қанында қорғаныс қасиетіне ие антиденелердің бар-жоғын тексерді.

Cell журналында жарияланған зерттеуде екі кең бейімділікке ие антидене анықталды, олар нейротоксиндердің екі класына әсер ете алды. Үшінші токсин класына қарсы әсер ету үшін тағы бір препарат қосылып, антидот коктейлі жасалды. Тышқандарға жүргізілген тәжірибелерде бұл коктейль 19 жылан түрінің 13-інен өлімге әкелетін у дозасынан қорғады, қалған алтауынан ішінара қорғау көрсетті.

Доктор Гланвиллтің айтуынша, бұл – «бұрын-соңды болмаған» қорғаныс және қазіргі таңда антидоты жоқ аспидтерге де көмектесе алады.

Команда антиденелерді жетілдіріп, төртінші компонент қосу арқылы аспид уынан толық қорғанысты қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Жыландардың тағы бір класы – гадюкалар – негізінен гемотоксиндерді қолданады. Олар қан жүйесіне әсер етеді. Жалпы алғанда, жылан уында токсиндердің он шақты негізгі класы бар, соның ішінде жасушаларды тікелей жоятын цитотоксиндер де бар.

Колумбия университетінің зерттеушісі, профессор Питер Квонг: «Келесі 10–15 жылда біз бұл токсиндердің әр класына қарсы тиімді дәрі шығара аламыз деп ойлаймын», – дейді.

Антидотты адамдарға қолдану алдында әлі де көп жұмыс пен сынақ жүргізу қажет. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Jacob Glanville

Ғалымдар Фриденің қанынан тағы да ерекше антиденелер іздеуді жалғастыруда. «Тимнің антиденелері ерекше – ол өзінің иммундық жүйесін өте көп уға қарсы тұруға үйреткен», – дейді профессор Квонг.

Түпкі мақсат – барлық жылан уына қарсы әмбебап антидот немесе аспидтер мен гадюкаларға арналған жеке инъекция жасау.

Ливерпуль тропикалық медицина мектебіндегі жылан шаққанға қарсы зерттеу орталығының жетекшісі профессор Ник Кейсвелл бұл тәсілдің қорғау ауқымы «шын мәнінде жаңа» екенін және оның тиімділігіне «берік дәлел» барын айтады. 

«Бұл салада үлкен алға ілгерілеу бар екені сөзсіз», – дейді ол.

Алайда ол бұл антидотты адамдарға қолдану алдында әлі де көп жұмыс пен сынақ жүргізу қажет екенін ескертті.

Ал Тим Фриде үшін бұл жетістік: «Мен адамзатқа пайдалы бір іс жасап жатырмын – бұл мен үшін өте маңызды. Мен бұған мақтанамын. Бұл өте керемет», – дейді ол. 

Жүздеген мың адамның өмірін сақтауға арналған препарат жасауға көмектескен азаматтың бұл ісін ерлік деп айтамыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.